Басты ақпаратРухани жаңғыру

Жылқышылық – өркениет бастауы

Қазақ қоғамы дегеніміз адамзат тарихының даму процесінде өз орны бар, шаруашылығы, өмір салты, билік нұсқасы Еуразиялық дала өркениеті туғызған соны жүйелерге негізделген құбылыс. Жалпы адамзат баласын осындай нақты қоғамдардың жиынтығы деп қарастырған жөн. Әлем тарихшылары адамзат баласы туғызған қоғам, мемлекет, өркениеттік топтарды тарихтың сыртқы құрылымы деп қарастырады. Тарихшылар осы сыртқы құрылымның сыртынан тон пішіп, өздерінше эра, кезең, заман, ғасыр т.б. ұғымдарды қолдана отырып кезеңдестіреді, яғни сыртқы құрылымның сыртынан тағы бір шартты және абстракциялы құрылым жасайды.

Кейде тарихшылар кезеңдестірудің шартты кесте екенін ұмытып тарихты танудың барлық мәселесін осы айтылған дүниелермен ғана шектеп тастайды. Шын мәнінде тарихтың даму заңдылықтары оның ішкі құрылымында жатыр, басқаша адам баласы басынан кешетін төңкерістер мен қайта құрулардың, мәдени құбылыс­тардың қайта оралып отыратын қасиетін т.б. толып жатқан мәселелерді түсіндіру қиын.
Қоғамның негізінде табиғи ортаға бағынышты шаруашылық қарым-қатынастарының жүйесі орналасқан. Осы шаруа­шылық негіз – қашанда әлеуметтік, саяси, этникалық өмірдің құрылымдық қасиеттерінің іргетасы. Біз классиктерден бас тартқанмен әлемдік ақыл-ойдың төрінен ертеден орын алған материалистік тарихтану дәстүрінен қол үзгеніміз дұрыс болмайды. Ал қазіргі тарих ғылымының жағдайы шылапшындағы сумен бірге баланы да сыртқа төге салған әйелге ұқсайды.

Қандай да болмасын нақты қоғамды белгілі бір дәрежедегі жүйе деп қарастыруға болады. Қазақ қоғамы да өзінің дәстүрлі шағында (ХІХ ғ. ортасына дейін) осы заңдылықтарға бағынғанына біздің күмәніміз жоқ. Қазақ қоғамының бір ерекшелігі – оның қандай саласын зерттеуге ден қойсақ та, біртұтас, синкретті, бір-бірімен тығыз қабысқан құрылымдардан тұрады. Осы құрылымдардың ең мықтысы, өзгелерге іргетас қыз­метін атқара беретін құбылыс-туыс­тық жүйе. Осы күнге дейінгі қазақ тарихына қатысты күмәнді көзқарастар туыстық жүйені түсінбеуден, қазақ тарихын еуроцентристік, бір жақты пайымдаудан келіп шығады. Алысқа бармай-ақ А.И.Левшин тұжырымдамасына көңіл аударайық. «Жақын танысқанда, біз қазақтардан анархияны көреміз – дейді А.Левшин. – Себебі, билік дәрменсіз, заң жоқ, қылмыс жазаланбайды». Біріншіден, бұл қазақ қоғамына еуропалық құндылықтар тұрғысынан қарау, екіншіден әкімшілік-аумақтық құрылым туыстыққа негізделетінін ескермеу, үшіншіден ХІХ ғасырдың басында қазақ қоғамы киліккен дағдарысты есепке алмау. А.И.Левшинге қазақты мемлекет ретінде тану үшін батыстық бюрократия, жазалаушы органдар, заң кодекс­тері керек. Біз том-том заң кодекс­тері, жазалаушы және басқарушы шенеуніктерінің үлкен армия­сы бар, бірақ адам құқығы аяққа тапталып, жемқорлық асқынып, ар-­ұяты азғындап кеткен қоғамдарды да білеміз. Ал мемлекет қашанда тарихты танудың алғышарты, ол жоғарыда айтылғандай тарихтың сыртқы құрылымы. Кез келген тарих философиясымен айналысатын ғалым алдымен қоғамды, содан кейін мемлекетті іздейді. Бізге мемлекетімізді тану үшін А.