Басты ақпаратҰлт ұпайы

Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ: Ұлт саулығы – мемлекет байлығы

Тәуелсіздік алғаннан бастап бүгінге дейін еліміздің денсаулық сақтау саласында 6 бағдарлама қабылданыпты. Әрқайсысы 5 жылдық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылған жұмыстар еліміздің денсаулық сақтау саласындағы түрлі реформаларға әкелді. Бастапқыда отандық медицина елдегі барлық сала секілді өте ауыр жағдайда болды. 68 жылдық ғұмырының 43 жылын осы саланы дамытуға арнап келе жатқан медицина ғылымының докторы, профессор, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Ломоносов» және «Гиппократ» ордендерінің иегері Жақсылық Досқалиевпен еліміздің бүгінгі денсаулық сақтау саласындағы мәселелері мен жетістіктері туралы сұхбаттасқан едік. 

– Бұл саланың даму барысын майталман маман ретінде де, сала тірлігіне тікелей араласқан экс-министр ретінде де жақсы бағамдап білесіз. Саланың қандай жетістіктері мен мәселелерін атап айтар едіңіз?

– Егемендік алғаннан кейін қай бағытта дамимыз деген үлкен сұрақ тұрды. Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына өтуге ұмтылуға шешім қабылдады. Ал ол мемлекеттердің бәрінде нарықтық экономика еді. Бізде де нарықтық экономика жолын таңдауға елдің бәрі қолын көтерді. Сол бағытта дамитын болғаннан кейін олардың бүкіл тәжірибесін алуға тура келді. Кейбір тұстары бізге сәйкес келсе, кей тұсы сәйкес емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін дәрі-дәрмек жетіспеді, туберкулез, қант диабеті сынды ауру­лар өршіп тұрды, қатерлі дерттерге қарсы екпе жасау қаржының тапшылығынан мүмкін болмады. Осының салдарынан адамдардың өлімі артты. 1998 жылы қабылданған Халық денсаулығы бағдарламасы бұл жағдайдың себебін айқындап, сала жұмысын жүйелеуді көздеді. 2004 жылға дейінгі аралықты қамтыған осы шара денсаулық сақтау ісіндегі реформаның басы болды. Сөйтіп одан әрі медицинаны қандай жүйемен құратынымызды айқындадық.

Саланың  қолжетімді қызметтері – емхана, амбулаториялық емге басымдық бере бастадық. Соның арқасында сырқаттану біршама азайды. 2005-2010 жылдарды қамтыған бағдарламада амбулаториялық көмекке көп көңіл бөлдік. Тегін дәрі алу, тегін вакцинация жасау, ­амбулаторияда халықты көбірек қамтып, егер одан нәтиже болмаса стационарға жіберетін жүйе іске қосылды.

Астана құрылғалы бұрын-соңды болмаған көптеген ірі емдеу мекемелері ашылды. Олардың бәрі дамыған елдердегі медициналық орындардың үлгісіне келтіріліп салынды. Әр клиника заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, Қазақстанда жиі кездесетін ауруларды емдеу, шұғыл көмек беруге мән берілді, соның ішінде жүрек ауруларына басымдық берілді. Қазір қанша стационар болса, соның бәрінде ангиограф бар. Ангиограф дегеніміз – адам жүрегінің бітеліп қалған тамырын ашып, стенд қою. Соның арқасында инфарктан аман қалу 60 пайыздан асты. Бұрын бүкіл ел бойынша инфарктпен ауырғандардың 20 пайызы аман қалып, қалғаны өліп кететін. Мұның бәрі – дамыған елдер тәжірибесі. Сонымен қатар күрделі ота жасауда да көп жетістіктерге қол жетті. Мәселен, нейрохирургиялық оталар, буын ауыстыру, жүрекке оталар, ағзаны ауыстыру, бүйрек, бауыр, жүрек пен өкпе ауыстыру Астанада жасалады.  Хирургия, трансплантация, жүрекке, өкпеге ота жасауда сапалы қызмет көрсету жағынан біздің өзге дамыған елдермен тереземіз тең. Кез келген елдің денсаулық сақтау ісі трансплантологияның даму деңгейімен айқындалса, Қазақстан бүгінде оның көш басында деп батыл айтуға болады. Осылайша елімізде жүрек, бауыр, бүйректің ауыстырылуы әдеттегі шаралардың біріне айналды. Бұл – үлкен жетістік.

