Басты ақпаратРуханият

Жаңа заманның кейіпкерлері

Жуырда белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Ащы да тәтті өмір» деген бір атпен екі прозалық кітабы жарық көрді.


Бұл қос жинаққа қаламгердің кейінгі жылдары соны леп, формасы өзгеше әдіспен жазылып, өзіміз өмір сүріп жатқан уақыттың өзекті мәселелерін толғаған қысқа романдары топтастырылған.
Прозашының «Олигарх және олимп» деген роман-элегиясында қалтасы қалыңдап, дәулеті тасығаннан кейін шетелге қоныс аударған бизнесменнің басынан өткен шым-шытырық оқиғалары баяндалады. Шығармадағы бас кейіпкер, бір кездегі ауылдың қара домалақ баласы Оспан жаңа заман келгенде нарықтық қатынастың қыр-сырын тез меңгеріп, жеке кәсіп ашып, ол кәсібі орайынан келіп, жағдайы жақсарып, өрге тасы домалап, олигархқа айналады. Кейінірек шетелден жаңа әріптестер тауып, бірде Американы, бірде Англияны аралап, абыройы аспандайды. Тіпті, ол өзін шетелдік достарының айтуына ыңғайлы болу үшін әке-шешесі азан шақырып қойған есімін Аспан деп өзгертіп алады. Ақыры, ол АҚШ-тағы Н. провинциясының тұрғынына айналып, туған елінен жырақта өмір сүре бастайды. Бірақ автор романның түйінінде кейіп­керінің өз Отанына оралуға ниеттенген пейілін астарлы оймен жеткізеді. Ал «Интерадам» роман-әфсанасында қазіргі кездегі барша адам баласының ақыл-ойын шырмап алған ғаламтордың жақсы жақтарымен бірге үлкен психологиялық кедергілері жөнінде ой толғайды. Шын мәнінде, бұл шығарманың көтерген әлеуметтік жүгі ауыр. Бұл тақырып бұған дейін әдебиетімізде көтерілген жоқ, сонымен де тың дүние деуге болады.
«Көлеңке-келіншек» атты романында оқиға желісін Байжұман есімді кейіпкер арқылы жеткізеді. Ойы толысқан, орта жастағы азамат. Екі баласы бар. Кәсіпкер. Шетелде оқитын қызына барам деп сапарға шыққан жары – Бижамал оқыс­тан ұшақ апатынан қайғылы қазаға ұшырайды. Төтеннен келген соққы Байжұманды есеңгіретіп жіберді. Өмірдің бар қызығын бірге кешіп келе жатқан жарынан айырылу орта жасқа келген ер-азаматқа оңай емес. Талай азапты күндерді бастан кешеді. Балалардың қызығы өзімен. Бәрінен бұл қайғы Байжұманға батты. Бір сәт болса да есінен Бижамалдың бейнесін шығармайды. Қайта күн өткен сайын оған деген махаббаты мен сағынышы үдей түседі. Автор сол сезімді тұшымды бейнелейді. Роман психологиялық иіріммен жазылған. Алып-жұлып бара жатқан шиеленісті оқиға жоқ. Фәнидегі адам мен бақиға озған марқұм арасындағы диа­логтар арқылы өрбиді. Бұл туындының өзегі драмалық қойылымға жақын.
Сондай-ақ қаламгердің «Бумеранг» деген романы да – тәп-тәуір дүние. Хат түрінде жазылған туынды бала күнінде тай-құлындай тебісіп бірге өскен үш достың есейе келе үш жолға түскен өмірлерін сөз етеді. «Жатпланеталық жігіт» роман-хикаясының да айтар ойы салмақты.
Танымал жазушы Алдан Смайыл Әлмашұлының шығармашылығы жайында: «Жаңа заманға жаңа жанрлар керек те шығар. Сол тұрғыдан келгенде Жолтайдың талпыныстары дұрыс. Оның соңғы жазған шығармалары біздің бойымыздағы кейінгі өзгерістерді айтуға ыңғайлы екен» деп дәл айтыпты.
Ендеше, оқырманға жол тартқан қос кітаптан автордың ащы да тәтті өмір кешіп жүрген жаңа заманнан кейіпкерлерін жақын тани түсесіз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button