Басты ақпарат

Зұлмат құрбандары ұмытылмайды

Кеше барша қазақстандықтар ел тарихындағы ең бір қаралы кезең – саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау, рухын ұлықтау күнін атап өтті.


ХХ ғасырда әлемде ешбір мемлекет, ешбір халық дәл мұндай қасірет шеккен жоқ. Орыс даласындағы ақ қашып, қызыл қуған дүрбелеңнің соңы кедей табын билікке әкелген төңкеріспен аяқталып тынды. Ал олар құрған кеңестер үкіметі қазақ үшін патша үкіметінен де асқан қанқұйлы болып шықты. 20-жылдардағы бай-кулактармен күрес, 30- жылдардың басына дейін үш мәрте қайталанған аштық нәубеті, 37-38 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін халқымызды қатты қырғынға ұшыратты. Оның қайғысы халқымыздың қабырғасын қайыстырып кетті, бірақ рухын сындыра алмады. Қайта намысымызды қайрап, күш-жігерімізді жани түсті. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ талай зұлматтарды басынан кешірсе де, ел ретінде жойылып кетпей, бүгінде тәуелсіз мемлекет болып өмір сүріп жатқанына тәубе дейік.
31 мамыр – ұлтымыз үшін әрі қасіретті, әрі қасиетті күн. Қасіретті болатыны – бұл жазықсыз жапа шеккен арыстарымызды, ел үшін құрбан болған ата-бабаларымызды аза тұтып еске алатын күн. Қасиет­тісі – тағдыры қыл үстінде тұрса да халық үшін тайсалмай қызмет еткен алаш ардақтыларының өмірі мен мұрасынан алатын тағлымымыз.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң Тәуелсіз Қазақстанда қабылданған алғашқы дербес заңдарымыздың бірі болды. Осы арқылы мыңдаған аяулы ұл-қыздарымыз ақталып, жарқын есімдері ортамызға қайтып оралды.


Осы күні елордалықтар Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының Алжир мемориалына жиналып, ақтаңдақтарды еске алды. Осы жиында ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев сөз сөйледі. Ол: «Өткен ғасыр­дың 30-40 жылдары ресми дерек бойынша халқымыздың 42 пайызы құрбан болып, қазақ 2 миллион адамнан айырылды. 120 мың қандасымыз сталиндік лагерлерге қамалып, сүт бетіне шыққан 20 мыңнан астам қаймақтарымыз атылды. Бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани болмысына орасан зор зардап шектірді» деп атап өтті.
Мұнан кейін қала әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов, тарихшы-ғалым Марат Әбсеметов, 8 жыл Алжир тұтқыны болған Валентина Грюнбергтің жиені Вера Иванникова, Алаш қайраткерлерінің бірегей өкілдерінің бірі Қошке Кемеңгерұлының шөбересі Қайырбек Кемеңгер сөз сөйлеп, өз ойларымен бөлісті. Соңынан жазықсыз құрбан болған әруақтарға құран бағышталды. Шараға жиналған жұрт Алжир мемориалын аралап, сол жылдардағы қасіретті тарихтың мұраларымен танысты.

Дәулет АСАУОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button