И.Левшиндер қазақ тарихын түсірген методологиялық шырғалаңнан шығуымыз керек. Көшпелілер қоғамы – өзі өмір сүрген ортамен біте қайнасқан этноәлеуметтік-саяси құндылықтардың жиынтығы. Ол құндылықтардың ішінде мемлекет те бар, бірақ ол отырықшы елдердегідей –билік және қоғам болып екіге жарылып кетпеген. Біз осы тұста Ф.Ратцельдің, К.Каутскийдің, В.Бартольдтің т.б. көне отырықшы мәдениеттердің мемлекет болып қалыптасуында көшпелілердің ересен орыны бар деген тезисін еске алуымыз керек. Оның бір белгісі көшпелі жауынгер әулеттер құрған мемлекеттік бюрократия мен бағынышты қоғам арасындағы антогонистік қарым-қатынас.
Көшпелілердің өз ортасында мемлекеттік билік туыстық жүйе­ге бағынышты, ал туыстық жүйе өз кезегінде азаматтық қоғамның кепілі. Шоқан Уәлиханов қазақ қоғамының бұл қасиеті туралы «Соңында қорыта айтсақ, бәрінен де маңыздысы, біздің қоғамдық дамуымыздың түр-сипаттары мәдени дамудың ең жоғарғы сатысына тән көрсеткіштермен өте сәйкес ерекше қарапайым деңгейде тұр» дейді. Бір қызығы сыртқы фактор күшейген уақытта көшпелі қоғам уақытша бір орталықтанады және ұлыстық жүйеге көшеді. Оның жарқын мысалдарын біз Қасым, Есім, Әз Тәуке, Абылай хандардың ел билеген замандарынан көре аламыз. Бейбітшілік уақытта әр қауымның, әр тұлғаның еркі өзінде. Көшпелі қоғам жеке адам ынтасына шексіз мүмкіндік бермесе де шаруашылық, әлеуметтік, этникалық және саяси өмірдің ерекше құрылымы арқылы әр адамға тұлға болып қалыптасуға, өз қасиетін танытуға толық жағдай жасайды. Біздің ойымызша, қазақ қоғамы жөніндегі қалыптасқан түсініктердің біржақтылығы осы мәселелерді ескермеуге байланыс­ты. Өкінішке қарай, біз қазақ тарихындағы адам факторына орыс тарихшысының көзімен қараймыз, ал ол көзқарасты туғызған Ресейдің ерекше жағдайы: самодержавие, басыбайлылық, большевиктік тоталитаризм қалыптастырған «үшінші немесе төртінші адам».
Жоғарыда айтылған мәселелер біздің тарихымыздың бірнеше мыңжылдығын қамтиды. Егер отандық тарихшылар Еуразия көшпелілерінің өркение­ті туралы бірдеме айтамын десе, трансцендентті ілімдермен алданбай алдымен біздің аталарымыздың ежелгі дәуірдегі мемлекет құру потенциа­лынан бастағаны жөн.

Өкінішке қарай, біздің тарих ғылымы қазақ қоғамын адамзат өркениетінен тыс қарастырады. Ресей империясы екі ғасыр бойы күресіп қазақтың мемлекеттік институттарын жойды, бір орталықтанған туыс­тық жүйені әлсіретті, территория­лық-әкімшілік құрылымға үйретті, ақыры бұратана есебіне кірдік. Кеңес одағы біздің ішкі құрылымдардың тас-талқанын шығарды, мемлекеттік сана аяққа тапталды, жер-суға иелік етуден қалдық, дәстүр-салттан айрылдық, орыстандық.
