Басты ақпаратРуханият

Тағдырлы «Тас түлек»

Жазушының бұл шығармасы ешқайда басылып, жарияланбаған, оқырман қауымға белгісіз қолжазба күйінде мұражай қорында (80-бума, 37-48-б.) сақталған – «Тас түлек» әңгімесі. Тақырыптың астына автор өз қолымен «ұзақ әңгіме» соңына «Жалғасы бар» деп арнайы жазылған мұраның жалғасы мұражай қорынан табылмады. Әңгімеге даярлық жасаған бес беттік жоспары араб әрпінде жазылып сақталған. Шығармадағы болатын оқиғаның қалай дамитындығынан мәлімет беретін қолжазба жоспарының өзі түгел еместігі анықталды. Әңгіменің аяқсыз қалғаны көрініп тұр. М.Әуезовтің жазу ыңғайы араб әрпіне жақын. Яғни әңгімені араб әрпімен жазады да, соңына қарай сол тұста көшкен латын әрпіне, арасында кириллицаға да ұласады. Жазушы шығарма жазу барысында суреткердің ұшқыр ойлары мен түйін сөздері көпшілігінде араб әрпімен жазылатыны байқалады.

Автордың да, мұ­рағаттың да белгілеуінде 1-39-беттер, жақсы сақталған жазушының әңгімесі 1926 жылы екінші рет жазылып, латын әрпіне қайта көшірген. 1930-32 жылдар аралығында НКВД абақтысында отырып, 1932 жылы 20 сәуірде «Үштіктің» бұйрығымен 3 жылға кесіліп, шартты мерзіммен мамыр айында түрмеден босап шыққан жазушы «Тас түлек» әңгімесін түрмеден шыққан соң жазған. Оқиға колхоздастыру науқаны кезіндегі ел арасындағы ауыр күйзелісті көрсетуге тырысқан. Жазушының негізгі нысанаға алған тақырыбы 1932 жылғы Қазақстандағы жаппай етек алған аштықтың себеп-салдарын көрсетуге негізделген. Ол кезеңді айтуға тыйым салынғандықтан әңгіме аяқталмай, кейбір беттері қолды болғанға да ұқсайды. Оны әңгімеге шолу жасағанда оқиғалардың үзіліп, аяқталмай қалғанынан аңғарамыз. Сол сияқты жазушының жарық көрмей қолды болған еңбектерінің біз білетін бірнеше атауын атап өтер болсақ, 1929 жылы жазылған өмірбаянында Мұхтар Әуезов «1918 жылдың 19 жылға қараған қысында сүзек болып ауырып, оқуды тастап қырға шығып тұрып едім, сонда «Ел ағасы» деген төрт берделі пьеса жаздым. Шу дегеннен пьесадан, драмадан бастаудың өзі белден шапқан сияқты орынсыз басталған құр кеуде болатын. Сол сорлы пьеса қайда екенін осы күнге дейін білмеймін. 26-жылы бір қыс елде тұрып бір роман жазып едім, ол да баспадан шыққан жоқ» деп, қазақ тұрмысынан мағлұмат беретін төрт бөлімді кітабы жайынан хабардар етсе, 1921 жылы Семейден шығатын «Қазақ» газетінің 26 ақпандағы №222 санында жарияланып, онда: «12 февральда Алаштағы «Жаңа Семей» халық ағарту «Ес аймақ» ұйымы Затондағы қазақ жұмысшыларына қазақша сауық жасады» деген бумада. М.Әуезовтің өзі жазған өмірбаяндарының бірінде: «1924 жылы қыс елде тұрып, бір роман жазып едім, баспадан шыққан жоқ. Ташкентте тұрғанда бір пьеса жаздым, ол да әлі шыққан жоқ. 2-27-жылы «Сұғанақ сұр» деген повесть жазып едім, баспадан шықпады» деп мәлімдейді. Қолды болып жоғалған осындай бізге беймәлім құнды шығармалары жайында жазушының қызы, тарих ғылымдарының докторы, Әуезов мұражайының алғашқы құрастырушысы әрі директоры Ләйла Мұхтарқызының «Сол заттардан әкем мен шешемнің бірге түскен суретін, бірер кітапты ғана қайтарды. Ашығына жүгінсек, жазушының 1930 жылға дейінгі қолжазбасының ешқайсысы да табылған жоқ, ізінен адасып қалдық» деген естелік сөзіне қарағанда жоғалған дүниелерге тәркілеу кезі себеп болғандығы анық.

Бұл латын әрпіндегі жинақ жазушының көзі тірісінде шыққан кітап болғанмен, сол кездегі заман ағымына сәйкес айтуға келмейтін ойлар мен пікірлер қысқарып қалған болатын. Пьесадағы біраз диалогтар қасақана алынып тасталды деген пікірдің туындауы заңды нәрсе; осыған орай жазушының алғашқы ой-толғаныстарынан туған оқиғаларды араб әрпіндегі алғашқы нұсқасына иек арта отырып, толықтырып, қазіргі ережелерге сай М.Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағына толықтырылып жіберілді

Жазушының 1932 жылдан бергі уақытта жазылған шығармалары түгелге дерлік баспа беттерінде жарық көріп, көпшілігі 12, 20, 50-томдық жинақтарға енгізілді. Әр кезде жазылған жазушының қолжазбалары 600 бумаға жинақталып сақталған. Мұхтар Омарханұлы дүниеден өткен кездегі 1961 жылдың 10 тамыздағы өкімет қаулысынан кейін, өмірінің соңғы 10 жылын өткізген үйін мұражайға даярлау барысында, қолжазбаларды реттеп бумаларға салу кезіндегі алғашқы біздің көрнекті ғалымдарымыз бен мұражай қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасында біздің қолымызға жеткен дүниелер дер едік. