Басты ақпарат

Журналистика сенім дағдарысына ұшырады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Алматыдағы The Ritz Carlton қонақүйінде ресми ашылған XV Еуразия медиа форумының қатысушыларына жолдаған құттықтау хатында осындай пікірін білдірді. «Жедел өзгеріп жатқан ғаламда БАҚ әртүрлі жанжалдардың отын үрлеушіге айналумен қатар, жаһандық тежеушілік және халықаралық шиеленісті тоқтатушылық рөлін де атқара алады. Журналис­тиканың жауапкершілігі осы жерден көрініс табады» делінген құттықтау хатта.

Елбасының пікірінше, бүгінгі аудитория тәуелсіз блогерлер мен әлеуметтік желілердегі баламалы ақпарат көздерін жиі пайдаланатындықтан, классика­лық журналистика сенім дағдарысына ұшырайды. «Бұл – классикалық журналистикаға төн­ген сын-қатердің бірі. Алайда дәстүрлі БАҚ-тардың бәсекелес­тік артықшылығы әрқашан кәсібилікке және сапалы контентке негізделеді. Бұл жерде тек қана шынайы және қолжетімді ақпарат пен жалған хабарларды тексеру арқылы аудиторияны өзіне тартуға, БАҚ-тың объективті ақпарат көзі ретіндегі беделін нығайтуға болады. Ол үшін ақпаратқа деген ашық қолжетімділікті дамытып, үздіксіз диалог жүргізіп отырған жөн. Журналист мамандығы қай уақытта болсын қоғамға адал қызмет етуді жүзеге асырудың және жоғары этикалық қасиеттердің жиынтығы болып қалуы тиіс» деген Нұрсұлтан Назарбаев. Айта кетелік, Елбасының хатын форумда Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев оқып берді. Ол өз сөзінде алқалы жиынның жуырда ғана Астанада өткен экономикалық форуммен байланысып жатқанына тоқталды. Бұл кездейсоқтық емес. Өйткені медиа форумда талқыланатын мәселелер күллі дүние жүзін алаңдатып отыр. Мұндай пікірге XV Еуразия медиа форумының ұйымдастыру алқасының төрайымы Дариға Назарбаева да қосылатынын атап өтті.

Ғаламторды арам ниеттілер де пайдаланады

Д.Назарбаева XV Еуразия медиа форумының ресми ашылуында сөйлеген сөзінде 16 жыл бұрын алғашқы басқосу өткеннен бері әлемде ғаламат өзгерістердің болғанын айтты. «2002 жылы Алматыда біз алғашқы форумды өткізгенде iPhone да, iPad та, тіпті Facebook, Instagram, WhatsApp болған жоқ. Бұл жаңалықтар біздің өмі­р­імізге қазір етене еніп кетті. «Пейджер» деген сөз ұмытылып, диск, телефонды ескі кинодан ғана көретін болдық. Теледидардың жәшігі сұйық крис­талды экранға айналды. Ноутбуктардың күн сайын қаншама түрлері шығып жатыр. Смартфонды қалтамызға салып жүретін күнге жеттік. Ғаламтордың іздеу жүйесі арқылы кез келген ақпаратты лезде табамыз. Ең бастысы, әлемдегі медиатұтыну да өзгерді. Жаңа медиа жағдайында өзін суда жүзген балықтай еркін сезінетін буын дүние­ге келді» деді Д.Назарбаева.
Дариға Нұрсұлтанқызының пі­кірінше, өкінішке қарай, атал­ған инновациялардың барлығы әлем­дегі үздіксіз жүріп жатқан со­ғыс­тарды тоқтатуға ықпал ете алмай келеді. Халық­аралық ахуал шиеленісіп тұрғанда қарапа­йым халық саясаткерлер мен БАҚ өкілдерінен жауапкершіліктің жаңа деңгейіне көтерілуіне үміттенеді. «Өйткені жаһантордың осынша қолжетімділігі тек талантты адам­­дарға ғана емес, арам ниетті­лерге де мүмкіндік беруде. Ақпараттық соғыстардың көзге көрінбейтін жауынгерлерінен, жалған жаңалық таратушылардан үлкен қауіп төнуде. Біреулер менің бұл сөзімді құптамауы мүмкін. Ендеше, бұл тақырып форумның шеңберінде қызу тал­қыға түсетіні анық» деп атап өтті Дариға Нұрсұлтанқызы.

Қызу пікірталас алаңы

Жыл сайын бұл форумға 60 ел­ден 500-ден аса делегат жи­налады. Биылғы он бесінші бас­-
қосуда «Ха­­лықаралық қатынас­тардағы эво­­люция», «Еуропалық Одақтың эволюциясы», «Ақпараттық тех­нологиялар эволюциясы», «Қо­ғам­дағы сенім эволюциясы», «Қоршаған ортаның эволюция­сы», «Медиа эволюциясы», «Құндылықтар эволюциясы» деген тақырыптарда қызу пікірталастар өрбіді. Алқалы жиынға қатысу­шылардың қатарында Италия­ның экс-премьер-министрі, сенатор Маттео Ренци, ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы бойынша өкілі Арлем Дезир, америкалық саяси технология маманы, Барак Обаманың президенттік науқанында кеңесші болған Роджер Фиск, Гүржістанның бұрынғы Білім министрі Хатия Деканоидзе, ресейлік журналист Софико Шеварднадзе, «Фигаро» газетінің шолушысы Рено Жирар бар. Айтарлығы сол, форум қонақ­тары бір күн бойы журналистерге шеберлік дәрісін өткізді.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button