Sport

Үш құрлықтың үздіктері

F тобы: Германия. Мексика.Швеция. Корея

Үш континент күштілерінің керуенін түзіп отырған бұл топ ең ұйымшыл шоғыр ретінде атап өтіліп отыр. Әңгіме мұндағы командалардың белгілі бір тәртіпке бағынатыны туралы ғана емес. Оны қатты ұстанатын немістердің өзі бүгінде еркіндеу ойнауға көшіп кеткен. Гәп құрамалардың ойын модельдерін құруларында. Айталық, шведтер қорғанысқа қаттырақ көңіл бөледі. Корейлер жылдам қауырт шабуылдардан нәпаха іздейді. Мексикалықтар алаңның ортасында қақпақылдап, бір-бірлеріне доп бергенге әуес. Бірақ бұлардың арасында бәрібір немістердің десі басым. Сірә, одан кейінгі орынға Мексика таласатын шығар.

Германия құрамасы

Германия құрамасы іріктеу турнирінде өзінің нағыз әлем чемпионы екенін танытып, барлық 10 матчта да жеңіске жетті. Ол соғылған гол (43) жағынан да рекорд жасады.
«Неміс машинасы» әлем чем­пионы атанудың саны жағынан Бразилиядан кейін Италиямен бірге екінші болып тұр, команда мұндай атаққа 4 рет (1954, 1974, 1990, 2014) қол жеткізді. Енді осы жолы алса, басты бәсекелесімен теңеседі. Бұдан бөлек, 1 мәрте (2017) Конфедерация кубогын ұтып, 3 рет (1972, 1980, 1996) Еуропаның чемпионы, 1 сапар (1976) Олимпиада чемпионы болды.
Немістердің іріктеу турнирінен шыға алмай қалған кезі болған емес. Олар 1930 жылы Уругвайда өткен бірінші чемпионатқа экономикалық, 1950 жылы Бразилияға Екінші дүниежүзілік соғыстан ке­йін ұлттық федерацияның болмауы себептерінен ғана бара алмады. Сонымен, енді 13-інші жаһандық жарыстарына қатысқалы отыр.

Мексика құрамасы

Мексикалықтар КОНКАКАФ-та алдына команда салған жоқ. Олар өткен жылдың қыркүйегінде іріктеу турнирі аяқталуға 3 тур қалғанда, жолдаманы қамтамасыз етті. Құрама содан кейін АҚШ, Коста-Рика және Панама жасақтарымен өткен шешуші раундта да ұтылған жоқ. Сөйтіп, чемпионатқа 16-ншы мәрте жолдама алды.
Бұған дейінгі 6 финалдық турнирде Мексика 1/8 финалға шығып отырды.
Команда КОНКАКАФ Кубогын 10 рет (1965, 1971, 1977, 1993, 1996, 1998, 2003, 2009, 2011, 2015) ұтып алған, 2012 жылы Олимпиада чемпионы болды.

Швеция құрамасы

Осы Швеция құрамасы Италия­ның мундиальға барар жолын кесіп, басты сенсациялардың бірін жасады. Ол топтық ойындардан кейінгі қайтпа-қайт матчтарда әлемнің 4 дүркін чемпионын жолдан қағып тастады. «Тре Крунурдың» топтағы жеңісін де ерекше атап өтуге болады. Ол француздарды алға жіберіп қойғанымен, нидерландтарды артта қалдырды.
Шведтер осымен 12-нші рет жаһандық додаға қатысқалы тұр. Бұл жолы оларға құрамада ойнаудан бас тартқан Златан Ибрагимовичсіз қиын соғуы да мүмкін.
Скандинавтар 1 рет (1958) өз елінде өткен чемпионатта бразилиялықтарға жол беріп, үшінші болып қалса, 1950, 1994 жылдары қола жүлде алды. Ал 1948 жылы Олимпиадада топ жарды.

Корея құрамасы

Корея құрамасы електік топ турнирінде Иран командасынан кейінгі екінші орынға жайғасты. Бірақ басты бәсекелесінен 7 ұпай қалып қойды. Ол 10 ойынның 4-еуінде жеңіске жету арқылы Ресейге жолдама алып шықты.
Алдағы әлем чемпионаты корейлер үшін 10-ыншы бәсірелі бәсеке болады. Азия құрлығында әзірге бірде-бір құрама мұндай табысқа жеткен жоқ. Команда 2002 жылы өз алаңында өткен аламанда ең үлкен табысына жетті. Голланд маманы Гус Хиддинк жаттықтыр­ған құрама жолай итальяндар мен испандарды жолдан шығарып тастап, жартылай финалға дейін барды. Бірақ мұнда оларға төрешілердің де ықпалы аз болған жоқ.
Корея құрамасы Азияда екі рет – 1956, 1960 жылдары чемпион болған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button