Басты ақпаратРуханият

Байбарыс сұлтан және шейхтер

Қыпшақ мәмлүк сұлтандары билік құрған заманда (1250-1382) Египет пен Сирияда атақты шейхтер, зікір салу жолдары қалыптасқан сопылық мектептер бар еді. Сопылық Мекке менен Мәдина, Бағдат, Каир және қазіргі Түркия жерінен шыққан жолдар тоғысатын торапта орналасқан Сирия жерінде ерекше дамыды.

Мысырда да сопылық бірлестіктері еркін өмір сүрді. Каир төріндегі қамалдан алыс емес жерде Әмір Шейх кешені орналасқан. Кешен екі мешіт, медресе және үлкен сопылық ханақадан (қонақүй) тұрады.

Әмір Шейх кешені ортағасырлық Каирдегі сопылық ғибадатханалардың қандай болғандығын көрсететін ғимарат болып табылады. Бұл кешен 1355 жылы қыпшақ сұлтаны Хасанның билігі кезінде салынған. Бұл мәмлүк құрылыс ісінің гүлдену кезеңі еді. Сұлтан кесенесі сияқты алып ғимараттар кейін тұрғызылады.

Осылар Мысырда және бүкіл мәмлүк иеліктерінде сопылықтың еркін дамып қана қоймай, билеушілер тарапынан толық қолдауға ие болғандығын көрсетеді.

Исламдық көзқарасқа сәйкес, сопылық – мәзһаб емес, бірақ  діннің үш тірегінің бірі (ислам, иман, ихсан). Фиқһ ислам шариғаты ілімдерімен, ақидат иманмен байланысты болғандай сопылық ихсан мәртебесіне жетумен байланысты. Ихсан – құдай сүйер қылық, іс-әрекет, сопылық түсінігінде ең жоғарғы құлшылық мақамы. Алланы көрмесең де көріп тұрғандай құлшылық ету. Бұл мақамда сопы жаратушының есімдері мен сипаттарын көз алдында елестетіп, терең ойға батып, оған бар ынтасымен берілу арқылы рухани шабытқа беріледі. Осы халде сопы басирет нұры арқылы жаратушының мақамын көреді. Бұл – Алланы шынымен көру емес, ішкі таным арқылы көру болып табылады. Ихсанға жетудің бірінші мәртебесі ислам, екіншісі иман, үшіншісі ихсан. Ислам – форма, иман – мән, ихсан – ақиқат болып табылады.

Бұл құдайға жету үшін сопы таңдаған жол, яғни ғибадат етудегі ынта-жігер, жаман мінез-құлықтан аулақ болу, өзін-өзі тәрбиелеу арқылы оны білу, тану. Бұл жол Құраннан, нәби суннасынан және ғұламалар оны сопылық ғылымы етіп, оның негіздері, тармақтары, ережелері туралы баяндайтын шейх Ахмед Зарруктың «Қауаиду ат-тасаууф» (Сопылық ережелері), имам әл-Ғазалидің «Дін ғылымын жандандыру» және имам әл-Қушайридің «Ар-Рисала әл-қушайрия» (Қушайридің рисалаты) кітаптарынан бастау алады.

Сопылық қозғалысы хижраның үшінші ғасырында ислам әлемінде аскетизм мен ғибадатқа шақырған жеке тұлғалардың ұмтылысы түрінде басталды. Содан кейін бұл ұмтылыстар сопылық тариқаттар деп аталған бағыттарда дамыды. Білімсіз және надан адамдардың сопылық жолға көптеп түсуі өткен ғасырдың басында оқыған, білімді мұсылмандардың сынына ұшырады. Содан кейін өткен ғасырдың ортасында салафит мектебінің өкілдері сопылықты ислам дінін бұзу – бидғат деп шабуыл бастады.