Елімізде 19 миллион халықтың 10 миллионының емдеу шығынын үкімет өтеп отыр. Қалған 9 млн халықтың 6,5 миллионының тұрақты табыс көзі бар. Олар – бюджет квази, компания
қызметкерлері, өндіріс жұмысшылары. Тек 1,5 млн халық – өзін жұмыспен қамтығандар. Ауырып қалған азаматтардың жұмыс істеген, істемегеніне қарамай емделу шығыны қор есебінен жабылады

Енді басты проблемалық жағы – алғашқы медициналық көмек көрсететін мекемелер. Бұрын кеңес кезінде адам өзі таңдап, кез келген салалық дәрігерге алдын ала жазылмай-ақ талонмен баратын. Ал дамыған елдерде алдымен учаскелік дәрігерге қаралып, тек солар арқылы ғана жолдамамен салалық дәрігерге барады. Мәселен, көзі ауыратын адамның дертінің себебі расында көзіне қатысты емес, жүйке жүйесімен немесе басқа ағзаларымен байланысты болуы мүмкін. Демек оған окулиске барудың қажеті жоқ. Бұл тапшы салалық мамандардың уақытын босқа алмай, қайта олардың қызметіне шын зәру адамға тезірек қызмет көрсетілуіне септік етеді. Ал кезекті ұзақ күту себебі де сол – салалық мамандар тапшылығынан және елордада халықтың тым көптігінен болып отыр.

– Емханада салалық дәрігерге кезек күтіп шаршаған немесе мемлекеттік емханалар мамандарының деңгейі, білімі мен білігі туралы теріс ақпарат жиі тарайтындықтан көпшілік жекеменшік емдеу мекемелерінің қызметіне жүгінеді және солардың жұмысына сенім артады. Расымен жекеменшікте жұмыс істейтін мамандардың бәріне сенуге бола ма?

– Бұл – жалған пікір. Себебі озық құрал-жабдықтар, негізінен, тек мемлекеттік емдеу орындарында болады. Ауыр, күрделі оталардың барлығы мемлекеттік емханаларда жасалады. Жекеменшік емдеу орындарында жасалып жатқан оталардың мөлшері әлдеқайда төмен. Жеке клиникалардағы палаталардың оңашалығы, қолайлылығы артықтау болар. Мұндай ақылы жатын жайлар мемлекеттік емдеу орындарында да бар. Жауапсыз мамандарға келсек, ондай қызметкерлер әр салада да кездеседі.

– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2017 жылдың шілде айынан өз қызметін бастады. Осы қор жұмысына, жалпы МӘМС жүйесіне қатысты да күмәнді әңгімелер көп.

– Дамыған елдерде сақтандыру медицинасы екі бағытта жұмыс істейді. Бізде қаржыландыру үш көзден болсын деп шештік, ол бойынша емделу ақысын Үкімет, жұмыс беруші және емделуші адамның өзі төлейді. Қорға қаржы 70 пайыз үкімет тарапынан төленеді. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, студенттер, курсанттар, мемлекеттік қызметкерлер, құқыққорғау және қарулы күштері органдары бар. Елімізде 19 миллион халықтың 10 миллионының емдеу шығынын үкімет өтеп отыр. Қалған 9 млн халықтың 6,5 миллионының тұрақты табыс көзі бар. Олар – бюджет квази, компания қызметкерлері, өндіріс жұмысшылары. Тек 1,5 млн халық – өзін жұмыспен қамтығандар. Ауырып қалған азаматтардың жұмыс істеген, істемегеніне қарамай емделу шығыны қор есебінен жабылады. 2018 жылдан бастап ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді сатып алу жұмыстары Қор арқылы жүзеге асырылып отыр. Біздің елде МӘМС жүйесі бойынша қорға ақшаны жұмыс беруші және жұмысшының өзі төлеуі керек. Қорға құрылғалы бері дұрыс ақша құйылып жатқан жоқ. Осыған байланысты денсаулық сақтау саласында көп нәрсеге қол жетпей жатыр. Қаржы қорға 100 пайыз құйылу керек.

