Басты ақпаратЕл тынысы

Жалғыз гол жеңіске жеткізді

2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында Қазақстан Солтүстік Ирландия құрамасын қабылдап, жеңіске жетті. Ұлттық құраманы қолдау үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барды.

Ойынның 28-минутында Максим Самородов қарсылас қақпасынан саңылау тауып, есеп ашты. Матч аяғына дейін екі команда алма-кезек шабуыл жасағанмен, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Матчтан кейін Президент ұлттық құраманың футболшыларын арнайы құттықтады:

– Жеңіс құтты болсын! Бүгін жақсы ойын болды. Шеберлік көрсеттіңіздер. Жұрттың бәрі риза! – деді.

Ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыберген қолдауға алғыс айтып, команда атынан Президентке доп сыйлады.

«Астана Аренаға» қарай ертерек қамданып, жолға шықтық. Әдеттегідей, жанкүйерлер қарасы қалың. Арасында ел Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев та болды. Арнайы келіпті. Бізді де, футболшыларды да осы көрініс ерекше қуантты, әрі шабыттандырды.

өрт күн бұрын біздің ұлттық құрама Финляндияға есе жіберіп алған еді. Бұл жолғы қарсыласы – Солтүстік Ирландия болды. 20 маусымда бұл командамен Еуропа чемпионатына іріктеу аясында кездесіп, ойынның 88-минутында Абат Аймбетов қарсылас қақпасынан саңылау тауып, 0:1 есебімен ұтқан еді.

Сол себепті жеңіске деген сенім басым болды. Мұндай көзқарасты, футболшылардан бөлек, жанкүйерлердің ықылас-ниетінен оңай байқауға болады. Алайда Еуропада ортаңқол команда деген ұғым жоқ. Ондағы ұлттық құраманың ойыншылары әлемнің үздік клубтарында шеберлігін шыңдайды. Сондықтан кез келген ұрымтал сәтте қақпаға гол соғу қаупі жоғары. Мұндай жағдайға Финляндиямен өткен ойында куә болдық.

Біздің жігіттер ойынға тас­түйін дайын шығыпты. Сенімді қозғалып, допқа иелік ету, қақпаға тура соққы бағыттау жағынан да қарсыласынан кем түспеді. 28-минутта Максим Самородов қарсылас қақпасынан дәл соққы жасап, есепте алға шығарды. Құраманың сауатты ойынынан шабыттанған жанкүйерлер алаңды толқындатып, ерекше күйге бөледі.

Одан кейін есепті еселейтін мүмкіндік болды. Бірақ таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Қонақтар да қанша тырысқанмен таразы басын теңестіре алмады. Осылайша, 1:0 есебімен Қазақстан құрамасы тарихи жеңіске жетті.

Бұл – ұлттық құраманың іріктеу кезеңі аясындағы төртінші жеңісі. Бұған дейін Данияны 3:2, Сан-Мариноны 0:3, Солтүстік Ирландияны 0:1 есебімен ұтты. Сөйтіп, іріктеу ойындарында 12 ұпай жинап, өз тобында 4-орынға тұрақтады.

6-турда Сан-Мариноны 0:4 есебімен ұтқан Словения 13 ұпаймен бірінші, Финляндиядан өз алаңында 0:1 есебімен басым түскен Дания 13 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Үшінші және төртінші орында 12 ұпайдан жинаған Финляндия мен Қазақстан тұр. Өзге топтарда айқын фавориттер айқындалса, Н тобындағы алғашқы төрттікке енген командалардың Еуропа чемпионатына қатысуға мүмкіндігі мол. Барлығы сырт алаңда өтетін кезекті матчтарға байланысты. Енді Магомед Адиев баптайтын команда 15 қазанда Данияға, 18 қазанда Финляндия­ға қарсы ойын ойнайды.

6 турдан кейін А тобында 15 ұпай жинаған Шотландия, В тобында 15 ұпайды еншілеген Франция, С тобындағы Англия,            J тобындағы Португалия Еуро-2024 турниріне алдын ала жолдама алып қойды десек те болады.

Мәскеуде өткен әлем чемпионаты кезінде Жапонияның жанкүйерлері өздері тамашалаған ойын біткеннен кейін алаңды тазалап кетіп, әлем жұртын таңғалдырған еді ғой. Қазақстан-Солтүстік Ирландия матчынан кейін біздің ерікті жастар стадиондағы қалдық заттарды жинап, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button