Басты ақпаратҰлт ұпайы

Жарылқап Бейсенбайұлы: «Өткеннен сабақ алсақ ұтылмаймыз»

Қазақ тарихы шынында ұлт ретінде сақталып қалу жолында жан алып, жан беріскен небір арпалыс пен тайталастан тұратын шежіре іспеттес. Сол тарих беттерінде өшпес із қалдырған тек батырлар мен бектер ғана емес, қаламымен ұлтқа керек дүниелерді жариялап, халықтың көкейкесті мәселелерін қозғаған, ұлт пен тіл мүддесі үшін аянбай күрескен, қазақ рухани қоғамының, әсіресе мемлекетшілдік түйсіктің қалыптасуына айрықша үлес қосқан, қазақ баспасөзі тарихында теңдессіз еңбек еткен әйгілі бас сарашылар – Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұл қатарында тұратын сөз сардары, жазушы, зерттеуші Жарылқап Бейсенбайұлымен сұхбат құрған едік.

Жарылқап аға, филология факультетінде оқығаныңызбен, журналистикаға талпынысыңыздың арқасында «Лениншiл жасқа» (бүгінгі «Жас Алашқа») Шерхан Мұртаза бас редактор болып дүрiлдеп тұрған кезде келдіңіз. «Аққу» эстетикалық клубына жазып жүрген материалдарыңыз Әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi Оралхан Бөкейге ұнап, әртүрлі тапсырмалар бере бастағанын, оқу бітірмей жатып осы газетке жұмысқа тұрып, өнер, руханият тақырыбында жақсы мақалалар шығарғаныңызды әріптестеріңіз, шәкірттеріңіз жазды. Екі жыл офицерлік қызмет атқарып келгеннен кейін жастар газетінің жаңа бас редакторы Сейдахмет Бердiқұлдың әйгілі «ұстаханасынан» тәлім алдыңыз. Кілең мықты бас редакторлармен жұмыс істедіңіз. Жалпы қазіргі көп проблемалы қазақ тілді журналистиканың жайы туралы не айтар едіңіз, қазіргі қазақ баспасөзінің көзқарасы мен мүмкіндігіне қандай баға бересіз?

–  Біздің студенттік кезімізде қазақтың қаламгерлік, сыншылық өнерінде ерекше бір жарқын серпілістер өтіп жатты. Асқар Сүлейменұлы, Зейнолла Серікқали, Әбіш Кекілбайұлы, Рымғали Нұрғали, Мұхтар Мағауин сияқты жасы отызға да толмаған кілең бір сайыпқыран ағаларымыз әдебиетке жаңа леп әкеліп, елді елең еткізді. Бәрі де терең білім иелері. Олардың сөзден жасын ойнатқан мақалалары жазуға талабы бар талай жастың көкірегінде ұшқын ұялатты. Көбіміз солар секілді жазсақ қой деген армандарға берілдік. Сондай қиялдармен жүрген кезімізде 1967 жылы Зейнолла Серікқалидың «Ойлар, толғаныстар» (қазақ әдебиетінің қазіргі мәселелері) деген кітабы жарық көре қалды. Жазу нақышы айрықша, стилдік құрылымы сұрапыл, сөзді мың құбылтып ойната қолданатын, әдеби шығармаларды шыңыраулата талдайтын сыншы шеберлігі ерекше тәнті етті. Содан былай Зейнолла ағамыздың жазу машығы біз үшін үлгіге айналды. Өнер тақырыбын қозғаған әуелгі мақалаларымызды да сол кісіге ұқсап жазуға тырыстық. Сол талпынысымыз, ақырында, бізді жастар газетіне алып келді.

Бұл газеттегі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы шығармашылық ахуал қандай еді, шіркін. Кілең қаламы жүрдек жастардан құралған журналистер қауымы өз жазғандарын оқылымды ету үшін неше алуан стилдік, көркемдік  ізденістерге баратын. Әдетте тақырыбы тартымды емес деп есептелетін өндіріс, шаруашылық, жастар ұйымдары туралы дүниелердің өзін де түрлендіре орындаудың бар амалдары қарастырылатын. Жақсы шыққан дүниелерге бәрі де бір кісідей қуанып, әрқайсысы да сондай үздік материалдар жазуға ұмтылып, өзара шынайы бәсекеге түсетін. Жастар басылымының сол кезеңде оқырманның сүйікті газетіне айналып, таралымының 300 мыңнан асып кетуіне де осындай шығармашыл атмосфераның  өз әсері тигені анық деп білемін.

