Басты ақпаратМәселе

Лудомания: Қоғамға төнген қатер

Кейінгі кезде елімізде құмар ойынға беріліп, зардап шегушілер саны артып бара жатқаны қоғамды қатты алаңдатып отыр. Жақында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманиямен күресті күшейту жөнінде тапсырма берді. Шынында да бұл ғасыр дертіне айнала бастады.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы екі-үш жылда елімізде букмекерлік кеңселер мен казинолар саны сегіз есе өсіпті. Ал олардан түсетін қаржы айналымы – жарты триллион теңгеге жақындаған. Мұндай жеңіл жолмен ақша табуға деген шектен шыққан құмарлық әсіресе, кешегі ел басына күн туған індет кезінде тепсе темір үзетін жігіттердің арасында өрбіген көрінеді. Соның кесірінен қаншама үміт үзілді, қанша тағдыр күйреді. Алайда бүгінде лудомандар (құмар ойыншылар) өздеріне жағдай жасағысы келіп жанталасуда.

Таптырмайтын табыс көзі

Астана қаласының тұрғыны Ерден Жантасұлы – тәжірибелі дәрігер. Құмар ойыншылар туралы өз пікірін ортаға салды. «Олар – нау­қас адамдар. Шама келсе, оларды емдету керек. Алайда мұндай дертке шалдыққан адамдар өз еркімен емделмейді. Біріншіден, олардың бір қарағанда сіз бен бізден еш айырмашылығы болмайды. Ақыл-есі түзу, сөйлеген сөзі қалыпты. Алайда ойын ойнау жолында бәрін де ұмытады. Әсіресе, сізден қарызға ақша сұрайтын болса, «еңірегенде етегін жасқа толтырады». Мұндайда жүрегі жұмсақ адамдар ол кісіге қолындағы барын қалай беріп қойғанын білмей қалады. Мен сізге айтайын, бұл лудомания дерті арақ құмарлық пен нашақорлықтан да қиын. Олардың науқасы бірден байқалмайды. Қызметі әжептәуір, толыққанды отбасының мүшесі де өзін-өзі қатаң ұстамаса, ойын құмарлыққа беріліп кетуі әбден мүмкін. Оның үстіне елімізде ойын бизнесін насихаттайтын жарнамалар мен көрнекі ақпаратты да көзіміз шалып қалып жүр. Жасыратыны жоқ, ол біреулердің қалтасын қампиту үшін таптыр­майтын табыс көзі. Тек өткен жылы ғана қазақстандықтардың құмар ойыннан келтірген кіріс­тері мен шыққан шығындары – 456 ­миллиард теңгеге жетіпті. Қарапайым тотализаторлардың онлайн-қыз­метінің өзі кеңінен насихатқа ие бола бастады» дейді дәрігер қынжылысын жасыра алмай.

Расында, ойын-сауық бизнесіне бізде тыйым салынбаған. Ешқандай шектеу жоқ. Осы саланың өкілдері мұны барынша тиімді пайдаланып-ақ жатыр. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында да ұтылыссыз ойынға бәс тігу, кредит алу, түрлі депозиттерді ұсынған жарнамалар қаптап жүр. Тіпті онлай-бәс тігу дегенді де шығарып қойған. Осының бәрі – құмар ойынға жол ашатын бірден-бір баспалдақ. Сарапшылардың айтуынша, орасан табыс көзі букмекерлік кеңселер мен казинолардан гөрі, қатардағы қазақстандықтардың осындай жарнамаларға бәс тігуінде жатқан көрінеді.

Онлайн-бәс тігу деген пандемия кезінде тіптен өрістеп кетті. Психолог Жанна Идиятова адамдардың сол бір сыртқы әлемнен бөлініп қалған кездегі іс-әрекеттерін «суға кеткен тал қармайдының» кері деп бағалайды. «Жұмыс та, сауда жасау да, көңіл көтеру де онлайн болған кезде адамдарға жеңіл ақшаның жолын ұсынушылардың айы оңынан туғанын жасыруға болмайды. Көбі үйлерінде отырып, уақыт өткізіп, жиған-терген ақшаларынан айырылды. Өйткені ол кезде ақша ұтқандардан ақшасын ұтқызғандар анағұрлым көп болды.

Мәселен, сол кездің нақты бір айғағындай елорданың бір сауықтыру орталығында осындай ойын бизнесінен дертке шалдығып, ем алып жатқан  60-70 адамды білемін. Олардың жартысынан көбіне (80 пайызына) «лудомания» диагнозы қойылған. Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, мұндай адамдардың 90 пайызы өзінің тәуелділігін мойындамайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша лудомания ресми түрде психикалық ауру деп танылды. Сондықтан оған шалдыққандар мәжбүрлі түрде емдеуге жатқызылады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өткен шақырылымындағы бір депутаты «Ойын­-сауық бизнесімен күрес жөнінде кешенді іс-шаралар қабылдау туралы» ҚР Премьер-Министрінің орынбасарына депутаттық сауал жолдаған болатын. Сонда айтылғандай, елімізде қазір 350 мыңға тарта лудоман бар. Олардың тең жартысынан көбі – жасөспірім көрінеді. Бір ойыншының қарызы орта есеппен 10 миллион теңге шамасында. Құмар ойыншының әр 10 жұбының 7-уі отбасынан безгендер, яғни айырылысып кеткендер. Суицид, асылып өлу, ұрлық-қарлық, кісі өлтіру де осы лудомандар арасында көп кездеседі.

