Басты ақпаратМәселе

Теміржолда қашан тәртіп орнайды?

Жаз келсе болды, қоғамда теміржол жолаушылары тасымалына қатысты шағым да көбейеді. Жылда қайталанатын жағдай. Теміржол жолаушылар тасымалы сапасының төмендігі сын көтермейді. Себебі, жолаушылар құрамының көп бөлігі – кеңес заманының мұрасы. Жыл сайын біз вагондар паркін жаңарту мәселесін көтеріп келеміз. Көптеген уәде бар, бірақ іс жүзінде жоспарланған жұмыс қарқыны сақталмайды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жылжымалы теміржол құрамының паркі 138 мың бірлікті құрайды, орташа тозуы – 55%. Министрлік 2025-2030 жылдар аралығында вагондар паркін жаңартуды жоспарлап отыр. Осы орайда, ескере кететін жайт «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компания­сы 1997 жылы құрылды. Яғни, 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмітіміз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз. 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 55%-дан да асып кетпейтініне кім кепіл?!

Осындай кондиционері істемейтін, терезелері ашылмайтын, қабыр­ғасында тарақандар жүретін, қазіргі уақытта тозығы жеткен вагондарға жаз мезгілінде билет сатып алу арман болды. Ал сәті түсіп билет тапқан бақытты жандарды вагон ішіндегі нағыз масқара күтіп тұрады. Жаз бойы халықтың жан айқайын әлеуметтік желіден әбден көрдік.

Жыл сайын біз азаматтарымыздың ішкі туризмге деген ­қызығушылығының ­артып келе жатқанын көріп отыр­мыз. ­Негізгі турмаршруттардағы жолау­шылар ағынын басқаруға қатысты стратегиялық жоспар қажет. Билеттер тапшылығымен қатар, билет бағасының қымбатшылығын көріп отырмыз. Олар әртүрлі мобильді қосымшаларда сатып алу кезінде ерекшеленеді. Ресми беттерде тапшы маршруттарға билеттерді сатып алу кезінде тек жоғарғы орындар қолжетімді. Бұл жыл сайын­ғы теміржол билеттер құнын субсидиялауға қомақты қаражаттар бөлінуіне қарамастан орын алып ­­отыр.

Онымен қоймай, қымбат бағасына сапасы сай келмейтін пойыздардың жиі кешігуі орын алып жатыр. Соңғы кездері сапардағы азаматтарымыз үшін пойыздардың 1-2 сағат кешігуі үйреншікті жайт болып қалды. Бұл уақытты жоғалтуға ғана емес, кейде қаржылай шығындарға әкеледі, өйткені трансфермен келе жатқан жолаушылар келесі пойызға кешігіп қалады. Бірақ бұл үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға ешкім асықпайды. Министрлік мәліметінше, тек 2023 жылғы 11 және 17 тамыз аралығында жолаушылар пойыздарының 50 сағат 40 минутқа кешігіп келуінің 86 жағдайы тіркелді.

Тағы бір алаңдататын мәселе, ол аймақтардағы теміржол вокзалдарының кімнің меншігінде және қандай жағдайда екендігі. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында теміржол вокзалының ғимараты, станцияның өзі және жол учаскесі «Ресей темір жолдары» ресейлік мемлекеттік компаниясымен жалға алынған. Еліміздің аумағындағы стратегиялық салада шетелдік оператордың жұмыс істеуін қалай түсіндіруге болады?!

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының құрылғанына 26 жыл болғанына қарамастан бұл саладағы жұмыс әлі күнге дейін ретке келетін емес.

Сол себепті, депутаттық сауалда көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, теміржол тасымалы мәселесін түбегейлі шешуді сұраймыз. Бұл жай ғана бір депутаттың сауалы емес, бір өңірден екінші өңірге жаз бойы жете алмаған мыңдаған «AMANAT» партиясының мүшелерінің өтініші.

Ернұр БЕЙСЕНБАЕВ,

Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button