Әрине ол кездегі қазақ тілді баспасөз бен бүгінгі баспасөздің жайын салыстыруға келмейді. Ол жылдары негізгі бөлігі ауылдық жерде тұратын қазақ оқырманының  жағдайы тәуірірек еді. Елдің бәрінің тұрақты жұмысы, ай сайын алып тұратын жалақысы болды. Әрбір мекемеде міндетті түрде баспасөзге жазылу науқаны жүретін. Қазіргі кезде ол жағдайдан із де қалмады. Жаздырып алу азайғасын, пошта қызметі де тоқырауға ұшырап, жұртшылық баспасөзден тым жырақтап кетті. Газет-жұрналдарда жарияланып жатқан құнды мақалалар мен талдауларды оқымайтын, кітапқа қызықпайтын, көбіне сайттар мен әлеуметтік желілердегі, теледидардағы ақпарат ағынымен шектеліп қалған ұрпақ өсіп шықты. Баспасөзден, әдебиеттен қол үзген сол буынның бірсыпыра бөлігі қалалық жерлерге келіп қоныс тепкенімен, олар газет-жұрналды іздеп жүріп оқуды аса қажет деп таппады. Әрі баспасөз дүңгіршектері желісі де олардың тауын қайтарды. Себебі, сұраныс жоқ деген сылтаумен, оларға қазақ басылымдары түсе бермейтін болды. Сөйте-сөйте, қазақ тілді басылымдардың дені бүгінде үкімет қаржысына тәуелді, онсыз күн көре алмайтын қалге жетті…

Бұл қиыншылықтан қалай шығуға болатыны маған мәлімсіз. Әйтеуір бір жанкешті тірліктің қажет екені анық. Сөйтсе де, егер басылым сапасы жоғары болса, оның таралымына көп нұқсан келе қоймайтындай боп көрінеді маған. Өйткені ділгір тақырыптарды қозғайтын, биік шеберлікпен орындалған дүниелері мол ақпарат құралына жұртшылық әрдайым зәру. Әр санында не шығыпты деп елеңдеп, іздеп отыратын оқырман әлі бар деп білемін. Ал ондай деңгейге жету, биік талапқа сай болу, жан-жақты терең білімді, қолтаңбасы шұрайлы жұрналшылардың  арқасында жүзеге асады. Мәселен, бір ғана мысал, біздің газеттерде ресми тақырыптарға арналған материалдар жазу үрдісі әлі де баяғы таптаурын, қасаң қалпынан аумай келе жатқандай. Сол себепті де олар оқырманды көп қызықтыра бермейді. Аттап өте шығады. Меніңше, сол тақырыптарға да жаңаша, тосын тұрғыдан келіп, әртүрлі жұрналшылық тәсілдерге салып тартымды етіп жазуға болады ғой. Әрине, бұндайда тілшіге алымдылық пен шеберлік өте-мөте қажет екені белгілі…

Бейнелеу өнерi туралы жазылған «Буырқанған бояулар» (1981 ж.) және этикет мәселесiне арналған «Әдеп әлемi» (1982 ж.) кiтаптарыңыз үшiн 1982 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығын алдыңыз. Қазақ журналистерінің арасынан алғаш осы марапатқа ие болған Сіз екенсіз. Бейнелеу өнерінің тылсымдарына бойлап, суреттерді сөйлеткен қабілетіңіз қаламгерлік ортада ерекше қабылданды. Осы жөнінде кеңірек айтсаңыз. Этикет мәселесінің тым еліктегіш, оқу-білім іздеуден гөрі ойын-сауық, той-томалақты жақсы көретін біздің халыққа берері бар ма?

– Студент кезімізде көп нәрсені білуге ынтызар болдық. Ауылдан келіп қала өміріне етене араласа бастағаннан кейін халықаралық әдеп, этикет ережелерін білуге ұмтылдық. Бірақ оны бір жерден оқиық десек, қазақша жазылған ештеңе жоқ. Былай қарасақ, жастарға нағыз керек дүние емес пе? Соған дейін оны ешкім ескермеген ғой. Кітапханалардан іздестіріп қарағанымызда, бұл тақырып бойынша орысша кітаптардың өзі де селдір екенін аңғардық. Бейнелеу өнеріне қатысты әдебиеттердің жайы да солай. Бәрі орысша. Тек жастар газетінде «Аққу» эстетикалық клубы ашылып, соның аясында әртүрлі өнер туындыларына қатысты материалдардың шығып жүргені ғана көңілге демеу. Біз де студент кезімізден осы клубқа араласуға ықылас танытып, сабақтан бос уақытымыздың көбін республикалық (қазіргі Ұлттық) кітапхананың Өнер бөлімінде өткіздік. Газетке қызметке келгеннен кейін де танымымызды біртіндеп кеңейте жүріп, бейнелеу өнері тарихындағы Жаңаша дәуір өнерінің төлбасысы болған постимпрессионизм ағымына қызығушылығымыз ауды. Сол бағыттың өкілдері Сезанн, Ван Гог, Гоген сынды қылқалам шеберлері мен олардың ізбасарларының сырбаз туындыларын қазақ оқырманына кеңінен танытуға ниет еттік. Осы мақсат бізді Мәскеу мен Петербордың әйгілі музейлеріне жолымызды түсірді, Париждегі атақты Лувр мен Импрессионистер музейіне арнайы сапар шектірді. Постимпрессионизм ағымының ерекшелігі сол, ол болмыс көріністерін талай ғасыр бойы мызғымай келе жатқан қағидалардан да бөлек тәсілдермен көркем бейнелеуге болатынын, өмірді дәл өз қалпындағыдай айна-қатесіз көшіру, бірден бір шынайы шындық еместігін жаңашылдықпен дәйектеген бағыт. Ол үрдіс бойынша, суретші бейнелемек нысанын өз түйсігімен, сезімімен қалай қабылдаса, солай кескіндегені жөн. Яки, бірінші кезекте кейіпкердің ішкі тебіренісін, ой-сана бұлқынысын, табиғаттың жай көзге байқала бермейтін құпия тылсымын, тіршіліктің тепсініп, дөңбекшіген демі мен лебін пайымдауға мән берілуі тиіс. Жаңаша дәуір өнерінің жарқын шеруін бастаған осы постимпрессионизм ағымы әлемдік бейнелеу өнерінде жиырмасыншы ғасырдың басында өркен жайған көптеген модернистік бағыттардың туындауына тікелей ықпалын тигізді. Әуелі «Аққу» клубы аясында ықшамдалып жарық көрген сол эсселердің бәрінің толық нұсқасы кейіннен «Буырқанған бояулар» атты кітапқа айналды.