– МӘМС жүйесі арқылы баршамыздың жалақымыздан ай сайын жарна ұсталады. Бірақ медициналық көмекке көп жүгінбейтіндер де бар. Сондай азаматтар неге бізден ақша ұстайды деп шағымданады?

– МӘМС-ке сізден де, бізден де ұстайды. «Солидарная ответственность» деген бар. Мен сізге төлеймін, сіз біреуге. Осылайша бір-бірімізге көмектесеміз. Жүйе сондай. Қайта дамыған елдерге қарағанда біздің бұған төлеп отырған қаражатымыз аз. Мәселен, Америкада ішкі өнімнен 18-20 пайыз сақтандыруға төленеді. Егер ол жақта сақтандыру қорында ақшаңыз болмаса, сізге ешкім көмек көрсетпейді. Түркияда да сол. Жалпы шетелдерде медициналық қызмет құны өте қымбат. Бізде ішкі өнімнен көп десе 4 пайыз алынатын шығар. Бұл – аз. Кем дегенде 5 пайыз болу керек. Неге мемлекет төлемейді деген теріс ұғым. Мемлекет тарапынан да төленіп жатыр. Мемлекет бүкіл жедел көмекке және егу шараларының бәріне төлейді. Германияда – 30/70, 70 пайыз – өзі, қалғанын мемлекет төлесе, Оңтүстік Кореяда – 50/50, бізде үшеуі – яғни мемлекет, жұмыс беруші, жұмысшы төлейді.

– Қазіргі көршілермен байланысты геосаяси ахуалдың денсаулық сақтау саласына әсері бар ма?

– Әрине, бар. Көп дәріні Украи­на­дан алатын едік, олардың өнімі өте сапалы, тиімді, қымбат емес. Соғыс болып жатқаннан кейін олардан алу мүмкіндігі шектелді. Екіншіден, дәрі-дәрмек жеткізу бойынша Ресей үлкен логистикалық хаб еді. Канададан Ресейге келеді, содан кейін бізге жеткізілетін. Қазір ол жол да жабылды. Бұл ретте де дәрі жеткізу логистикасы ұзарып кетті. Ол ұзарған сайын бағасы да қымбатқа түсіп жатыр. Оған қоса инфляция өсіп, осының барлығы қосылғанда дәрі-дәрмек тапшы болып, жасаған реформа, бағдарлама ойдан шықпай тұр.

– Қазір елімізде қандай медицина мамандары тапшы және бұл тапшылық неден туындап отыр?

– Ең алдымен, салалық дәрігерлер жетіспейді, себебі ақшасы аз. Атап айтқанда, барлық жерде эндокринолог, ревмотолог, анес­тезиологтар тапшы.  Мәселен, 10 жыл оқып, жаңадан жұмысқа кірген мамандардың жалақысы 100 мыңға жетпейді. Бұған сенбейтін шығарсыз, хирургтерде солай екенін нақты айта аламын. Сондықтан олар қосымша кезекшілік алады, жарты ставкамен жұмыс іздейді. Оның үстіне кез келген басшы тәжірибелі маман іздейді. Сөйтіп жастар жұмыссыз жүріп қалады. Қазіргі таңда «Дәрігер қателігі» бойынша заң талқылануда. Кейбір жағдайда дәрігер де абайсызда қателесуі мүмкін. Әдейі жасамай, аяқ астынан болса, дәрігерлерге қылмыстық іс қозғалмауы керек. Себебі қателеспейтін адам жоқ. Ал әрине, егер өзінің жұмысына немқұрайлы, жауапсыз қарағандығынан науқас қайтыс болса, онда міндетті түрде жазалануы керек. Баптың ондай бөлігін ешкім де алып тастап жатқан жоқ. Абайсызда болған қателіктен дәрігерлердің жазалануы да кадр тұрақсыздығына әкеледі.

