Жаңалықтар

Зейнеткерлер ауласын қардан тазартты

Жылдағы дәстүр бойынша «Астана жастары» жастар ресурс­тық орталығының еріктілері жалғыз тұратын зейнеткерлердің аулаларын қардан тазартты. Қаладағы қар тазалау шарасына 30-ға жуық ерікті қатысты.

[smartslider3 slider=1879]

Әдетте, қар жинау жұмыстары еріктілердің жұмыс көлеміне байланысты ұйымдастырылады. Алдымен олар көмекке мұқтаж қарттардың кестесі мен тізімдерін жасайды. Кейін кесте бойынша олардың үйлеріне барып, қолғабыс етеді.

– Жалғызілікті ата-әжелердің, зейнет­керлердің ауласын көктемде су басып қалмас үшін біз олардың аулаларын қардан тазартуға көмектесеміз. Мұндай шаралар үнемі өткізіліп тұрады, сондықтан бұл – біз үшін үйреншікті іс, – деді «Астана жастары» ЖРО маманы Дамир Айтымов.

Жалғыз тұратын зейнеткерлер болса еріктілердің қамқорлығына риза.

«Осындай жастарды өсіріп, дұрыс тәрбие берген ата-аналарға алғыс айт­қым келеді. Амалсыздан көмек сұрадым, өйткені қар жауған күндері аулам қарға толып кетеді. Күн жылынса, судың астында қаламыз ғой. Соны ойлап, жастар орталығына өтініш білдіріп едім, көп ұзамай бір топ ерікті көмектесуге келді. Үлкендердің айтқанын жерге тастамай, қашан да қол ұшын созуға дайын осындай жастарымыз аман, бақытты болсын» деді қала тұрғыны, зейнеткер Нұргүл Оспанова.

Сонымен қатар ол қала әкімдігіне «Көктал-1», «Көктал-2» елді мекендерін абаттандырғаны үшін алғысын жеткізді.

– Сарыарқа ауданындағы «Көктал-1», «Көктал-2» елді мекендерінде балалар алаңын, саябақ салғаны үшін аудан әкіміне алғысымды білдіремін. Сол сияқты бұрын балаларымыз автобус күтіп, тоңып қалады деп алаңдайтын едік. Бүгінде аудан әкімдігінің қолдауымен бізге жылы аялдама орнатып берді. Жақында жолымызды да жөндеп берді. Жағдайдың бәрі ақырындап жасалып жатыр. Сол үшін әкімдіктегілерге айтар алғысым шексіз, – деді зейнеткер.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button