Тіл тұрғысынан алғанда мұсылмандар арасында сопы сөзінің пайда болуы туралы көптеген аңыз әңгіме бар, олардың ішіндегі ең танымалы – суф сөзі араб тілінде малдың жүні деген мағына береді. Осы тұрғыдан алғанда сопы, сопылық жолына түскен аскеттік өмір сүру салтын ұстанып, дөрекі жүн матадан тігілген киім кигендіктен осылай аталған.

Сопылық сөзіне термин ретінде мағыналық шеңберін анықтау бойынша түрлі пікірлер бар. Олардың әрқайсысы сопылықтың бір қырын ашады. Закария әл-Ансари былай дейді: «Сопылық – бұл жанның зекеті, жанды тазарту және мәңгілік бақытқа жету үшін сырт пен ішті жандандыруды анықтайтын ғылым».

Сопылық тариқаттары – исламдағы ақиқатқа жетудің мистикалық жолы. Сопылық мәдениеттің тариқаттарға тармақталуы ХІІ-ХІІІ ғасырларда басталған.

Мәмлүк сұлтандарының сопылықты қолдауы саяси себептерге байланысты еді. Абсолюттік билікке ие болған мәмлүк сұлтандары өз құзыреттерін ешкіммен бөліспеді және оған таласқысы келгендерді аяусыз жазалап отырды. Мысалы, аюбидтер, кейін қыпшақ мәмлүк сұлтандары билікке таласқан шиғаларға қарсы ымырасыз күрес жүргізді. Мысырда жүз жыл үстемдiк құрған фатимиттер мемлекетiнiң iс жүзiнде исмаилиттер билiгi екендiгi тарихтан белгiлi. Ал исмаилизм – өз кезегiнде шиизмнiң бiр тармағы.

Сондықтан мәмлүк сұлтандары бұл өмірдің қызығынан, оның ішінде биліктен баз кешкен сопыларды барынша назарда ұстады. Мәмлүк сұлтандары осы діни бағытты қорғады және көптеген сопы тұрақтарын салды. Әрбір мәмлүк сұлтаны өз қаражатына мешіт пен сопыларға арналған ханақа тұрғыз­ды. Каир қаласы – осындай ғимараттардың саны бойынша сөзсіз көшбасшы және олардың барлығы дерлік бүгінгі күнге дейін сақталған. Әмір Шейх ханақасының сыйымдылығы – бір мезгілде 300-ден астам дәруішті қабылдай алады.

Мәмлүк Мысырындағы сопылықтың сәулет, мәдени және әлеуметтік салалардағы әсері орасан зор. Сопылықтың діни ғимараттардың, сопылар тұрақтарын (ханақа), дәруіштерге арналған тоқтайтын орын (рибат), сопылар ғибадат жасайтын (зауия), такия секілді қонақүйлердің пайда болуына себепкер болды.

Аюбид билеушілері бірінші ханақаны құрған деп есептелсе (ханақа Саид ас-Суада), алайда қыпшақ мәмлүк сұлтандары оны жобалау және салу бойын­ша бірізділікке қол жеткізіп, әл-Бундуқдария, әл-Жаулия, әл-Байбарсия, әл-Қоусыния, әл-Айтекиния деген түркі есімдерімен аталған көптеген ханақаны салды.

Қыпшақ мәмлүк сұлтандары кезінде салынған сопылық тұрақтар, ғибадатхана, қонақүйлерді мемлекеттің ірі бектері, байлар мен сопы шейхтерінің қаржысына тұрғызылған. Сол кезеңде ханақалардың саны 22-ге жетіп, олардың қасында монша, ас үй, атқора қоса салынды. Ең ірі Сариақұш ханақасында ақ мәрмәр таспен әрленген құжырларда 400-ге жуық сопы, қасындағы рибатта жүзге жуық мәмлүктер мен адамдардың балалары тұрды. Содан кейін қыпшақ сұлтаны Мұхаммед 1326 жылы Сариақұш ханақасын ірі бектер, сопы шейхтері, қазылар қатысқан ашып, оның шейхі етіп, Ақсараи деген түркіні қояды.

