Басты ақпаратМәселе

Балалар үйде отырмасын

Туристік қызмет көрсетудің өте ерекше бір санаты ретінде балалар туризмінің дамуы туралы айту үшін алдымен оның не екенін екшеп алу керек болар. Балалар туризмі деп 7-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің тәулік бойында үйін тастап, жетекшісі бастап басқа бір жерге сапарлап барып, не болмаса 6 айға дейін үй көрмей, бөтен жерде жүргенін осы ұғымға сыйғызады екен.

Мақсаты белгілі. Тынығып, денесін шынықтырып, сауықтыру, әлеуметке бейімделіп, өзінің лидерлік қасиетін көрсету, бір ортада тәртіпке бағынып, білімін де жетілдіру. Айта берсе берері көп. Негізі, «Балалар туризмі» деп заманауи ағыммен ауыз толтырып айтып отырғанымыз, әйтпесе мұның бәрі баяғы өзіміз білетін пионер лагерлерінің қызметі, мектептерде ұйымдастырылатын түрлі танымдық маршруттарын еске түсіреді.

Сол кезеңнің жақсылығын терсек, балалар туризмі деп жүргеніміз бұрынғы оқушыларды лениндік жолмен, Орта Азия мен «батыр қалаларға» алып баратын арнайы бағыттар еді. Ең әрісі ауылдағы оқушыны облыс орталығына бір күндік экскурсиямен аралатушы еді. Қазір мұның бәрі келмеске кетті. Орнына оңдысын құра алмадық. Өйткені бұрынғы жүйе ыдырап, ақшаға байланған жаңа заманда бала­ның мүддесін ойлайтындар аз болды. Әйтпесе ірі қалалардың сыртындағы балалар лагерлерінің өзі, негізгі міндеті спорт-сауықтыру бағыты болса да, толық жұмыс істемейді. Бұрындары белгілі бір өнеркәсіптің иелігіндегі балаларға арналған сауықтыру орындары қаңырап тұрғанын өзіміз көрдік. Ашық ақпарат көздеріне ден қойсақ, 90-жылдары елімізде 450-ден астам балаларды сауықтыру орталықтары мен лагерлер болған. Бурабайдың айналасында 64 балаларды сауықтыру орталығы болса, 2019 жылдың есебімен 30-дан асқан лагердің 20 шақтысы қалыпты. Ал қазіргі күні нақты жұмыс істейтіні – 14 қана. Бұл дегеніміз – балалар туризмінің бір қанатының қайырылғаны.

Балалар туризмінің бір түрі – қала ішіндегі ­саябақтар мен аттракциондарға бару, музей-театрларды аралау, тарихи көрікті жерлерге бару, тіпті сол бақтарда велосипед теуіп бір серпілу де екінің біріне қолжетімді емес.

Балалар туризмінің ең танымал маршруттары болуға сұранып тұрған Абай елі, Түркістан, Каспий, Маңғыстау, Бурабай, Ерейментау, Қарқаралы, Есік-Іле, Баянауыл, тағы басқа бағыттарға балалар түгіл, ересектерді де ұйымдастырып апарып-алып келу қарастырылмаған.

Осы күні балалардың денсаулығы да мықты емес. Сарыағаштан бастап Оңтүстік, Жетісу, Павлодар, Қызылорда, Жамбыл облысындағы санаторийлер балалардың ем-шара алуына лайықталмаған. Бұл да үлкен мәселе. Жарайды, алысқа аяғымыз жетпесе де, ауылдың маңында өлкетану үшін оқушыларды бастап апаратын мұғалімдер қалмаған ба деп ойлайсыз. Бұрындары «вожатыйларға» еріп, ел-жер аралап, далада шатыр тігіп, от жағып, оны айнала ән салып, табиғаттың аясында жүргенде жаңбыр мен күннен қорғануды үйреніп, тауға шығып, суға жүзіп, тағы басқа тартымды саяхатқа барушы еді. Ол да қалыпты. Бұл ортанқол табысы бар, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға арналған демалыс еді. Қалтасы көтергенге экскурсиялық та, тақырыптық та, тіл үйрену туры да табылады. Мысалы, Франциядағы «Диснейлендтен» бастап Англиядағы «Гарри Поттердің ізімен» жүріп келуге де болады.

Қорыта айтқанда, бұл – жергілікті әкімдіктер мен құзыретті министрліктер келісе отырып ­шешетін әлеуметтік аса маңызды мәселе. Жоқ емес, бұрыннан қаланған ізі бар. Соған жаңа мағына беріп жаңғыртуға не кедергі?!

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button