– «Әдеп әлемі» кітабы да сол жастар басылымында қызмет істегеніміздің арқасында жүзеге асқан шаруа. Бұл тақырыпқа қатысты дүниелер әу баста газет бетінде жастарды этикет тәлімдеріне баулу мақсатын көздейтін тізбекті мақалалар түрінде жарияланып тұрды. «Жалын» баспасынан түскен ұсыныс бойынша, кітап етіп дайындау барысында қазақтың әдеп салттары мен халықаралық этикет талаптары кеңінен сабақтастырыла қарастырылған еңбек дүниеге келді. Осындайда еске түседі, кітап редакторымен кездесу үшін баспаға бір барған кезімде, сол «Жалын» баспасынан атақты «Аласапыран» дилогиясын шығарып жатқан Мұхтар Мағауин ағамызға жолығып қалдым. Сөйтсем, менің кітабымның қолжазбасына жабық рецензияны (ол кезде осындай тәртіп болатын) осы көрнекті қаламгеріміз жазған екен. Классик ағамыз берген сәлемімді алып тұрып: «Кітабыңа жабық рецензияны мен жаздым. Басында халықаралық этикет ережелерін қайталап кеткен шығар деген күдікпен қолға алып едім, қазақтың әдет-ғұрып салттарын да қоса қарастырып, жарасымды байланыстырыпсың. Кітап етіп шығару қажеттігін айтып жазып бердім», – деген  пікірін білдірді. Риза болып, қайта-қайта рақметімді жаудырып жатырмын. Құнтсыздығымыз ғой. Сол жабық рецензияны кезінде баспадан сұрап көшіріп алсамшы. Қазір мен үшін қандай құнды мұраның бірі болар еді.

Он мың данамен жарық көрген «Әдеп әлемі» кітабы өз уағында жас оқырман тарапынан жылы қабылданды. Кей мектептерде жоғары сынып оқушылары үшін қосымша сабақ ретінде пайдаланылып жүргенін де естідім. Осыдан оншақты жыл бұрын «Ана тілі» баспасының директоры, бүгінде марқұм досым Жақау Дәуренбек «сол әдеп туралы кітабыңды қайта дайындап берсейші, жастарға керек қой, басып шығарайық», деген ұсыныс та білдіріп еді. Ол кезде қол тимеді. Жақында ғана елу жыл бойғы жазған-сызғандарымды іріктеп, бес томдық шығармалар жинағымды шығардым. Соның бірінші томына «Буырқанған бояулар» мен «Әдеп әлемі»  кітаптары қайта өңделіп, толықтырылып енді…

Қазақ журналистикасында саяхаттық іссапардың үлгісін көрсеткен қаламгерсіз. Жастар газетінде жүріп қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмiрi мен шығармашылығын зерттеуге ден қойдыңыз. «Шоқан ізімен» (1977), «Жасын-тағдыр жарқылы» (1987) атты деректі хикаяттарыңыз, «Шоқан» (2009) роман-эссеңіз жарық көрді. Соңғы көлемді шығарма 2015 жылы орысшаға аударылып, Мәскеуде тұсаукесері өтті. Шоқан өмірі, қызметінің зерттелмеген, анықталмаған тұстары бар ма?