Батыстың ықпалымен кеңестік тарихнамада Еуразияның көшпелі халықтарын төменгі (варварлық, жабайылық) даму кезеңіне енгізу орын алғаны белгілі. Бірақ бір ойланатын мәселе бар. О.Шпенг­лер, ­А.Тойнби сияқты батыстың мықты деген ғалымдарының өркениет кестесінен Еуразия көшпелілеріне орын тауып бере алмауына не себеп? Алғашқысы дүниежүзі тарихында сегіз аяқталған мәдениетті көрсетеді, бұл: египеттік (мысыр), үнділік, вавилондық (бабыл), араб-византиялық (ұрым), қытайлық, грек-римдік, батыс еуропалық, майя мәдениеттері, кейінгісі –жиырма бір дейді. А.Тойнби пікірінше «Өркениеттер өмірі ұзақ, ол үлкен территорияларды алып жатыр, ал өркениеттер қамтитын адамдар саны одан да көп. Ол көбінесе примитивті қоғамдарды бағындыру және ассимиляция жолдарымен жайылады». Көшпелілер қоғамын А.Тойнби примитивтілер қатарына қосады, даланың бірде-бір ұлы империясына оның өркениеттер кестесі сызылған нұсқасында орын табылмайды. Ең болмағанда әлі күнге Орталық Азия үстіртінде далалық мәдениеттің асыл нұсқаларын сақтап, табиғатпен ғажап үйлесімді тамаша өркениет құрып отырған моңғолдар да жоқ. Сегіздің ішіне кірмесек те, жиырма бірге енуге болар еді ғой. Қазақ тарихшылары бұл қорлықты қалыптасқан еуроцентристік көзқарастардың салдары деп есептейді. Егер бұл сияқты кестелерге қазіргі заман тудырған ара-қатынас биігінен қарар болсақ, мүмкін осындай пікірге негіз де болар, бірақ көшпеліліктің тарихқа қатынасы тек соңғы жүз жылдықтардан гөрі, одан әрі мыңжылдықтарда көбірек болған. Жаратылыс әлемінен оқшау шыққан адам баласы үшін кәсіптің ең табысты деңгейі көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғаны белгілі. Еуразия даласында алғаш қолға үйретіліп, адамға қызмет істей бастаған жылқы малы адамзат баласын бірнеше мың жыл бойы алға сүйреді. Еуразия даласының бақташы тайпалары тарихи дәуірде бірнеше рет әлемдік ұлы империялар құрды. ХХ ғасырдың басында әлем бойынша жинақталған тарихи деректерді қолына ұстап отырған О.Шпенглер мен А.Тойнби бұл айтылған мәселелерді білмеді деуге болмайды.
Бір өкініштісі, қазақ тарихшыларының зерттеу тақырыптары ешқашанда ескі құрылықты қамтымайды, археологиялық қазбалар, жазба ескерткіштері арқылы ерте заманға барған күннің өзінде қанатын жазғанын көрмейсің. Күйбең тіршілікпен жүрген ел Еуропалық өркениет адам баласының қол жеткізген ең биік шыңы деп есептейді. Қазіргі заман мектептері мен тұжырымдары Еуропада қалыптасты, дәл осы кезде дала халықтарының дәуірі күйреп, еуропалықтардың басымдылығы айқын бола бастады. Еуропада үлкен бетбұрыстар Ұлы географиялық ашылымдарға байланысты болса, Шығыс пен Батыс арақашықтығы өндірістік төңкеріс кезеңінде ұлғая түсті. Еуропалық капитализм дүниежүзілік нарық және т.б. құралдарды пайдаланып адамзатты бір унификацияланған қоғамға айналдыруға қызмет істеді. Әлемдік гегемония өмір-бақи Еуропаның қанжығасына байланып тұрған жоқ, оның басталуы және орнығуы ХVІ-ХVІІІ ғасырларға сай келеді. Бұл жерде ескеретін бір мәселе бар. Зеңбірек пен қорғасын оқ Еуразияның далалық көшпелілерін жеңгенімен, олардың жасампаз істері дүниежүзілік тарихта сайрап жатыр. Осыдан болар еуропалық ғалымдар Ұлы Еуразиялық дала көшпелілерін не мәдениет, не өркениет түсінігіне жақындатпау үшін көп еңбек етті. Әлемде қай ел үстем болса, тарихты сол ел жазады және өз көзқарасын өзгелерге таңады, бұл заңдылық та методология мәселесімен айналысқанда есте болуы керек. Өкінішке орай, отандық тарих ғылымы әлі де болса еуроцентристік теория жетегінде жүр. Көп уақыт бойы біздің тарихшылар қазақ жерінен тек қана отырықшылықтың қалдықтарын іздеп, көшпелілікті мойындағылары келмеді.
