Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жайнай бер, бас қалам, Астанам!

Ежелгі Ақмола, кейін Целиноград, ал 2019 жылдан Нұр-Сұлтан атанған қалаға бұрынғы Астана атауы қайта берілді. Мен осындай тарихы мол дархан дала – Сарыарқа төсінде орын тепкен, ерке де сұлу Есіл бойын құт мекен еткен, бүгінде егемен еліміздің бас қаласына айналған елордада туып-өскенімді мақтан тұтамын.

Сөз жоқ, өткен ғасырдың елуінші жылдары Ақмолада тас төселген бір ғана Октябрь, қазіргі М.Әуезов көшесі болғанын біреу білсе, біреу білмес. Үш қабатты үш-ақ ғимарат болды. Бірі Абай мен Жеңіс даңғылының (бұрынғы Ленин мен Спортивный көшелері) қиылысында орналасқан теміржол басқармасының әкімшілік ғимараты, екіншісі – Желтоқсан, бұрынғы Комсомол көшесіндегі С.Киров атындағы мектеп және Кенесары, бұрынғы К.Маркс көшесі бойындағы облыстық тұтынушылар одағының үйі еді.

Қалада қоғамдық көлік төрт-ақ бағытта қатынады. Олар: №3 базар – вокзал, №4 вокзал – Машгородок, №7 базар – райгородок және №10 вокзал – Аэропорт аралығын қамтитын. 1961 жылға дейін Жеңіс даңғылы бойымен вокзалдан қаланың орталығына дейін адам таситын төрт вагоннан құралған жолаушылар көлігі болды.

Ал мәдени ошақтар қатарында «Заря», «Родина», «Октябрь» атты кинотеатрлар жұмыс істеді. «Октябрь» кинотеатрының ғимараты бүгінгі күнге дейін сақталған. Қазір онда «Европа палас» атты мейрамхана ашылды.

Сол сияқты облыс орталығы болған Ақмолада бес-алты орта мектеп болды. Бір қызығы, 1953 жылға дейін қыз балалар бөлек оқыды. Мен дәріс алған Сталин атындағы №2 мектепте ұлдар, ал Жамбыл атындағы №4 мектепке қыздар баратын. Жамбыл мектебінің бөренеден салынған бір қабатты екі үйі өткен тарихтың куәсіндей Отырар көшесінде әлі бар.

Қала тұрғындары саны тоқсан мыңнан сәл асатын. Кейін тың өлкесі құрылып, оның орталығы болған Целиноградта тұрғындар саны екі жүз отыз мыңға жетті. Бүгінгі таңда әлем таныған Қазақстанның астанасы барлық халықаралық талаптарға сай үлкен деңгейдегі мегаполиске айналды. Үздік сәулетшілер мен архитекторлардың қиялынан туған зәулім де биік ғимараттар, кең де бір-біріне ұқсамайтын әсем көшелер, гүлзар толы саябақтар Астанаға ерекше сән беріп тұрғаны айдан анық. Бір «Бәйтеректің» өзі туған қаламның атын айрықша асқақтатып тұр. Астана «Әлем қаласы» деген құрметті атаққа ие болды. Бүгінде қалада бір миллионнан астам халық тұрады.

Төмендегі өлең жолдарын кереметтей жайнап, қарыштап өскен қалама арнап жазған жыр шашуым деп қабылдағайсыздар:

Астана – нұр сәулелі шұғыла,

Тамсандым мен биігі мен шыңына.

Астана – дариясы шаттықтың,

Барша халық еңбек еткен жұмыла.

 

Астана – ақиқаттың тынысы,

Оның мәңгі өрлей бермек тың күші.

Астана – болашақтың қаласы,

Бұған айғақ жастарымның игі ісі.

 

Астана – Қазақстан жүрегі,

Барлық үлкен ісіміздің тірегі.

«Жайнай бер, бас қалам, Астанам!»

Миллиондардың өзіңе айтар тілегі.

 

Астана – бар бақыттың бұлағы,

Астана – жаңа өмір шырағы.

Егемен елге нұрын төгіп сол шуақ,

Қазағымның салтын құрады.

Бименде ҚАЗАНҚАП, Зейнеткер

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button