– Бұл сауалға кезінде атақты академигіміз Әлкей Марғұланның өзі: «Шоқан тұлғасы – мұхитта жүзіп жүретін, көп бөлігі су астында көрінбей жататын алып мұзтау секілді. Ол туралы әлі білетінімізден, білмейтініміз көп», – деп жауап беріп қойған. Ұлы ғалымымыз туралы қаншама еңбектер жазылып жатқанымен, білмегеніміз де соншама мол. Оның біраз шығармалары, оған жазылған, ол жолдаған қаншама хаттар, со бойы табылған жоқ. Көбінің ұшты-күйлі жоғалғаны анық. Мұндайда Потанин, Гутковский және оның қызы Катерина Гутковская сияқты адал жандардың арқасында ғана, оның көп томдықтарын толтырып отырған еңбектері мен хаттарының, ол туралы деректер мен естеліктердің әупіріммен сақталып қалғанына да шүкіршілік айтамыз.

Шоқанның Парижге барған-бармағаны да анықталмай тұр. Ол бұл жөнінде 1860 жылы қарашаның 4-інде Петербордан әкесіне жазған хатында айтады. «Құдай бұйырса, бір айдан кейін Парижге шығамын… Петербордың һауасы дешт-сахаралыққа жақсы емес екен. Дәрігерлер қыста заграницаға баруға бұйырдылар…», дейді. Мұны кейіннен жазушы Ф. Достоевский туралы 1906-1908 жылдары жазған естелігінде барон А. Е. Врангель де айтады. Алғаш рет Шоқанмен Семейде танысқан Врангель: «Кейіннен мен онымен Петерборда және Парижде кездестім. Соңынан білгенімдей, ол көп ұзамай өкпе ауруынан қайтыс болды, Петербордың ауа-райы байғұстың түбіне жетті», – деп еске алады. Врангель сол кезде Париждегі орыс консулдығында істейтін. Егер Шоқанның Парижге жолы шын түскен болса, әкесіне жазғандай, тек Петербордың қысқы ауыр, дымқыл ауасынан қашып, емделуге немесе мықты дәрігерлерге көріну мақсатын көздеп баруы мүмкін. Врангель естелігінен алынған жоғарыдағы «петербургский климат доконал его» деген сөз, оның денсаулығынан жақсы хабардар адамның ғана аузынан шығады. Егер, Шоқан Парижге барған болса, Врангельдің есінде оның сондай науқасты қалдегі бейнесі қалғандай. Шоқанның Парижге барған-бармағаны жөніндегі мәселенің анық-қанығына жету үшін, сол кездегі осы мәселеге қатысы бар делінетін тиісті орыс, француз құжаттарын зерттеп көру қажет…

Ал оның өлімі туралы ел аузында айтылып жүрген «атып кетіпті,  у беріпті» деген әртүрлі алыпқашпа әңгімелердің, қауесеттердің бәрі бекер. Ұлы ғалым өмірінің соңғы айларына тікелей қатысы бар ғылыми деректердің бәрі Шоқанның өкпе дертінен көз жұмғанын растайды. Бұл жөнінде біз «Шоқан» роман-эссемізде жаздық, берген сұхбаттарымызда,  мақалаларымызда  әлденеше рет дәлелдедік. Сол себепті оны қайталап жатудың  қажеті жоқ деп білемін.

  Сіздің шығармашылығыңызда бас редакторлық – бас сарашылық қызметіңіздің шоқтығы әрқашан биік. Сіз ұстаздарыңыз Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердiқұл секiлдi сарашылық өнердiң теңдессiз мүмкiндiктерiн аштыңыз деуге болады. Сіз басқарған тұста қазақ баспасөзінің тарихында «Ана тiлi» газетi айрықша орын алды. Ұлттың рухын оятып, еңсесін көтерді. Шынында да халық сүйіп оқитын газет болды. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

– Біз коммунистік билік жылдарында қаламға тұсау салынған, айтарымызды сыртқа шығара алмай, еңсеміз езілген, ұлттық мәселелерді сөз ету, қазақ тілінің қамын жеу – саяси айып боп саналған, төл тарихыңның тереңіне барайын десең – қатаң тыйым қойылған, Алаш арыстарын, орыс басқыншылығына қарсы соғысқан батырларымыз мен хандарымыздың атын атау – сорақы қылмыс ретінде қаралған тұмша заманды бастан өткердік. «Ана тілі» қазақ тілінде шығатын, партия дүрбісінен тыс алғашқы тәуелсіз газет болғандықтан, жұрналшыларға әуелгі сандарынан-ақ жабық боп келген тақырыптарға қаймықпай бару, сол жолда нақ сөйлеу, қателікке ұрынбау, қай нәрсе болса да біліктілік пен білімділік таныту, сонымен бірге мүмкін-қадерінше құнарлы қазақ тілін орнымен түрлентіп қолдана білу, сөзге ұқыппен қарау, мақалаларды оқуға жеңіл, жатық публицистикалық мәнерде өрбіту талабы қойылды.