Тәуелділікті емдеу – күрделі

Құмар ойынға тәуелділікті емдеу – күрделі де ұзақ процесс. Ең бірінші, түрлі саладағы дәрігер-мамандар мен нұсқаушыларды тарта отырып, бақылау, қадағалау, дертті анықтау үдерісі жүргізілуі керек. Мұның бәрі амбулатория­лық жағдайда жүргізіледі. Түрлі тәсілдерді қолдану, пациенттің сана-сезімін сауықтыруға, өмірлік ұстанымдарын, көзқарасын анықтап, ойынға деген әуестігін жоюға бағытталған іс-әрекеттер нәтиже беру үшін оны жүйелі түрде қайталып отыру керек. Әсіресе, психотерапия емдеу кезіндегі негізгі әрі толық дәлелденген тәсілдердің бірі болып қалып отыр.

Барлық дәрі-дәрмек тек емдеуші дәрігердің қатаң бақылауымен тағайындалады. Әрине, мұндай жағдайға тап болған құмар ойын­шыны ең бірінші психологтар емдеп, ал тым тереңдеп кеткен, күрделі жағдайларда психотерапевтер мен психоаналитиктер араласады. Бір айта кетерлігі, Қазақстанда бүгінгі таңда бірде-бір мемлекеттік сауықтыру орталығы болмай тұр. Тек бұл түйінді түйткілмен айналысуға көмектесетін жекеменшік сауықтыру-оңалдыру орталықтары мен қоғамдық қорлар ғана жұмыс істейді.

– Біз қолдан келгенше көмектесіп бағамыз. Ойын құмарлардың жақын-жуықтары мен ағайындарына қандай орталыққа бару керектігін анықтап береміз. Кім-кімге де біздің есігіміз ашық, – дейді «Отбасына оралу» қоғамдық қорының төрағасы Нұржан Жақып.

Оның айтуынша, жекеменшік сауықтыру орталығында бір ай бойы емделу – 350 мың теңгеден 600 мың теңгеге дейін жететін көрінеді. Бірақ ең бастысы, емделуге деген сырқаттың ниеті мен келісімі болуы керек. Әйтпесе, ақша құмға сіңген судай далаға кетуі мүмкін.

Кешенді шара керек

«Бір қиыны, Қазақстанда ойын бизнесінің қауіптілігіне әлі жете назар аударылмай отыр. Бұл сала нақты бақыланбайды. Шыны керек, бұл – қоғам дерті. Оны шешу үшін кешенді шаралар қабылдануы тиіс. Құмарға берілген адамның бүкіл сана-сезімі соған тәуелді болып қалады, дұрысын айтқанда уақытын босқа өткізіп, жіпсіз байланады. Егер ол адамның отбасы болса, бүкіл жауапкершілігінен айырылып, соңында отбасының шырқы бұзылады. Бұл нағыз қасірет емес пе?» дейді елорда тұрғыны Жұмағазы Кенжебек.

«Бізде де мұндай кісілер аз емес. Түр әлпеті мен киім киісі дұрыс, әңгімесінен салмақты ой, патриотизм аңқитын, бірақ қарыз сұрап, жан-жағын мезі ететін адамдар көбейіп барады. Тіпті, күнімен қара жұмыс істеп, кешке бар тапқанын ойын автоматына салатын кей жігіттерді білемін. Адамды құрығына түсіру үшін айтқан сөзін жүрекке тигізіп, дегеніне жететін қабілетіне еріксіз таң қаласың.

Жалпы мұндай азаматтардың өзгелерді алдап-арбап мақсатына жетуі бір бөлек, осы ісі арқылы сенімге селкеу түсіріп, адамдарды қарапайым қиналғанға қол ұшын созатын қасиетінен айырып жатқандай әсерге қалдырады.

Өмір болғасын неше түрлі жағдай болады. Дегенмен аталған дерттің кесірінен қанша жан, қанша отбасы жапа шегіп, адамдар арасында бұрыннан келе жатқан жақсы қасиеттер жоғалып бара жатқаны өкінішті. Ойын-сауық бизнесін, оның жарнамасын, орналасқан жерін заң, мемлекеттік әкімшілік ресурс арқылы реттеп, шектемесе, жаңа құрбандар көбейе бермек» деген тағы бір қала тұрғынының пікірі дер кезінде қағылған жанайқайы сынды.

Расында да, құмар ойынға тәуел­ділік мәселесі қоғамды толғандырады және қатаң шешімдер қабылдауды талап етеді. Бүгінде жастар арасында да есірткінің, әсіресе синтетикалық заттардың заңсыз айналымымен қатар ойын құмарлықтың да белең алып бара жатқаны өкінішті-ақ. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке төнген үлкен қатер. Мұндай келеңсіздіктерге  қарсы тұру үшін лудомания да – нашақорлық сияқты әлеуметтік құбылыс ретінде қоғамда қатаң айыпталуы керек. Жастармен әлеуметтік желілер арқылы жан-жақты әрі жиі ақпараттық жұмыстар жүргізуі керек. Ең бастысы, мұны үкімет назарға алып, кешенді шаралар қабылдағаны жөн. Әйтпесе, ертең бәрі кеш болады.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button