Зауиялар белгілі бір сопы шейхтің құрметіне сұлтанның өзі немесе бектері салатын. Зауия әдетте ханақадан кішірек, дәріс оқытылып, сопылық рәсімдері жасалатын орын болған. Сұлтан Байбарыс өзінің пір тұтқан Қызыр деген шейхіне көптеген зауия салған.

Қыпшақ сұлтаны Мұхаммед тұсында Каирде болған атақты саяхатшы Ибн Баттута: «Мысыр бектері зауия салуда жарысады. Мысырдағы әр зауияның келетін кедей-кепшіктері бар» деп жазды. Сопылық тариқаттардың шейхтері өзін дәріптейтіндер мен еретіндерге орасан зор әсер ете алатын еді. Сондықтан мәмлүк сұлтандары олардың халықты билікке қарсы көтеріп жібере алатын әлеуеттерінен қауіптенетін. Сондай тұлғалардың қатарына әл-Бәдәуи, әл-Қаббари секілді сопы шейхтер, әл-Изз бин Абдусалам, ан-Науауи, Хизр секілді шейхтер жатады.

Шейх Ахмад әл-Бәдәуи (1199-1276) – сүнниттік сопы. Оның әл-Бәдәуи деген лақап атқа ие болуы бәдеулилер секілді бетін жауып жүретін әдетіне байланысты еді. Мысырда оған сиыну әлі жалғасып келеді, Танта қаласында орналасқан мазарына келушілердің легі бір тоқтаған емес. Жыл сайын оның құрметіне Мысырдың Танта қаласында екі мереке өтеді.

Сопылық әңгімелерге сәйкес, Ахмад әл-Бәдәуи жас кезінен аскетизмге бейім болған, тіпті оны бала кезінде аскет деп атаған. Сопылық кітаптар Ахмад әл-Бәдәуи кереметтер иесі екендігін, оның ең үлкен қасиеті – ер адамдарды дін жолында аянбауға тәрбиелеген деп санайды.

Халық сенімінде әл-Бәдәуиге қатысты ең танымал қасиеттердің бірі – Мысырға қарсы крест жорықтары кезінде мұсылман тұтқындарын крестшілердің қолынан құтқарғаны және қайтыс болғаннан кейін де адамдарды құтқаруды жалғас­тырғаны болып саналады.

Байбарыс құрметтеген шейхтердің бірі малики мәзһабын ұстанушы александриялық шейх Мұхаммед әл-Қаббари (1191-1263) еді. Ол ешқашан қажылықты қоспағанда, Александрия қаласынан шықпаған.

Ол – есту, дәм мен иіс сезуден ада болғанымен, Алланың бұйрығына шыдамдылықпен қарады. Ол ата-анасы мен ағасынан Александрия құмындағы қираған үй мен бақшаны мұра етті, ол біраз уақытқа оның бақшасында тұрды. Кейін Александрияның батысындағы тозығы жеткен археологиялық сарайдың айналасында бақ құрып, адамдардан саяқ өмір сүрді.

Бала кезінде шейх әл-Қаббари Саладин дәуірін бастан өткерді, ал қартайған шағында мәмлүк мемлекетінің билігіне куә болды. Ол Египеттің крестшілерге қарсы күресін өз көзімен көрді. Шейх әл-Қаббари пәк, батыл және еркін ойлы болған.

Бірде Мысыр билеушісі сұлтан Камил шейхпен кездесу мақсатымен оның бақшасының қақпасына келіп тұрғанда қабылдамай қайтарып жібереді. Ол ешқашан билеушілермен кездесу іздемейтін, ештеңе сұрамайтын, алайда сұлтан Байбарыспен кездесуге келіседі. Тіпті одан сұрайды, сұрағанда өзі үшін емес, Александрия қаласын жау шабуылына төтеп бере алатындай етуді сұрайды. Байбарыс шейхтің өтінішін орындап, қаланың бекінісін қайта құрады, нығайтады. Қалаға тұрақты әскери гарнизон орналастырып, қару-жарақпен қамтамасыз етуге бұйрық берді. Шейх қайтыс болып, ол туралы хабар Дамаскіге екі ай өткен соң жеткеніне қарамастан, оның рухына жаназа намазы оқылады. Бұл шейхтың беделінің қаншалықты кең таралғанын көрсетеді.