«Ана тілі» газетінің алғашқы сандарынан-ақ бірден сол күйіп тұрған мәселелердің қоясын ақтарып, бүкпесіз ашық айтуды бастап кеткені де оқырманды елең еткізді Сондай-ақ редакцияға қалам қарымы қуатты жігіттердің жиналғанының да әсері болды. Олар өздерінің талап-талғамынан дөп шығатын тақырыптарды біліктілікпен тарқатуға құлшына кірісті. Жаңашыл машықты жұрналшылықтың үлгісін көрсетті. Оқылымды дүниелер жасауға ұмтылды. Ол жігіттердің қай мәселені қаузаса да, жоғары деңгейде орындап шығатын шеберлігі, ізденгіштігі, жазу сапасына деген адалдығы мен жауапкершілігінің өзі редакцияда шырайлы шығармашылық ахуал орнатты.

 Қазіргі журналистиканың басты кемшілігі неде? Жақсы команда, жақсы мектеп қалыптастыру үшін не қажет деп санайсыз? Тілшілерді қалай таңдадыңыз?

– Біздің кезімізде республикалық үш-төрт қана газет, сол шамадағы жұрналдар ғана болды. ҚазМУ-дің жалғыз жұрналшылық факультетін бітірген түлектердің таңдаулысының таңдаулысы ғана сол басылымдарға бара алатын. Мәселен, біз істеген жастар газеті болашақ қызметкерлерінің денін студент кезінен дайындайтын. Жазуға талпыныс білдіріп редакцияға келген жігіттер мен қыздарға тапсырмалар беріп, қалам қарымын бағамдайтын. Содан оқу бітіргенше олардың арасынан лайықтылары өз-өзінен іріктеліп шығатын.

Қазір ақпарат құралдары да, жұрналшылық факультеттері де көп. Сонда да маған қазіргі БАҚ саласында кадр тапшылығы сезілетіндей көрінеді. Жазу шеберлігімен, ерекше ізденгіштігімен, жан-жақты біліктілігімен байқалатын жас толқынның қатары селдір сияқты. Әлде мен байқамай жүрмін бе… Жан-жақты білімділік жағы да ақсап жататындай. Жас жұрналшылар қазақ әдебиетін терең біле бермейді, тарихқа қызықпайтындай. Өздері көтеріп отырған тақырыптарын жан-жақты зерттемей, зерделемей, жай долбармен айта бергенді айып көрмейтіндей.

Жұрналшының біліктілігі әрбір жазғанынан-ақ көрініп жатады. Соны дер кезінде аңғарған ләзім. Жастар газетінде жүрген кезімізде тәжірибеден өтуге келген бірқатар жігіттердің қолтаңбасындағы ширақтықты байқап, редакцияға алып қалуға септескен жайымыз да болды. Олардың дені кейіннен үлкен қаламгерлерге  айналды. «Ана тілі» апталығы ашылғанда да Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер боп істеп жүрген Ғарифолла Әнесті соның алдындағы жылдарда жарық көрген бір-екі мақаласындағы жұрналшылық иірімдерді байқап, жұмысқа шақырғанымызда: «өмірі газетте істеп көрген емеспін», деп басын алып қашқаны да есте. Апталыққа жұмысқа келгеннен кейін оның қолтаңбасы одан әрі ширап, қаламы жүрдек публицист-зерттеушіге, кейіннен білікті баспагерге айналды. «Ана тіліне» әуелі өздерінің дербес қолтаңбаларын айқын таныта жүріп жұмысқа қабылданғандардың қатарында Байбота Серікбайұлы, Абай Мауқараұлы, Сағатбек Медеубекұлы, Раушан Төленқызы, Дихан Қамзабекұлы, Сәкен Сыбанбай, Болат Шарахымбай сынды бірқатар қаламгерлерді атауға болады. Ал сол жылдары «еш жерге басы сыймай жүрген» көрнекті балалар жазушысы Марат Қабанбай мен өзін «еш ортаға жақпайтын жұқсыздар» қатарында санаған отауыз Жұматай Сабыржанұлының «Ана тіліне» келгеннен кейінгі, қазақ серкесөзінің жаңа дәуірін  қалай бастап жібергені көпке жақсы мәлім…

Сізді бірқатар журналистер, көрнекті ғалым-қаламгерлер өздеріне ұстаз санайды. «Ана тілі» газетінен кейін министр Алтынбек Сәрсенбайұлының қолқалауымен «ҚазАқпарат» агенттігіне ауыстыңыз. Бұрынғы ҚазТАГ-тың үрдісінен кете алмай, тек аудармамен отырған қазақша ақпарат беру жүйесiн түгелiмен қазақшалап, қазақ тiлдi ақпараттың жаңа үлгiсiн жасауға бас болдыңыз, 2004 жылдың өзінде елімізде тұңғыш рет әлем қазақтары үшін латын қарпімен ақпарат таратуды жүзеге асырдыңыз, кейіннен оған төте жазу сайты қосылды. Зейнетке шыққаннан кейін де үш жылдай ғылыми-көпшілік «Мәдени мұра» жұрналын басқарып, оны да жоғары биікке көтердіңіз. Барлық жерде де журналистиканың лайықты сарбаздарын тәрбиеледіңіз. Осы орайда шәкірттеріңіз туралы аз-кем айтып өтсеңіз, кімдерді атап өтер едіңіз?

