Басты ақпаратҚала мен Сала

Инфрақұрылымды дамыту – өмір сүру сапасын жақсарту

Бас қалада инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Себебі күн сайын, ай сайын, жыл сайын жүздеген адамдар іссапармен және демалысын өткізу үшін елордаға келеді. Әр адам көліктен түсіп, аялдамаға жеткенде, қоғамдық көлікке мінгенде, балабақшаға немесе мектепке барар жолда, демалыс нысандарын аралағанда қалалық ортаның қаншалықты жайлы, қауіпсіз екеніне көз жеткізеді. Егер де елордаға келген әр адамға бір жайсыздық, қолайсыздық сезілетін болса, ол оның көңіл-күйіне жағымсыз әсер ететіні сөзсіз. Сол себептен қала басшылығы абаттандыру, қалада жайлы, қауіпсіз орта қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып отыр.

 

Қаланы тиімді басқару үшін 2019-2023 жылдарға арналған Астана қаласының ыңғайлы құрылысын жүргізудің кешенді жоспары қабылданғаны мәлім. Алдағы 5 жылда елорданың аумағын кеңейтуге емес, керісінше, қалалық ортаны дамытуға көңіл бөлінеді. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде Астана әкімі Бақыт Сұлтанов та кеңінен айтқаны белгілі.

Жайлы қаланың жолы сапалы

Әлемнің дамыған қалалары үшін жол инфрақұрылымының сапасы жайлы орта құрудағы аса маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады. Сол себептен, Астана әкімдігі жол қозғалысын реттеудегі ең үздік әлемдік тәжірибеге талдау жасауға ерекше назар аударып отыр. Мәселен, қазір бас қаладағы 107 негізгі көше қиылыстарына «ақылды» бағдаршамдар орнатылған. Мұндай жетістік жолдағы ағынды толық реттеуге және тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтардың ұзындығы екі есеге – 77 шақырымға дейін ұзартылды. Қоғамдық көлік – бұл логистикалық жүйенің ең маңыз­ды элементі, сондықтан оны дамытуға және жекеменшік көліктің ағынын қысқартуға күш салынады. Өйткен себебі, бүгінгі таңда елорда жолдарындағы автокөліктердің саны жай күндері 400 мыңға жетті, қатты қарбалас күндері 500 мыңға жетті.
Ал қалалық әкімдік бұл мәселені қалай шешуді жоспарлап отыр? 2018 жылы елордада 183 көше салынып, жөнделді. 22 магистральдық көшедегі, 133 тұрғын үй алаптарындағы қозғалыс іске қосылды. 28 көшеде жолдың 28 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде, қоғамдық көліктегі жолаушылар ағыны жылына 46 млн-ға өсіп, 317 млн-ды құрады. Жолдардың өткізу мүмкіндігі 30 пайызға артып, көлік ағындарының орташа жылдамдығы 20 пайызға ұлғайды. Көлік тығындарының деңгейі күрделі ауа райы жағдайлары мен жол-көлік оқиғаларын санамағанда мүмкін деген 10 балдың 6 балынан аспайды.

Бір бағыттағы қозғалыс тиімділігін көрсетті

Қала басшысы бірқатар түйткілді мәселелердің әлі шешілмей отырғанын жасырған жоқ. Қала аумағына біріктірілген тұрғын үй алаптарында әлі күнге дейін тас жол салынбағаны рас. «Өткен жылы тұрғындардың өтініші бойынша Агроқалашық, Көктал-1, Өндіріс, Оңтүстік-Шығыс (оң жағалау), Энергетик тұрғын үй массивтерінде жалпы ұзындығы 27 шақырымды құрайтын 51 көшеге тас жол салынды. Алдағы уақытта тұрғын үй массивтерін тек жолмен ғана емес, қажетті коммуникациялармен қамтамасыз етуді жоспарланған.
Қаланың кейбір көшелерінде бір бағыттағы қозғалысты енгізу тәжірибесі өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр. Бүгінге дейін 22 көшеге осындай қозғалыс енгізілген. Ағымдағы жылы тағы 4 көшеге (Қонаев, Түркістан, Достық, Ақмешіт) «Bus Lane» қоғамдық көлікке арналған жолағы бар бір бағыттық қозғалыс енгізу жоспарланған. Бұдан бөлек, қалада көлік қозғалысының күрделілігін төмендету мақсатында Шағын айналма жолдың құрылысы жүргізілуде. Ұзындығы 46 шақырымды құрайтын жол Р.Қошқарбаев, Ұлы Дала даңғылы және Ақжол, Ш.Бейсекова көшесі арқылы өтеді. Ал 2020 жылы жеңіл рельсті трамвай мен Үлкен айналма жолдың құрылысы аяқталады. Бұл 2020 жылы қаланың тиімді көлік қаңқасын қалыпта­с­тыруға жол ашады.

