Жаңалықтар

Жеңістің қайраты – болашақтың қуаты!

 Жеңістің 70 жылдығына және «ЭКСПО-2017» көрме­сінің құрметіне орайластыра ұйымдастырылған «Жеңістің қайраты – болашақтың қуаты» атты суретшілердің III халықаралық байқауы мәресіне жетті.

Астана қаласындағы Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған клиникалық госпиталь мен Л.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті ұйымдастырған халық­аралық байқауға 14 мемлекеттің қылқалам шеберлері қатысты. Мекеме басшысы Әділхан Абдулиннің айтуынша, Ресей, Украина, Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден өтінім көп түскен. Олар өз туындыларында әскери-патриоттық, ұрпақтар сабақтастығы және «ЭКСПО-2017» көрмесі шең­берінде Қазақ­станның қазіргі жетістіктерін паш еткен.
– Ұлттық сурет галереясында ілінген барлық қатысушылардың еңбектері кәсіби деңгейде орын­далған. Танымал кәсіби суретшілер мен қоғам өкілдерінен құралған конкурстық комиссия жеңімпаздарды анық­тады. Бүгінгі сурет көрмесінде кар­тиналардың барлығы халыққа ұсынылып отыр. Жалпы, қатарынан бірнеше мәрте осындай халықаралық деңгейде конкурс ұйымдастырған госпиталь ұжымына ризашылығымызды білдіреміз. Байқауға арнап салған өзімнің еңбегімді аталмыш мекемеге сыйға тарттым, – дейді танымал суретші, мәдениет қайраткері Тілеужан Батанов.
Ұлттық сурет галереясында өт­кен салтанатты шараға шетел мем­лекеттерінің Қазақстандағы ел­ші­ліктері қызметкерлері, Парламент депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button