– Ұстаз, шәкірт деген ұғымдар жай ғана салыстырмалы нәрсе. Жұрналшылық өнерде бір адам екінші адамға олай жаз, былай жаз деп  үйретпейді. Өзінің жазуымен, ізденісімен үлгі көрсетеді. Тақырыптар ұсынады, идея тастайды. Материалдары жазудың жөн-жобасын айтады.    Оны әркім өзінің қабілет-қарымына, білімі мен білігіне қарай орындайды. Үдеден табылып, тәуір дүниелер жазып, қалам жүрдектігін байқатқан  жұрналшылар, кәсіпті кімнен үйренгенін, кімнің шәкірті болғанын өзі ғана айта алады. Яки ұстаздың: «ол – менің шәкіртім» деп айтқанынан гөрі, шәкіртінің: «ол – менің ұстазым», деп айтқаны әлдеқайда жарасымды. Жастар газетінде, «Ана тілі» апталығында бірге жұмыс істеген, бүгіндері алды елу, алпыс жасты еңсерген, өздері де кейінгі буынға ұстаз болып жүрген бірқатар жұрналшы, қайраткер тұлғалар мені ұстаз ретінде танитындығын айтып жүр. Баршасына Тәңір жарылқасын! Шығармашылықтары шарықтап өрлей берсін!

– Қызмет пен шығармашылықты, оған қоса зерттеушілікті қатар алып жүру екінің бірінің қолынан келмейді. Сіздің мол тәжірибе осыны аңғартады. Уақыт тапшы болған, қол жетпеген тұстарыңыз, тақырыптарыңыз болды ма? Нені жазып, нені жаза алмадыңыз? Өкінішіңіз бар ма?

 – Уақытты тиімді пайдалана білудің өзі ерекше құнттылықты қажет етеді. Газетте жүргенде күні бойы редакцияның қарбалас жұмысынан қол тие бермейді. Өз шығармашылығымызға негізінен сенбі, жексенбі күндері ғана мойын бұра алатынбыз. Дегенмен, осы орайда, жастар газетінде қызмет істегеніміздің үлкен артықшылығын да айта кетейін. Әртүрлі тақырыптарға баруға мол мүмкіндік әперетін басылымның шығармашылығымызды әр қырынан дамытуға қосқан үлесі де орасан зор болды. Мәселен, әлгінде айтылғандай, «Буырқанған бояулар», «Әдеп әлемі» кітаптары, әу баста газет айдары аясындағы, мақсатты бір тақырып бойынша жүйеленіп, жеке мақалалар түрінде  жарияланған дүниелер болса, «Шоқан ізімен», «Жасын-тағдыр жарқылы» кітаптары  Шоқан Уәлихановтың 140 және 150 жылдығына орай, газет тарапынан ұйымдастырылған арнайы экспедициялардың жемісі. Яки, бір жағынан газет шаруасы бітіп, екінші жағынан жеке шығармашылық жобалар да қатар атқарылып жатты. «Ана тілі» апталығында жүргенде, басылым беделін көтеруге көп септігін тигізген қазақ шежіресін жинақтау және оның ғылыми айналыста бар деректермен салғастыра сараптау, әр тайпаның ғылыми сыпаттамаларын жазу, олардың баба тек тармақтарын кесте түрінде дайындау жұмыстары да әуелі газет бетінде жарияланып тұрды. Ата-тек кестелеріне оқырмандар тарапынан бірнеше рет түзетулер жасауға мүмкіндік берілді. Ең соңғы дұрыс нұсқа апталық бетінде жарияланғаннан кейін,  бұл еңбегімізді «Атамұра» баспасы 1994 жылы 40 000 данамен кітап етіп басып шығарды.