Астана Венецияға пародия жасамайды

Кешенді жоспардың аясында оң шешілетін мәселенің бірі – нөсер канализациясы. Өткен жылдың тамыз айында бір сағатта толассыз жауған нөсер бұл саладағы кемшіліктерді көрсетіп берді. Бақыт Сұлтанов өткен жылы тазалау нысандарының 1-ші кешенінің құрылысы аяқталып, 7 насос станцияларына жөндеу жүргізілгенін тілге тиек етті. Оған қоса, Логис­тикалық орталық, Қорғалжын солтүстік тас жолы, Ильинка және «Нұрлы жол» шағын ауданында 3 тазалағыш нысан, Тельман тұрғын үй алабы мен Пушкин, Ш.Құдайбердіұлы көшелерінің қиылысында тағы 2 кешеннің құрылысы басталды.
Биыл 9 нысанның құрылысы жалғасады. Соның ішінде 7-еуі – тазалағыш кешендер, 2-еуі – нөсер канализациясының коллекторы. Түйткілді мәселені тездетіп шешу үшін, биыл екі жобаны қолға аламыз. Біріншісі – Жастар шағын ауданындағы нөсер канализацияның құрылысы. Бұл нысан су жинақтағыш-тоғаннан Ақбұлақ өзеніне лас сулардың ағынын тоқтатады. Яғни, осы аудандағы экологиялық ахуалды жақсартып, Иманов, Иманбаева, Тәшенев көшелерін су басудан қорғайды.
Сонымен қатар Ақбұлақ шағын ауданындағы нөсер канализациясы тазалағыш нысандарын қайта жөндеу (су жиналатын аумақ – 1128,5 гектар, қуаты – 21,0 мың шаршы метр/сөтке) және Дауылпаз көшесіндегі магистральдық коллекторды салу Оқушылар сарайы ауданындағы Б.Момышұлы көшесін су басу мәселесін шешеді. Осылайша, аталған жұмыстардың нәтижесінде жалпы су жиналатын аумақ алдағы 5 жылда 13 мың гектардан 23 мың гектарға дейін ұлғаяды. Демек, 2030 жылға Астана аумағының 2/3 бөлігін нөсер суларынан қорғауға мүмкіндік туғызады.

Әлемдегі суық елордалардың бірі

Астана әлемдегі ең суық елордалардың бірі болғандықтан, жылумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Қазір қаладағы жылу беру маусымы қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Жылу қуа­ты жеткілікті мөлшерде. Соған қарамастан, жаңа тұтынушыларды орталықтандырылған жылу және электр қуаты желісіне қосуды жақсарту мақсатында 1-ші жылу-электр орталығын қайта жөндеу­дан өткізу, 2-ші жылу-­электр орталығында қосымша қуаттарды енгізу, сондай-ақ қуа­ты 110 кВ құрайтын 3-ші подстанцияның құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл жеңіл рельс­тік көлік жобасын іске қосуға, Мыңжылдықтар аллеясы ауданында, Теміржолшылар кентінде және қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Қолданыстағы инженерлік желілерді күрделі жөндеу нәтижесінде апаттық желіден ажыратылу оқиғаларының саны орташа есеппен 15 пайызға төмендеді. Өткен жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қыруар жұмыстар атқарылды. Мәселен, соның нәтижесінде 24 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері жетілдірілді. Ағымдағы жылы тағы 22 шақырым желілерді толықтай жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button