– Өзіңіз 200-ден астам ғылыми еңбектің, 12 монографияның, 50-ден астам өнертабыстың авторысыз. Кезінде лапароскопия отасын елге әкелген және трансплантология мәселесін де бастап көтерген өзіңіз. Жалпы қазір медициналық ғылым саласы қалай дамуда?

– Медицина саласындағы ғылымды дамытуға да қаражат тапшылығы тұсау болып отыр. Бір мысал айтайын, Жапонияда менің екі балам жұмыс істейді.  Солар ғылыми салада зерттеу жүргізу үшін эксперименталды жұмыспен айналысады. Соның барысында бауыр ақауы бойынша бір тышқан-модельді алады, сол тышқанның біреуі біздің ақшамен 1 млн теңгедей тұрады, ал зерттеу барысында олардың кем дегенде 100-і керек. Бір университеттің ғылыми зерттеу саласына жыл сайын бөліп отырған ақшасы 1 жарым млрд долларды құрайды. Өкінішке қарай, бізде мұндай қаржы бөлінбейді. Сондықтан бізде медицинадағы ғылым кенже қалып отыр. Дегенмен бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Ғылым академиясын қайта жаңғыртып, Президент жанындағы мекеме етіп жатыр. Сол жерге ғалымдар жиналып, бәлкім, келешекте осы деңгеймен дами берсе, бізде де мол қаражат бөлінетін шығар. Ақша бөлсе тас жарғалы тұрған дарынды, білімді жастар өте көп. Оларға тек қолдау ғана жетпей тұр. Өзім баяғыда жасушамен айналыстым, министр болып тұрғанда қаражат бөліп, сол сала бүгінде жақсы нәтиже беріп жатыр.

– Өзгелерді емдеп жазатын ақ халатты абзал жан ретінде өзіңізді қалай күтесіз? Денсаулықты ұзақ уақыт мықты етіп сақтау үшін елге қандай кеңес айтар едіңіз?

– Жалпы өмірде әрбір адам білетін екі сала бар, бірі – білім, екіншісі –  денсаулық. Жалпы, бұл денсаулық деген – ұлттық мәселе. Олай дейтініміз, денсаулығы мықты адам ұлттың өркендеуіне үлес қосушы болады. Адам үшін басты байлық – денсаулық екенін шынымен түсінуіміз керек. Сосын әрине, көп ауру – ішетін астан келеді. Дұрыс тамақтанудың мықты денсаулық иесі болуда маңызы зор. Сапалы тамақ ішу және оны қанша мөлшермен ішуді білсеңіз, сізден артық дені сау адам болмайды. Қазір көп адамдар БАД дегенге әуес, яғни қосымша биологиялық қоспалар ішеді, мен мұны бекер іс дер едім. Күніне ас мәзірінде лимон, алма, сосын қазақтың құрты болса, нағыз тұнып тұрған дәрумен сол. Сонымен қатар ел ішінде түрлі тәуіп емшілер де көп. Кейбір ауруларды тек медицина күшімен ғана емдеуге болады. Бір жылдары түйенің зәрімен қатерлі ісікті емдеймін деген тәуіп шығып, соған да халық алданған. Қатерлі дертті зәрмен емдеуге болады дегенге сенгеніңіз – күлкілі жағдай. Өз басыма келсем, мен де ел сияқты тағамдарды жеймін. Өзім осы Астанада жер үйде тұрамын, таңертең ерте біраз жаяу жүріп келгесін екі кесе шәй мен кішкентай бутерброд және көкөніс жеймін. Түсте де бәрімен бірдей ас түрлерін жеймін, бірақ ең бастысы, аз-аздан, сосын кешкі 18.00-ден кейін мүлдем тамақ ішпеймін. Бұған менің ағзам үйренген.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button