Әуелі Шоқанды зерттеуден, оның қазақ пен жалпы түрк халықтары тарихына қатысты еңбектерімен жан-жақты танысудан басталып, қазақ шежіресінің төл нұсқаларын зерделеуге ұласқан осы жұмыс, бізді біртіндеп  Орталық Азияның этнотектік тарихын зерттеу бағытына алып келді. Өйткені, бізге мәжбүрленіп тағылған бұрыннан бар қай тарих оқулығы мен монографияларды қарасаңыз да, ежелгі қазақ жері түрк текті халықтарға еш қатысы жоқ аймақ ретінде сипатталады. Расында, солай ма? Әлде, ол да біздің ұлтымыздың меселін әдейі төмендету, өткенін мансұқтау үшін жасалған зымиян саясаттың жымысқы жоспарының бірі ме? Бір жағынан, журналистік қызығушылығымыз да оянып, осы тақырыпты қаузауға кірісуге ынтамыз ауды. Сол мақсатпен Орталық Азия аумағына қатысы бар делінетін талай археологиялық, этнолингвистикалық, мифологиялық, этнографиялық  зерттеулердің қорытындыларына үңілдік. Салыстырдық, сараптадық. Біздің бағымызға орай, кейінгі онжылдықтарға жаңа ғылым саласы ретінде белгілі болған ДНҚ-генеалогиялық зерттеулер бұл ізденісімізге көп көмегін тигізді. Сол деректердегі түрк жұрттарына тән ДНҚ түзілімдерінің қай аймаққа тән болғанын індетіп зерттеу барысында, бұл зәузаттардың таралу аумағы Орталық Азияның күнгей өңірлерінен басталып, Қара теңіздің теріскейінен Хинган тауларына дейін созылып жатқан Ұлы Дала кеңістігіне сәйкесетіндігі анықталды. Қыруар ғылыми дәйектерді салғастыра қараған талдаулар нәтижесінде, осы алып аумақта бұдан 50-40 мың жыл уақыттан бастап, бергі мыңжылдықтарға дейін өркен жайған байырғы мәдениеттерді қалыптастыруда, осы байтақ өңірді талай замандар бойы тұрақ еткен арғы түрк текті жұрттардың да үлесі мол екені дәйектелді. Олардың тас дәуірлеріндегі климаттық жағдаяттарға байланысты әр тарапқа таралу бағыттары мен сол қауымдардың кейінгі ұрпақтарының қазақ жеріндегі неолит заманы мәдениеттеріне ұласқаны, энеолит дәуіріндегі ботай, көнешұңқыр секілді бірқатар түздік мәдениеттер аясында тіршілік кешкені, көптеген этномәдени нышандардың өзара сабақтас екені нақтыланды. Бұл ортақ сипаттардың қола ғасырларда жалпы ұлыдалалық Беғазы-дәндібай мәдениетіне, Алтай, Батыс және Шығыс Түркістан аумақтарындағы соған ұқсас құнарлы дәстүрлерге ұласқаны пайымдалды. Кейінгі сақ, хұн замандары тайпалары көбінің Ұлы Дала кеңістігінде талай ғасыр бойы өмір сүріп келе жатқан арғытүрк сипатты жұрттар екені пысықталды. Демек, бұл дәйектердің өзі де қазақ даласын ежелгі дәуірлерде тек қана ари текті жұрттар мекендеді деп келген еуроөктемшіл пікірдің қате екенін көрсетті. Біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі тым әріде жатқаны, бүгінгі түрк халықтарының арғы бабалары саналатын этникалық қауымдар, біздің ұлтымыздың да тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі екені пайымдалды.

Осы ғылыми ізденіске орай, әртүрлі басылым беттерінде жарияланып жүрген мақалаларымыз, соңыра осы тақырыпқа алғашқы барлау ретінде танылған «Арғы түрктер ақиқаты ізімен» (2006 ж.) атты кітапқа айналды. Арада бірер жыл өткенде бұл тақырып Астанадағы Түркі академиясының жобасы арқылы жүзеге асқан «Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» (2015) ғылыми монографияға, сондай-ақ «Ұлы Даланың ежелгі тарихының этномәдени төркіндері» (2017) атты ғылыми-көпшілік еңбекке ұласты…

«Уақыт тапшылығы болды ма, нені жазып, нені жаза алмадыңыз, өкінішіңіз бар ма?», деген сауалдарға келсек, ақпарат құралдарындағы қарбалас жұмыс арасында   жүрсек де, ойға алған біраз жоспар жүзеге асқан сияқты көрінеді. Әуелі жұрналшылық қызығушылықпен кірісіп кетіп, соңыра ғылыми монографиялармен түйінделіп жатқан зерттеу кітаптар көп уақытымды жесе де ( мәселен, арғы түрк тарихына қатысты еңбектерді жазу машақаты он екі, он үш жылға созылыпты), олардың бітіп, жарық көріп жатқанының өзі үлкен олжа. Сірә да өз ұлтыңның ежелгі тарихына, оның да өзге ұлттармен терезесі тең, оның да тарихи халық ретінде әлемдік деңгейде аталуға құқы бар екенін ғылыми тұрғыдағы тапжылтпас дәйектер арқылы дәлелдеуге жұмсалған күш еш зая емес. Өйткені, өзінің өткеніне, төл мәдениетіне, ана тіліне шын мақтанышпен қарап қадірлейтін, мәртебелейтін ұлттың болашағы әрдайым жарқын да зор деп білемін.

