Басты ақпарат

Жүзіктің көзіндей жарқыраған

Елорданың сәулет шедеврлерінің бірі – ағылшын архитекторы Норман Фостердің жобасымен да­йындалған Назарбаев Орталығы. Жүзіктің көзіндей жарқыраған ғимаратта Тұңғыш Президент қоры және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы орналасқан.

Тұңғыш Президент қоры

Төбесін көмкерген шыны атриумынан ішіне күн сәулесі себезгілеген сүттей аппақ әрі кең ғимараттың тұрақты мекендеу­шілерінің бірі – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке бастамасымен 2000 жылы құрылған Тұңғыш Президент қоры. Қор еліміздегі адам капиталының бәсекелестік қабілетін арттыруды, талантты жастарды қолдап, азаматтық бастамаларды дамытуды көздейді. Осы мақсатта 100-ге тарта жобаны жүзеге асырып отыр. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Әлеу­меттік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі», жас IT мамандарды қолдауға бағытталған «Smart Zholy», «Method PRO» жобалары, жас ғалымдарды ынталандыратын «Science Slam», «Ғылымдар фестивалі», жас өнерпаздарды қолдайтын «Жас Star», «Бала дауысы» сияқты жобалар жыл са­йын ұйымдастырылып тұрады.
Айрықша атап өтерлік жайт, Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік саясат және экономика институты (ӘСЭИ) дүние жүзіндегі геосаяси, экономикалық үдерістерді, халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік, еуразияшылдық пен интеграция мәселелеріне қатысты терең талдау-сараптамалық жұмыс­тарын жүргізеді. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының тәуелсіз мемлекет құру мен нығайтудағы рөлін һәм халықаралық ынтымақтастық пен бейбітшілікке қосқан үлесін ғылыми тұрғыдан негіздеумен де шұғылданады. Институттың мұрындық болуымен таяуда ғана «Астана клуб» халықаралық сарапшылар алаңының үшінші отырысы өтті. «Чатхэм хауз» форматында ұйымдастырылған пікірталас алаңында бірнеше елдің экс-мемлекет басшылары, «ақыл-ой орталықтарының» жетекші сарапшылары бас қосып, Еуразия құрлығындағы геосаяси, экономикалық ахуал туралы ойларын бүкпесіз бөліскеніне куә болдық.

