Басты ақпарат

Жастардың «жасыл» жобалары

Полиэтилен пакеттерден – әшекей, пластик бөтелкелерден – пуфик, керексіз баннерлерден – сөмке… Кеше елордадағы Astana Hub технопаркінде Coca-Cola Icecek Kazakhstan компаниясының ұйымдас­тыруымен өткен «3. 2. 1. Старт!» байқауына қатысқан жастардың экологиялық жобалары осындай ерекше идеялардан тұрады.

Дина ИБРАШЕВА, Jasyl Júrek жобасының авторы:

ПАКЕТТЕРДІ ЕРІТІП, ӘШЕКЕЙ ЖАСАЙМЫН

– Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде жапон мәдениетін оқып жатырмын. Жапондардың табиғатқа ұқыпты қарайтын қасиетінен мен де үлгі алып, полиэтилен пакеттерден әшекей жасап жүрмін. Оның жасалу технологиясы мынадай: бірнеше полиэтилен пакеттерді қабаттастырып, пергаментті қағаздың үстіне төсеймін де, үстінен үтікпен басып шығам. Температураның әсерінен пакеттердің бояулары бір-бірімен араласып, қызық өрнектер шығады. Яғни мен әшекейлерге ешқандай бояу қоспаймын. Әлгі төсеніш қатқаннан соң, оны түрлі пішінде қиып, сырға, алқа тәрізді әшекейлер шығарамын. Олардың салмағы өте жеңіл болғандықтан, тағып жүргенде еш қолайсыздық тудырмайды.
Айналамдағы адамдардың осы жобама қолдау білдіріп, көмектесіп жүретіндері үшін қатты риза боламын. Мәселен, университетімдегі мұғалімдер үйлеріндегі пакеттерді әкеліп береді. Ешқандай жарнама жасамасам да, әлеуметтік желідегі аккаунтымнан көріп, әшекейлерді осы күнге дейін 70-тен аса кісі сатып алды.

Данияр БАКИМОВ, Rocket Plastic жобасының авторы:

ПЛАСТИКТЕРДІ ӨҢДЕЙТІН ҚҰРЫЛҒЫ ШЫҒАРДЫҚ

– Бұл жобаның аясында ең көп қоқысқа айналатын заттар, яғни бір реттік ыдыс-аяқ, пластик бөтелкелер, сусабын құтыларын жинап, солардан ұзақ уақытқа жарамды жаңа дүниелер жасауға болады. Мәселен, осы күнге дейін біз әлгі керексіз пластиктерді өңдеп, оларды интерьерлік плиталарға, мобильді аксессуарларға, ерлердің мойнына тағатын сәнді көбелекке, түрлі бөлшектерді сақтауға арналған органайзерлерге айналдырдық. Өңдейтін аппаратты да өзіміз жасадық. Ол төрт станоктан тұрады: оның бірі пластиктерді майдалап тураса, қалған үшеуі соларды балқытып, пішіндейді. Бүгінде еліміз бойынша төрт жерде – Алматыда, Қызылордада, Қарағандыда және Рудныйда біздің құрылғыларымыз жұмыс істеп тұр. Болашақта Астана қаласында да шеберханамызды ашқымыз келеді.
Осы жобамызды дамыту арқылы республикамыздан сыртқа шығарылатын пластиктер көлемін азайту басты мақсатымыз болып тұр. Бұрында біздің керексіз пластиктеріміздің көбісін Қытай сатып алатын. Енді олар бұған шектеу қойды. Бұл – өз қалдықтарымызды өзіміз қажетке жарататын күн туды деген сөз.

Аружан САРБИЕВА, Landscaping the Kindergarten жобасының авторы:

БАЛАБАҚШАНЫҢ АЙНАЛАСЫН КӨРКЕЙТЕМІЗ

– Мен Семей қаласындағы Назар­баев зияткерлік мектебінен келдім. Біздің мектебіміздің дәл жанында «Ақылтай» балабақшасы бар. Сондағы кішкентай іні-сіңлілеріміздің денсаулығы үшін біз әлгі балабақшаны көгалдандыру жұмысын жүргізгіміз келеді. Жобамыздың бір ерекшелігі, біз гүлдерді тек өзіміз ғана емес, сол бүлдіршіндермен бірге отырғызамыз. Кейін гүлдерді өздері күтіп-баптап, суғарады. Осылайша табиғатқа жанашырлықтың қыр-сырын бала кездерінен саналарына құйғымыз келеді. Бүгінде бұл тәжірибе батыс елдеріндегі балабақшалар мен мектептерде кеңінен пайдаланылады. Аумақты көгалдандырумен қатар, онда массажды жолдар да төселеді. Өйткені қазіргі таңда майтабандықтың кесірінен көп бозбала әскерге жарамайды. Ал жастайынан бұл проблеманың алдын алатын әдіс-тәсілдер қолданылса, нәтиже береді деп ойлаймын.