Жұрналшылық кәсіптің бір ерекшелігі, ол әрқашан жаңа тақырыптарға елеңдеп тұруға бейіл. Біраз жыл бұрын Жошы ұлысындағы (Алтын Ордадағы) түрк бектері тарихына қызығып, сол тақырып бойынша ізденістерге кіріскеніміз бар еді. Ертістен Дунайға дейінгі алып кеңістікті жалпағынан жайлаған Жошы ұлысының дамуында, басты билік тұтқаларын ұстаған түрк бектербектерінің (ханнан кейінгі екінші лауазым, бектердің бегі, ұлықбек, ұлыби) атқарған қызметтері ерекше елеулі болыпты. Әдетте Алтын Орда құрамындағы қуатты иеліктердің ұлысбектері, әлеуетті түрк тайпалары көсемдерінің арасынан іріктеліп таңдалатын бұл мансап иелері, ханның ең сенімді серігі, мемлекеттің басты тірегі ретінде танылады. Бектербектерге ұлысты басқарудың күллі тетігі ғана емес, әскердің бас қолбасшылығы мен сыртқы істерге қатысты күрделі мәселелер де тікелей жүктеледі. Яки бүгінгі үкіметбасы лауазымымен сәйкеседі. Сол түрк бектербектері арасында ХІҮ ғасырдың алғашқы жартысындағы Өзбек  пен  оның баласы Жәнібек хан билік құрған, яки Жошы ұлысының күш-қуаты кенересінен асып-тасыған кезеңдерінде Құтлықтемір, Исабек, Нағанай сияқты тарихи тұлғалардың есімдері айрықша ардақталып аталады. Одан кейінгі уақыттарда Мамай мен Едіге  бектербектердің ұлыбилік замандары дәуірлейді. Әрқайсысы ірі-ірі түрк тайпаларының көсемдері, ұлысбектері болған бұл тұлғалар мен олардың ұрпақтарына қатысты деректердің  қазақтың этникалық тарихымен сабақтасып жатқан тұстары өте мол.

2019 жылы Жошы ұлысының 750 жылдығы аталып өткеннен кейін, Алтын Орда тарихының Қазақстанға да тікелей қатысы барлығы мейлінше құнтталып жатқан қазіргі кезеңде, бұл байтақ тақырыпты әр тараптан зерттеуге қазақ ғалымдары да кеңінен кіріскен сыңайлы. Осы тұрғыда Жошы ұлысының ең ірі, бақуатты уәлаяттары қатарындағы Хорезм ұлысына (бас шәһары қазіргі Көнеүргеніш кенті) қатысты арғы-бергі тарих та ерекше қызықты дер едік. Жоғарыда есімдері аталған, қоңырат тайпасының көсемдері Құтлықтемір мен Нағанай бектербектер, бір жағынан осы Хорезмнің ұлысбектері, екінші жағынан Алтын Орда империясының ұлыбилері де болған әйгілі тұлғалар болатын. Жошы ұлысы ыдырағаннан кейін, олардың ұрпақтары Хорезм (Хиуа) хандығына билік жүргізді. Бұл хандық кейіннен жеке мемлекет ретінде өмір сүрсе де, оның билеушілері осы ұлыстың сонау заманда Алтын Орда құрамында болғанын, Дешті Қыпшақ жерін жайлаған Қазақ хандығымен кіндіктес ел екенін әсте ұмытпапты. Өздері хан тұқымы болмағандықтан, талай уақыт Жошының тікелей ұрпақтары – қазақ сұлтандарын өздеріне арнайы шақырып, Хорезм тағына отырғызып келіпті. Осы тұрғыдан алғанда да, бүгінде негізгі бөлігі Өзбекстан аумағына енгенімен, кейінгі орта ғасырлар мен одан кейінгі дәуірлердегі тарихы қазақ елімен тығыз сабақтастықта қаралуға тиіс Хорезм өңірінің бұған дейін бізге мүлдем бөгде сияқты көрініп, ғылыми зерттеу назарынан тыс қалып келуі, тым әсіресақтық сияқты көрінеді.

Яки алдағы уақыттағы Жошы ұлысының тарихын жан-жақты зерделеу жұмыстары барысында мәселенің осы жағына да көңіл бөлінсе игі. Біз де өз тарапымыздан бұл тақырыпқа арналған алғашқы ізденістерімізге кірісіп, Алтын Орданың әйгілі бектербектері әрі Хорезм ұлысының көсемдері болған Құтлықтемір мен Нағанай бектерге қатысты ықшамдалған зерттеуімізді бітіргеніміз бар еді. Ол әлгінде айтылған бес томдығымыздың үшінші томына енді. Алайда бұл тақырыптың аясы тым кең дер едік. Ол үлкен монографияға әбден лайық, бел қайыстырар салмақты жүк. Уақыттың орайы мен реті келіп жатса, осы мәселенің басын бір қайыру да ойда жүрген іс боп тұр, әзірше…

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button