Қазақ жерінде қалалар аз емес және олардың тарихы Еуропа қалаларының тарихынан әрі. Соңғы зерттеулерге қарағанда, Орталық Азияда жоғарғы палеолит кезінде халық тығыздығы Еуропаға қарағанда басым болған. Бұл дәуірде халықтың басым көпшілігі Азия­ның солтүстік-шығыс бөлігіне (кейін олар бос жатқан екі Америка территорияларына орналасты) немесе батысқа жылжи отыра, тас дәуірінің соңында өмір сүріп жатқан жергілікті халықтың мәдени дамуына үлес қосқан болатын. Б.з.б. V мыңжылдықтың соңында Батыс Сібір халықтары байлықтарын сақтап қалу қамымен ағаш қабырғалары мен орлары бар бекініс­тер сала бастайды. Ә.Марғұлан және т.б. ғалымдар қола мен ерте темір дәуірінің қоныстарын, соның ішінде протоқалалық мәдениетін зерттеуде үлкен жетістіктерге жетті. «Еуразияның далалы аймағында қала өркениетінің тууы дүниежүзіне белгілі Трояның төменгі қабаттарымен қатар жүрді (б.з.б. ІІ мың жылдық)» деген К.Ақышев пікірі де өте құнды болып табылады.
Біздің тарихты зерделеудің жолы өзіміздің ауызша мұрамызға иек арту. Ал оны қарасақ біз тарихтың көне бастауынан Алаша хан сияқты ғажап бейнені көреміз. Алаша хан- алғашқы жылқышылық дәуірдің символы. Жазба деректерінен бұл мәселе туралы Рашид ад-диннің ХІV ғасырдың ортасында жазылған «Жами-ат тауарих» тамаша баяндайды. Көп жағдайда Рашид ад-диннің жазбалары қазақ шежіресінің мәліметтерімен қабысып, дәлелдеді. Оның себебін тарихшы көп деректерді белгілі шежіреші Болат-чиңсаннан алған: «…түріктер Яфетті Булджа-хан (Алаша-хан) деп атады және қазір де солай атап келеді және осы Булджа-ханның (Алаша-хан) Нұқтың не ұлы, не немересі екенін анық біле қоймайды, бірақ соның әулетінен екеніне және уақыт жағынан соған жақын екендігіне келгенде олардың барлығының да жауаптары бір. Бүкіл моңғолдар, түрік тайпалары және барлық көшпелілер (мәтінде: далада өмір сүрушілер) соның әулетінен тарайды. Осы мәселенің анық-қанығын былай түсіндіреді.
Булджа-хан (Алаша-хан) көшпелі болған; оның жазғы жайлауы керемет үлкен және биік таулар болып табылатын Ортаке и Казтауы, сол шамада Инандж атты қала болған. Булджа (Абулджа)-хана қысқы қонысы да сол маңайда болған, (Бурсук. – Ж.А.), Какьян и Каракорум (Каракум. – Ж.А.), оны Каракорум деп те атайды, аталатын жерлерде. Осы жерге жақын Талас и Кары-Сайрам сияқты қалалары орналасқан.