Бірде елхан Абақа ханға қарсы аттанып бара жатқан Байбарыс Дамаск қаласына әскерiмен келiп тоқтайды. Әдiлет үйiнде Дамаскiнiң игi жақсыларымен сұхбаттасып отырғанда үстеріне бiр атақты шейх (шейх Науауи деген жорамал бар) кіреді. Шейхке құрмет көрсетiп, барлығы тұрып қарсы алады. Сұлтан одан не шаруасы бар екенін сұрағанда, шейх тұрып: «Сен халықтан көмек сұрап, олар көтере алмайтын салмақ салыпсың. Сол туралы ақылдасқалы келдiм. Сен әр мәмлүктi жиырма мың дирһемге сатып алып, олардың белдерiн асыл тас қондырылған кемерлермен белбеулейсiң, алтынмен апталған ер-тоқымға отырғызасың. Егер бiр қазы сенiң халыққа салған салығыңды мақұл деп тауып, пәтуасын берсе, онда оның Алла мен пайғамбарға жала жапқаны» дейдi. Сонда Байбарыс: «Шейх, алақаныңды жай, сенің отбасыңды салықтан босатамын» дегенде шейх: «Мен өзім үшін емес, Алланың жолы мен мұсылмандардың ақысы үшін келдім» деп, кездесу орнынан шығып кетеді.

Сол кезеңде орын алған бүлiктi Каир қаласында тақуалық өмiр кешкен шейх Курани деген шиит басқарады. Молада тұрып, аскеттік өмір салтын ұстанған Курани қасында топтасқандарды мәмлүк сүннит билiгiн шиит билiгiмен күштеп алмастыруға үгiттеп, билiк басына келген жағдайда оларға жер иелiктерiн молынан кесiп беруге уәде бередi. Сонымен, Курани бастаған бүлiкшiлер 1260 жылдың аяғында Каир қаласының көшелерiне шығып, «Я, Әли» деген ұрандармен қару-жарақ дүкендерiн басып алып, әскери атқораларға шабуыл жасайды.

Ол кезде темiрдей қатаң тәртiпке бағынған жүйелi мәмлүк атты әскерiне қарсы тұра алатын күш жоқ-тын. Байбарыстың жауабы тез болады, атқа қонған мәмлүк әскерi көтерiсшiлердi қоршауға алып, көзiн жояды. Бүкiл басшыларын, оның iшiнде Куранидi Каир қаласының Баб Зауила атты қақпасына ағашқа керiп шегелеп, iлiп тастайды.

Көріп отырғанымыздай түрлі сопылық тариқаттар болған, оның басшылары айтарлықтай дербестікке, ой-пікір бостандығына ие болған. Тәуелсіз әл-Бәдәуи, әл-Қаббари сопы шейхтер мәмлүк мемлекетінің басшыларына қарсы батыл сөйлей алатын болған.

Шейхтердің екінші тобына мемлекеттік қызметтегі имам Әл-Изз бин Абдусалам, шейх Қызыр деген шейхтер жатады.

Атақты қазы имам Әл-Изз бин Абдусалам (1181-1262) Дамаск билеушісімен араздасып,  Мысырға кетеді. Мысырға келген имам әл-Иззге Аюбид сұлтаны Нәжмүддин құрмет көрсетсе де, ғұлама Мысыр еліндегі жүйенің дұрыс емес екеніне байланысты мәшһүр пәтуасын шығарып, түркі мәмлүктердің намысына тиіседі.

