Басты ақпаратЕл тынысы

Елордалықтар – екінші орында

Елорданың «Қазанат» атшабарында ұлттық спорт түрлерінен VI фестиваль үздіктерді анықтады. Төрт жыл сайын байрағы көтерілетін ұлттық спорттың басты додасы асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша өтті.

Фестивальдің ашылу салтанатына Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Ал шараның жабылу салтанатына Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов және Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов қатысып, жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттады.

Жарыстың қорытындысы бойынша Түркістан облысы үздік болды. Оңтүстіктегі облыстан ұлттық спорттың 11 түрінен 85 спортшы келді. Екінші орынды Астана қаласы алса, үздік үштікті Жамбыл облысы түйіндеді.

– Ұлттық спорт түрлерінің VІ фестивалінде Астана қаласынан 81 спортшы 11 спорт түрінен бақ сынады. Ұлттық спорттың олимпиадасына теңелетін турнирде жаңа рекордтар тіркеліп, ұлттық спорт түрлері дамып келе жатқанын көрдік. Астаналық спортшылар да жоғары нәтиже көрсетіп, бізді қатты қуантты, – деді елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары.

Асық атудан Павлодар облысы мен Астана қаласы (бес асық), аударыспақтан Ақтөбе облысы, бәйге, жамбы ату, қазақ күресі, теңге ілуден Түркістан облысы, дәстүрлі садақ атудан Астана қаласы, жекпе-жектен СҚО, көкпардан Жамбыл облысы, құсбегіліктен Алматы облысы, тоғызқұмалақтан БҚО (ер) мен Павлодар (әйелдер) облысының спортшылары үздік өнер көрсетті.

Фестивальдің бағдарламасына дәстүрлі садақ ату (жерде тұрып садақ ату) спорты тұңғыш рет енгізілді. Сондай-ақ теңге ілу спортшылары бірінші рет «қос құлаш», «жеті құт», «бес белес» деген үш түрлі дистанцияға бөлініп жарысты.

Фестивальге еліміздің барлық өңірінен 11 спорт түрі бойынша 1381 спортшы қатысты. Шараның жабылу салтанатында Ұлттық спорт түрлерінен VII фестивалінің жалауы Шымкент қаласына табысталды.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button