Соңғы қала өте көне және тым үлкен. Осы қаланы көргендер, оның бір шетінен екінші шетіне жету бір күн жүру керек дейді және оның қырық қақпасы бар дейді. Бүгінгі уақытта онда түрік-мұсылмандар мекен етеді…
Әбілғазы баһадүр ханның «Түрік шежіресі» жоғарыда айтылған әңгімені толықтыра түседі. Ол да өзінің алдындағы тарихшылар сияқты түрік халықтарының шежіресін Таураттың аңыздарынан бастайды, бірақ ел аузында сақталған түрік халықтарының өз ауызша дәстүрін де қосып жіберген. Әбілғазының айтуы бойынша Алаша хан Яфеттің замандасы емес, оның алтыншы ұрпағы (ата санағанда): Яфет – Түрік – Түтік – Елшехан – Диб Бакуй – Киік хан – Алаша хан. Бұл тәпсір біздің ойымызша шындыққа жақын. Дегенмен Алаша ханның өмір сүрген уақыты атақты жер бетін топан су басу оқиғасынан тым бері емес екені анық.
Алаша ханның егіз туған екі ұлы бар еді, бірі –Татар, бірі-Моңғол. Алаша хан қартайған соң елін екі ұлына бөліп берді. Бұл екеуі бір-біріне жамандық ойламай, тату –тәтті, бақытты өмір сүрді».
Жоғарыда келтірілген Алаша хан туралы әңгіме қазақ шежіренің белгілі маманы Құрбанғали Халид еңбектерінде өз жалғасын тапқан, ол «Алаша хан жалпы хандардың бабасы, татар мен моңғолдың атасы» делінеді. Қ.Халид өзінің уәждерін дәлелдеу үшін қазақтың тарихи фольклорындағы материалдарға жүгінеді. Алаша хан заманы сонымен Орталық Азия халықтарының түрік және моңғол болып бөлінбеген, алтай тілдерінің біртұтас семьясының әлі ыдырамаған, бірлігі күшті уақыты. Қазақтың ежелгі аңыздарының М.Ж.Көпейұлы жинақтаған нұсқасында қазақтың арғы бабасы және алғашқы мифтік билеушісі Алаша хан дәуірі туралы ғажап деректер бар: «Қырық ханның бірі болған, Қызыл Арыстан хан деген Бұхарада тұрыпты. Осы күнгі бір өзінде он бес азаншы азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмаған, «Қызыл аяқ» деген бір елді шауып, ат көтіне салып әкелген бір қызға аяқ салып, онан бір бала сауысқанның аласындай ала туады. Бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандықтан іш тарлық қылып, күндеп, бұл баланы балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр. Мынау өскенде жұртыңды ала қылып ұстайды, еліңді ала тайдай бүлдіреді, – деген соң, хан қырық жігітке бұйрық беріпті: «Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер. Өлсе өлсін, өлмесе өз бетімен қаңғып күн көрсін», – деп жер аударады. «Зинхар қайтып бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер», – депті.
Алғашқы уақытта Қызыл Арыстан ханның жіберген қырық нөкері, Алаша бала мен оның анасы Сырдарияның оң жағалауында, Алатау мен Қаратау беткейлерінде өмір сүрген. Он екі жыл өткеннен кейін бала Майқы бидің баласы Үйсінмен оқтай ұшырап кездеседі. Үйсін үйіне оралғаннан кейін әкесіне: «Бір ағаштың көлеңкесінде жас баланы көрдім. Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, көрген кісі қызығып, бір қасық сумен жұтып жіберерлік. Жалғыз айыбы – тілі жоқ» – дейді.
Кейіннен Майқы би, Қотан би, Қоғам би жүз жігіттен бөліп, әр жүз басына өз ұлдарын тағайындап, Сарыарқаға жібереді.
