Жаңалықтар

ЖҰМЫССЫЗДАРҒА ЖӘРДЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

лазат
Ләззат ӘБУЕВА, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы

Бекболат:
– Жас маманмын. Медициналық колледжді бітіргенмін. Астанадағы емханалардың бірінде жұмыс істегім келеді. Бұл мүмкін бе?
– Әрине, мүмкін. «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы бойынша сіз Астанада ашылып жатқан емханаларға немесе Бейбітшілік көшесі, №11 үйде орналасқан Денсаулық сақтау басқармасына барып, түйіндемеңізді қалдыра аласыз. Сонымен бірге Брусиловский 17/3 мекенжайында орналасқан Жұмыспен қамту орталығына хабарласыңыз. Ондағылар сізге мамандығыңыз бойынша жұмысқа тұруға көмектеседі.

Тілеулес:
– Елордадағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр?
– 2014 жылдың 1 шілдесіне дейінгі жағдай бойынша қала халқының саны – 835,2 мың болса, экономикалық белсенді халық – 452,7 мың адам. Олардың 429,2 мыңы жұмыспен қамтылған, ал жұмыссыздардың саны – 23,5 мың. Астанада жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыз шамасында құбылып отырады және 2013 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ол 0,3 пайызға төмендеді. Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында Астана қаласы әкімдігінің жанындағы жұмысшы тобы жан-жақты амалдарды іздестіреді. Сонымен бірге Астана тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге нақты шаралар қарастырылған 2013- 2014 жылдарға арналған еңбек нарығын реттеу жөніндегі Астана қаласы әкімдігінің іс-қимыл жоспары бекітілген.
Бірер жыл бұрын www.job.astana.kz порталы құрылған еді. Сол арқылы жұмыссыздар өз түйіндемелерін жолдай отырып, бос жұмыс орындары туралы ақпарат ала алады, ал жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды таңдайды. Жастар арасында бос орындар жәрмеңкесі, кәсіптік бағдар беру жұмыстары тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Мақпал Құрмашева:
– Бала тууыма және оған күтім жасауыма байланысты уақытша жұмыс істемеймін. Маған жәрдемақы төлене ме және төленген жағдайда оның мөлшері қандай болады?
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы 52 мың теңге мөлшерінде төленеді. Бұдан басқа, республикалық бюджеттен бала бір жасқа толғанға дейін балаға күтім бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Биылдан бастап бала бір жасқа толғанға дейін балаға күтім бойынша республикалық бюджет қаражатынан 5 пайыз, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 10 пайыз мөлшерінде зейнетақы аударымдарының төлемдері қарастырылуда.

Шоқан:
– Кеңес үкіметі кезінде барлық салада ұзақ жыл еңбек еткендерге «Еңбек ардагері» медалі беріліп, олардың еңбегі мадақталатын еді. Ал, қазіргі кезде, тіпті, мен секілді 40 жыл еңбек еткендерге де мемлекет тарапынан ешқандай сый-сияпат көрсетілмейді. Биыл бірінші рет осы мәселе қолға алынғалы жатыр дегенді естідім. Осыған байланысты Астанада қандай іс-шаралар өткізілуде?
– Биыл қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде бірінші рет Еңбек күні аталып өтіледі. Сол себепті Үкімет қаулысына сәйкес, 40 жыл жұмыс істеген және он жыл бір орында тапжылмай істеген азаматтарға «Еңбек ардагері» деген мәртебе беріледі. Оның айрықша белгісі – медаль. Осыған орай Астана мекемелерінде түрлі іс-шаралар өткізіледі, әр мекеме өз зейнеткерлерін марапаттап құттықтайды. Оларға ақшалай көмек те көрсетіледі деп ойлаймыз. Бүгінгі күнде мәселе әлі нақты шешілген жоқ. Дегенмен, қазіргі таңда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде «Еңбек ардагерлері туралы» заң жобасы қарастырылып жатыр. Ол желтоқсан айына дейін қабылданады деген үмітіміз бар.

Қаншайым:
– Жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы кімге және қанша мерзімге тағайындалады?
– Азаматтарға жұмысынан айырылуы бойынша жәрдемақы тағайындау үшін Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа хабарласа алады. Аталған жәрдемақыны тағайындау уәкілетті органда, яғни, Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінде қаралады. Жәрдемақының мөлшері 24 айдың орташа айлық табысына, аударылған әлеуметтік есептеулерге байланысты болады.
Жұмыссыздығына байланысты жәрдемақы төлеу мерзімі әлеуметтік сақтандыруға қатысушының өтіліне байланысты бекітіледі: егер еңбек өтілі 6 айдан 12 айға дейін болса, төлем – 1 ай, 24 айдан 36 айға дейін құраса – 3 ай, 36 айдан жоғары болса 4 ай бойы жүргізіледі.

Сәуле Исатаева:
– Қайырлы күн, Ләззат Еркентайқызы! Білейін дегенім: кейінгі кезде Астанада қанша жаңа жұмыс орыны ашылды?
– 2009 жылдан бастап осы күнге дейін Астана қаласы бойынша 86 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды немесе орташа есеппен алғанда әр жыл сайын 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Биыл жеті ай ішінде қалада экономиканың әртүрлі салаларында – 10 983, оның ішінде шағын бизнес саласында 8016 жаңа жұмыс орны құрылды.

Гүлсара Түсіпбекова:
– Елбасы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесіне ерекше маңыз беріп келеді. Бұл проблема біздің қалада қалай шешіліп жатыр?
– Бүгінгі таңда елордада 314 мүге­дек жұмыспен қамтылған. Олардың көбі қоғамдық жұмыстарда, әкімшілікте, халыққа қызмет көрсету орталықтарында еңбек ететіндері де бар. Өздеріңізге мәлім, қазір қала әкімінің мүгедектер мәселелері бойынша кеңесшісі бар. Сол арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты түйткілдер дұрыс шешімін таба бастады.
Жалпы, Астанада 18 666 мүгедек тұрады, оның 2 866-сы балалар болса, қалғандары – ересек жандар. Жыл аяғына дейін осы топтағы азаматтарды әлі де жұмыспен қамтитын боламыз.

Бақытжан:
– Астанаға жақында көшіп келгенбіз. Мүгедек бауырым бар. Сіздің басқарма арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдарға қандай қызмет түрлері көрсетіледі?
– Бақытжан, біздің басқармада барлық топтағы мүгедектерге, оның ішінде мүгедек балаларға да төмендегі әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. Олар: қалалық жолаушылар көлігінде тегін жүру; протездік-ортопедиялық көмек; кресло-арба; сурдокөмек; ымдау тілі маманының қызметі; жеке көмекшінің қызметі; міндетті гигиеналық құралдар; шипажайлық-курорттық емделу; «Инватакси» қызметі және т.б.

Ғалым:
– Алдағы уақытта ардагерлер мен зейнеткерлерді, мүгедектер мен Ауған соғысының ардагерлерін санаторлық-курорттық емдеуге жіберу барысында олардың табысы ескеріле ме?
– Сіздер білесіздер, өз шипажайымыз болмағандықтан, қазіргі қолданыстағы заң бойынша жағдай дәл солай болып келді. Дегенмен, келесі жылы Астана қаласында өзіміздің шипажай ашылады. Оған бару үшін барлық соғыс ардагерлері, мүгедектер, Ауған соғысына қатысушы азаматтар және қарапайым зейнеткерлер 50 пайыздық жеңілдікті пайдаланатын болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button