Басты ақпаратҚұқық

Жол үстіндегі жүгенсіздер қашан айылын тартады?

Біздің ел жол-көлік оқиғасы бойынша әлем елдерінің алдында тұр, оның үстіне мас күйде көлік айдап, жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлікке қайтадан заңсыз отыруға адамдар еш қысылмайтын болды. Өз қателігін түсінуге, елдің заңын сыйлау­ға, өзге адамдардың өмірі үшін жауапкершілік сезінуге біздің санамыз жетпей жатыр. Куәлігі болмаса да қайтадан көлікке отырған деректер 20 мыңнан асады екен, бұл заңның тым солқылдақтығынан. Егер айыппұл көлемін Беларустағыдай шарықтатып көтеріп жіберсе, жол үстінде тайраңдаған жүгенсіздер аяқтарын тартар еді. Осы себепті де Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске үлкен өзгеріс енгізу керек. Әйтпесе ел аман, жұрт тынышта халық жол үстінде қырылып жатыр.Жыл басынан бергі 9 ай аралығында мас жүргізушілер 342 жол-көлік оқиғасына себепші болған. Мас жүргізушінің кесірінен 64 адам қаза тауып, 493 адам жарақат алған. «Оса» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Руслан Лазутаның айтуынша, елордадағы «Наркология және психотерапия» орталығы мамандары соңғы бір жылда 3 мыңға жуық науқасты қабылдапты. Олардың қатарында ішімдікке тәуелді жүргізушілер де бар (Қазақстан заңы бойынша адам қанынан алкогольдің 0,5 промилі анықталса, ол мас болып есептеледі). Солардың кесірінен көбіне жол жүргіншілерінің «әлсіз тобы», яғни жаяу жүргіншілер, велосипед және мотоцикл айдағандар жол үстінде ажал құшады екен.
Зерттеулерге қарағанда, біздің елде адамдар көбіне жүрек-қан тамырлары ауруларынан және жол апатынан қайтыс болатыны анықталған. Жыл сайын үш мыңнан астам адам жол-көлік оқиғалары салдарынан қайтыс болады екен. Бүгінде бір үйде екі көліктен бар, кейде қарасаң көшеде адамнан көлік көп сияқты, жол да оңып тұрған жоқ, әсіресе, өңірлердегі жолдың сапасы өте нашар, қаншама камера орнатылып, жол сақшылары жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған реформалар жасалғанына қарамастан жылдамдықты асыру, жол ережелерін өрескел бұзу тыйылатын емес. Бұл мәселені Елбасы да кезінде көтерді. «Мас күйінде рөлге отырған жүргізуші – қылмыскер. Оны біздің заңымыз бойынша ең қатаң жазаға тарту қажет. Немесе ол заңдарды күшейту керек. Қаншама адам қайтыс болып жатыр, бұл сұмдық қой! Біз бір жағынан халықты емдеп, олардың өмір сүру ұзақтығын арттырып жатсақ, екінші жағынан республика жолдарында өлтіріп алып жатырмыз. Бұған назар аудару қажет» деді Н.Назарбаев.

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында болған жан түршігерлік оқиға әлеуметтік желілерде таралып кетті. «Бизон» дәмханасынан шыққан мас жігіт такси шақырып, оның жүргізушісін ұрып, Lada автокөлігін айдап әкеткен. Ал сағат 6:58-де Тәуелсіздік даңғылында жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан екі адамды қағып кеткен. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жол апатының салдарынан 48 жастағы әйел адам оқиға орнында қаза тапқан, ал 2005 жылы туған бала түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. 23 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осындай қайғылы оқиға жиі қайталанатын болды, еліміздегі ешбір заң, ешбір орган бұған тосқауыл қоя алмай отыр.