Тимур КОРОБЕЙНИКОВ, Ecopoof жобасының авторы:

ЭКО-ПУФИКТЕР БАЛАЛАР ҮШІН ДЕ ЫҢҒАЙЛЫ

– Бұдан бұрынырақ марафонға волонтер ре­тінде қатысқанымда, адамдардың су ішкен пластик бөтелкелерді оңды-солды лақтыра беретінін көрдім. Сол кезде «осы бөтелкелерді қалай кәдеге асыруға болады?» деп ұзақ ойландым. Ақырында бірнеше жігіт бірігіп, солардан пуфик құрастыруды шештік. Технология­сы өте қарапайым. Бастапқыда біз оларды бір-біріне кигізілген бос бөтелкелерді топтау арқылы жасасақ, кейін бөтелкелерді таспа етіп кесіп, соларды орындық қаңқасының сыр­тынан орау арқылы құрастыруға көштік. Бір пуфикті жасауға, көлеміне байланысты, 18-70 бөтелке кетеді. Олар салмағы жеңіл әрі бұрышы болмағандықтан, балалы үйлерге қоюға өте ыңғайлы. Мұнымен қоса, формасы мен тысындағы мата зама­науи стильге сай болғаны себепті, кеңселер мен лофт стиліндегі ресторандардың интерьерін де жақсы ашады.

Мүсілім СЕКЕРБАЕВ, Green Shield жобасының авторы:

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТЕН ҚАЛҚАН ОРНАТАМЫН

– Мен оқитын А.Пушкин атындағы №6 мектеп Атырау облысы Құлсары қаласындағы негізгі тасжолдың бойында орналасқан. Әрлі-берлі өткен көліктердің шуы, шаңы, газы оқушыларға әсер етпей қоймайды. Егер мектептің айналасын түгелдей қоршайтындай ағаш егіп тастасақ, бұл проблема шешілер еді. Санап шықсам, мектептің аумағын қоршау үшін 300 ағаш керек екен. Ал түрі ретінде атыраулық климатқа төзімді деп қарағашты таңдадым. Оларды тамшылай суару әдісі арқылы күтіп-бағады. Жобамды іске асыруға 959 мың теңге қажет.

Жанерке ТІЛЕУ, Recycling Cartridges жобасының авторы:

КӨНЕ КАРТРИДЖДЕРДІ КӘДЕГЕ ЖАРАТАМЫЗ

– Менің экологиялық жобам ескі картридждерді утилизациялауға бағытталған. Оның жұмыс істеу алгоритмін түсіндірейін. Әуелі біз, яғни осы жобаны қолға алған студенттер, ескі картридждерді тазалауға арналған құрал-жабдықтарды Қытайдан алдыртпақпыз. Сол машиналардың көмегімен картридждердің түбінде қалып қойған бояуларды алып, онымен футболкаларға табиғатты қор­ғауға шақыратын сөздер мен ұрандар жазамыз. Кейін әлгі футболкаларды сатылымға шығарамыз. Бұл жобамыз арқылы біз қатарынан екі проблеманы шешуге ынталымыз. Біріншіден, ескі картридждердің түбінде қалып қойған керексіз бояуды іске жаратсақ, екіншіден, картридждерді бояудан тазалап, пластмассаны бөлек сұрыптап алуға мүмкіндігіміз бар.

Ұйымдастырушылардың бірі, Coca-Cola Icecek Kazakhstan компаниясының ком­муникациялар жө­ніндегі ма­маны Азель Жәнібектің айтуынша, бұл байқау үшінші жыл қатарынан өткізілуде. Ондағы ең үлкен мақсат – отандық жастар арасында эко-комьюнити құрып, олардың табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларына қолдау көрсету. Жарысқа қатысуға республиканың түкпір-түкпірінен 143 ұл-қыз өтініш білдірген. Солардың ішінен жеті жоба суырылып шығып, финалдық кезеңге жеткен. Конкурстың жүлде қоры – 3 миллион теңге. Әділ қазылар бұл соманы бір жобаға түгелдей немесе бірнеше жобаға бөліп беруі мүмкін. Бір қызығы, грант жоба авторларына ақшалай түрде ұсынылмайды. Жарыстың серіктесі болып отырған Орталық Азияның Еуразия қоры (ОАЕҚ) жеңімпаз жоба авторларының әр процесін бақылап, керекті мате­риал­дық ресурсты жеткізіп отырады. Осылайша бастамалар іс жүзінде толықтай орындалмақ.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button