Шейх Мысырға 1236 жылы келеді, түркі бектеріне қатысты пәтуасы шамамен сол жылдары болады. Ал мәмлүктер билікке 1250 жылы, Байбарыс сұлтандыққа 1260 жылы көтеріледі. Бұл кезге қарай мәмлүктерге қарсы дауыстар барынша бәсеңдеген кез еді. 1260 жылы шейх Әл-Изз бин Абдусалам Байбарысқа адалдық туралы ант бергенін, бір уыс болып кішірейгені тарихи факт.

Байбарыстың да пiр тұтқан атақты Шейх Қызыр деген шейхi болған, бірақ кейін Байбарыс­тың оған көзқарасы өзгереді.

Сұлтан Байбарыстың онымен танысуының себебi бiрде Аққұш деген бек Байбарысқа ол сұлтандыққа әлі ұмтылмаған кезде-ақ шейх Қызыр Байбарыс сұлтандық құрады деген көрiпкелдiк жасады деп айтады. Байбарыс сұлтан тағына отырған соң шейхтi өзiне тартады. Аптасына бiр немесе екi рет шейхпен кездесіп тұруды әдетке айналдырады. Шейхтен ештеңе жасырмайтын, көп iсi бойынша онымен ақылдасады. Оның айт­қанынан шықпайды. Шейхтi Байбарыс сұлтан жанынан қалдырмай, әскери жорық кездерiнде де ертiп жүредi.

Шейх сұлтан Байбарысқа болашақ оқиғаларды алдын-ала болжап көрiпкелдiк жасайды. Оның айтқандары келедi екен. Байбарыстың бастапқы жорықтарының бiрiнде, Арсуф қамалын қоршауға алғанда, одан қамал қанша күнде алынады деп сұрайды. Жауабы тура келедi. Қайсария, Сафад бекiнiстерiн алғанда да болжамы дөп келедi. Байбарыс Дамаскiден Карак бекiнiсiн алуға бет бұрады. Шейх Қызыр сұлтанға қамалды құрсауға алмауға, аттың басын Мысырға бұру керектiгiн айтады. Сұлтан оны тыңдамай өзiнiң ойлағанын жасайды да, Палестинаның таулы жерлерiнiң бiрiнде аттан құлап, жамбасын зақымдап алып, сол жерде тұрып қалады. Соңында мәмлүктер сұлтанды зембiлге салып, Каирге арқалап жеткiзедi.

Кейiн, Қоштемiр бектің айтуы бойынша, сұлтан Байбарыстың шейхке көзқарасы өзгередi. Сонымен, шейх қамалдың жасырын бiр жерiне қамалып, оған сұлтан барынша сенетiн адамдардан басқа ешбiр адам кiре алмайтын тәртiп орнатады. Оған тамақ, сусын, жемiс-жидек, әрдайым ауыстырып тұру үшiн киiм-кешек кiргiзiлiп тұрады. Байбарыс Кiшi Азия жорығынан қайтып келе жатқанда пошта арқылы шейхтi абақтыдан босату туралы хат жолдайды. Бірақ хабар шейх дүниеден өткен соң келiп жетедi. Оның жасы елуден аз ғана асқан едi. Кейбiр деректерге қарағанда сұлтан орнында қалған баласы Беркехан мәселенің құпия жағын білмегендіктен, әкесі Байбарыстың рұқсатынсыз оны тұншықтырып өлтiруге бұйрық берген.

Сұлтан Байбарыс ғұламалар мен шейхтерді құрметтеген, олардың пікірлеріне құлақ асқан, маңызды мәселелерді олардың қатысуымен талқылағанымен ішкі есебі де болған.  Бұл сол кезеңде беделді шейхтердің сауатты және сауатсыз халыққа үлкен әсерін білген Байбарыстың оларға қатысты айқындамасы шейхтердің тарапынан билікке қарсы белсенді әрекеттерге жол бермеу еді.

Қайрат СӘКИ,

шығыстанушы,  арабтанушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button