Елбасы кітапханасы мен музейі

Орталықтың ашылуымен тұспа-тұс, яғни 2014 жылы 13 нау­рызда құрылған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесі көпшілік назарына Президенттің жеке қорындағы кітаптар, құжаттар мен құнды жәдігерлерді ұсынып, Президентіміз Н.Назарбаевтың көрегендік сая­саты мен жасампаздық идея­­ларын насихаттауға айрықша үлес қосып отыр. Мекеме директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Мұтахиддинқызының айтуынша, Президенттің 2016 жылғы 4 қарашадағы №369 Жарлығымен Елбасы кітапханасына бастапқы жылдары Президент резиденция­сы болған оң жағалау­дағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайын қосып, мекеме атауы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының музейі» болып өзгертіліпті.
Орталықтың екінші, үшінші қабатын тұтастай алып жатқан кітапхана мен музей экспози­циясының мол қоры келушілерге Елбасы өмірінен, егемендікке қол жеткізіп, тә­уелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жылдарынан сыр шертеді. Айталық, Президенттің жеке кітап­ханасының негізін сонау 1960 жылдары Н.Әбішұлы еңбекке қызу араласа бастаған шақтан өз бетімен жинаған кітаптары мен басылымдары құрайды. Сондай-ақ, Си Цзиньпин, Ли Ку­ан Ю, Сүлеймен Демирел секілді мемлекет басшылары, түрлі дін басылары атынан тарту етілген сирек, көне кітаптар мен тарихи мәні зор құндылықтар да осы қорда сақтаулы. Мысалы, қолға түсе бермейтін коллекциялық, көне басылымдар қатарынан Миландағы Амброзиан кітапханасы тарту еткен Леонардо да Винчидің сызбалары бар альбом, ғарышкер Т.Мұсабаев сыйлаған, ғарыш айлағында болып қайтқан Құран кітабы және оның басқа да сирек кездесетін нұсқаларын, Ресей императоры Александр II кітапханасында сақталған Ф.Шлоссердің «Всемирная история» кітабын атау­ға болады. Бұған қоса, Президенттің әр жылдары әлемнің отыз тілінде шыққан еңбектері тұрақты экспозицияда тұр. Олардың қатарына күні кеше ғана әзербайжан тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабы да қосылды.
– Жалпы, кітапхана қорында кітаптан бөлек, Президенттің жеке архивіне жататын 120 мыңнан аса мұрағат құжаттары, бірегей өмірбаяндық-шығармашылық материалдар сақтаулы, – дейді бізді кітапхана экспозициясымен арнайы таныстырған экскурсия қызметінің сарапшысы Жанат Кеңесқызы, – олардың арасынан Елбасы өмірінің әртүрлі кезеңдерінен дерек беретін үлгерім табелі, куәлік, құрмет грамотасы, депутаттық билеті, ата-анасының куәліктері секілді жеке басына қатысты құжаттармен қатар, өзі қол қойған жарғылар, «Қазақстан 2030» секілді стратегиялық құжаттар, Астанадағы небір архитектуралық нысандардың қағазға түсірген нобай-сызбасы, мемлекеттік әнұранның түзетілген нұсқасы секілді бірегей жәдігерлерді көруге болады.
Олардың бір парасы ертең Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай «Тарихи таңдау» деген атпен топтастырылып, көпшілік назарына ұсынылады.
Жанат Кеңесқызының айтуынша, кітапхана қорының басым бөлігі электрондық нұсқада қолжетімді. Қызығушылық танытқан кез келген жан олармен presidentlibrary.kz ресми сайты арқылы оқырман ретінде тіркеліп, таныса алады. Біз барар күні Елбасы кітапханасы музейін біраз шетелдік туристер аралап жүрді. «Бірегейлік пен бірлік: қазақстандық жол және Н.Ә.Назарбаевтың моделі» атты халықаралық конференцияға қатысуға келген Беларусь елінің делегациясы екен.
– Керемет, – деді ортасындағы егделеу біреуі таңданысын жасыра алмай, – мына тұнып тұрған тарихқа, сыйлықтар мен марапаттарға қарап, Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық аренадағы беделі зор саясаткер, шынайы мемлекетшіл тұлға екеніне көз жете түсті.
Жалпы, Елбасы кітапханасының көрме залы арнаулы экспозициялық аумақтарға бөлінген. Соның ішінде келушілердің назарын айрықша аударатыны «Президент» және «Президент сыйлықтары» деп аталады. Онда Нұрсұлтан Әбішұлына әр жылдары тарту етілген кәдесыйлар, қару-жарақтар, үстел және қабырға сағаттары, түрлі шахмат тақталары, мүсіндер, қолжазбалар, жеке тұтынған заттары, түрлі елдер мен халықаралық ұйымдар берген наградалар сақтаулы. Мекеме директорының орынбасары Ботагөз Қайып­қызының айтуынша, бүгінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі жинағында 36303 дана жәдігер сақтаулы тұр. Оның ішінде музей кітапханасының қорына 1991 кітап пен баспа басылымдары кіреді. Ал электрондық мұрағат қоры – 25220, музей топтамасы 9092 сақтау бірлігінен тұрады. Бұлардың бірқатары тұрақты экспозицияда, кейбіреуі мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндер қарсаңында уақытша экспозицияға, еліміздің аймақтарында ұйымдастырылатын көшпелі көрмелерде көпшілік назарына ұсынылады.

ЭКСПО кезінде 70 мыңға жуық адам келді

Назарбаев орталығында түрлі халықаралық, республикалық деңгейдегі іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Осындай шараларға алыс және жақын шетелдерден, өңірлерден келген адамдар көрмені тамашалап, тағылым алып қайтады.
– Мәдени-ағартушылық қыз­мет – Елбасы кітапханасының басты бағыттарының бірі, – дейді Ботагөз Қайыпқызы. – Сол себепті интерактивті дәрістер, кездесулер мен конференция­ларды жиі ұйымдастырып тұрамыз. Мысалы, былтыр жыл бо­йына өскелең ұрпаққа арналған «Әлемді өзгертетін идеялар» тақырыбы бойынша дәріс-семинар өтті. Биыл «Қазақстандық жол: мәңгілік ел» семинар-тренингтер топтамасын ұсынып отырмыз. Мұның бәрі – Елбасы кітапханасындағы ғылыми-сараптамалық топтың арнайы әдіс­темелік негізге сүйеніп жасаған шаралары.
Жалпы, орталық есігі келу­шілерге әрдайым ашық. ЭКСПО кезінде Назарбаев орталығына 70 мыңға жуық адам келіп кетіпті. Олар көрсе көз тоятын, іші де, сырты да мәнді ғимаратта ғибратты әңгіме тыңдап, тәуелсіз еліміздің тәй-тәй басқан қадамдары мен ұшқан құстай көркейген даму кезеңдеріне қатысты бай мағлұмат алып кетті деп ойлаймыз.

Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button