Елбасы сөзінен соң қоғам жол жүру тәртібінің сақталуына, соның ішінде жүргізуші жауапкершілігіне назар аудара бастады. Президент ­Қасым-Жомарт ­Тоқаев еліміздің жолдарындағы жағдайдың алаңдаушылық тудыратынын атап өткен еді және мас күйде автокөлік жүргізгені үшін жазаны қатаңдату қажеттілігіне де ерекше назар аударды. «Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деп жазған болатын өзінің Twitter-парақшасында.
Жуырда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат ­Ахметжанов мас күйде көлік жүргізгендерге жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. «Қазір мас болсын, сау болсын адамды машинамен қағып өлтіріп алса, жаза бірдей, әрі кетсе бес жыл. Енді мас күйінде жасалған осындай қылмыс он жылға бас бостандығынан айы­рып, өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айырылады» деп, мас күйде көлік айдап, кісі басып, мерт қылғандарды 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылғанын айтты. Яғни ендігі жерде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне мас күйінде көлік айдағаны үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, жүргізу құқығынан айыру мерзімі сегіз жылға ұзартылады. Елорданың өзінде сондай жауапсыз жүргізушілер аз емес көрінеді. «Бейбіт өмірде мас күйінде көлік басқарған жауапсыз жүргізушілер кінәсінен жолдарда адамдар қаза тауып жатыр. Оларды ақтауға болмайды. Сондықтан осындай заң бұзушылықтар мен қылмыстар үшін олардың салдарының ауырлығына теңбе-тең жаза болуы тиіс» деген ІІМ қызмет басшыларымен өткізген кеңесінде министр, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев та бұл мәселені күн тәртібінен түсірмейтінін айтты.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері мас күйде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізушіні анықтаған. Олардың 17 мыңнан астамы автокөлікті басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жүргізушілік құқығынан айырылған әрі мас күйде болған 1878 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осы мәліметті келтірген Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев Мәжілісте жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлік рөліне отыратындардың қатары көп екенін айтып өтті. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және заңнамада қалыптасқан олқылықты ескере отырып, біз осы баптар бойынша жазаны қатайту мүмкіндігін зерттеп жатырмыз. Біздің азаматтар көлік жүргізу құқығынан айырылғаннан кейін де жүргізуші куәлігінсіз көлік басқаратын жайттар көптеп кездеседі» деген вице-министр жүргізушілердің кейбір жол ережелерін бұзғаны үшін жазаны қатайтуда өзге елдердің, соның ішінде Ресей мен Беларусьтің тәжірибесі зерттеліп жатқанын айтып өтті. Беларусь заңнамасында жүргізуші кейбір жол ережесін бұзғаннан кейін де көлік басқарса, автокөлікті тәркілеу қарастырылған. Егер де мас жүргізуші алғаш рет ұсталып отырса, 50-100 базалық көрсеткіш (250000-500000 теңге) көлемінде айыппұл төлейді және жүргізуші куәлігінен қағылады. Егер бір жыл ішінде мас болып көлік айдап, қайта қолға түссе, қылмыстық жа­уапкершілікке тартылып, көлік маскүнемге тиесілі болмаса да тәркіленеді, ереже бұзушы бес жылға жүргізу құқығынан айырылады және екі жылға дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады не 1000 базалық көрсеткіш (5000000 теңге) көлемінде айыппұл төлеп, екі жылға бас бостандығы шектеледі не екі жылға бас бостандығынан айырылады екен. Егер бізге де осындай тәсілді қолданса, айтарлықтай нәтиже болар еді.
Біз мұның алдын алмасақ, мас күйде көлік жүргізудің, жалпы жол ережелерін сақтамаудың арты демографиялық, экономикалық шығынға ұшыратуы мүмкін. Өйткені Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде жөл-көлік оқиғаларының салдарынан 1,35 миллион адам қаза тауып, көптеген мемлекеттерге жалпы ішкі өнімінің 3 пайызы көлемінде шығын келеді екен.

P.S: Біздің елде өзі адам саны да көп емес, егер жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде көбіне 5-29 жас арасындағы азаматтардың қайтыс болатынын ескерсек, онда осы қарқынмен алдағы 5-10 жылдың өзінде әжептәуір адам шығынына ұшырауымыз мүмкін. Тағы бір деректерге қарағанда, жолдардағы өлім-жітімнің 93 пайызы табысы төмен және орташа мемлекеттерге тиесілі екен, халық саны аз болғанына қарамастан жол апаты мен адам өлімі көп болатыны – бұл біздің елдің кедей әрі жемқорлық жайлаған ел екендігінің тағы бір дәлелі ретінде көрініп отыр.

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button