Қазақ түсінігінде жоғарыда аталған Сарыарқа аймағындағы жерлер бақташылық тіршіліктің негізгі ортасы, қазақша айтқанда «мал кіндігі» аталады.
Жылқыны қолға үйрету тәжірибесі Еуразия құрлығында алғаш рет қазақ жерінде болғанын дәлелдер бүгінгі күні әр түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы белгілі болып отыр. Оның бір дәлелі қазақ жеріндегі энеолит дәуірлері ескерткіштерінің бір ерекшелігі – онда жылқы сүйектері басым. Жылқышылық мәдениет батыстан шығысқа қарай күшейе береді. Мысалға, Дереивка деп аталатын Шығыс Еуропалық энеолиттік қоныста (б.з.б. 4 м.ж.) барлық табылған аң және мал сүйектерінің 60 пайыз жылқының сүйегі, Украинадағы Репин – Хутор қонысында – 80 пайыз, Көкшетау аймағындағы Ботай қонысында – 99,9 пайыз. Зерттеуші В.И.Бибикова Оңтүстік-Шығыс Еуропа аймағында жылқы шаруашылығы дамуының екі ареалын бөліп көрсетеді: батыс және шығыс. Соңғысында жылқы сүйектері көбірек табылған, яғни «жылқы малын қолға үйрету ертеден дамыған шығыс ареалдан бұл шаруашылық түрі басқа аймақтарға жайылған». Бірнеше жылдарға созылған археология­лық қазба жұмыстарының кезінде «Барлығы Ботайда жүз мыңдаған жылқы сүйегі табылды» – дейді ­­В.Ф. Зайберт.
«Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды» дейді Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласында.Әр түрлі дерек көздерін салыстыра келе біз б.з.б. ІV-ІІІ мыңжылдықтарда неолит-энеолит кезеңінде Қазақстан территориясында бірнеше шаруашылық-мәдени аудандар болған деп есептейміз. Біріншісі – «Ботай мәдениеті» табылған далалы-орманды, екіншісі — жабайы жылқылар табындарына соңынан еріп өмір сүрген аңшылар қауымының негізінде пайда болған меридианалды жүйе малшылары. Соңғысы отырықшы-егінші оңтүстікпен Түркістан өңірімен (Ташкентті қоса) байланысты аудандағы бақташылық. Сонымен біз Қазақстан территориясындағы неолит-энеолиттік кезеңінде үш шаруашылық-мәдени түр болғаны жөнінде айта аламыз: жартылай отырықшы – солтүстікте, көшпелі – орталық аудандарда, отырықшы-егінші – оңтүстікте.
Бұл кезеңде сөзсіз, мал шаруа­шылығымен айналысатын тайпалардың шаруашылық негізін жылқы құрады. Бұған қоса ол басқа үй жануарларын ұстауға бөгет жасаған жоқ. Біздің ойымыз­ша, үй жануарлары жөніндегі әр түрлі аңыздар мен сенімдер ежелгі тарихты зерттеуде үлкен маңызға ие. Бірақ Орта Азия мен Алдыңғы Азия халықтарының тарихи фольклорындағы параллельдікті ескеру керек. Мысалы, үй жануарларының сақтаушылары Зеңгі баба, Шопан ата, Ойсыл қара Орта Азия территориясында тұратын халықтарға әр түрлі әулиелер есімі ретінде белгілі. Осылайша жылқыны қолға үйрету мен жылқы шаруашылығының энеолит дәуірінде барынша дамуы супержүйенің қалыптасуына әкелді, тарихнамада ол бақташылық мәдениет деген атпен белгілі.
Бақташылық кезең Еуразия­лықтардың тарихының бірнеше мыңжылдығын қамтиды және Ұлы даланың классикалық көшпелілік дәстүріне жасалған алғашқы қадам болды деп ойлаймын.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button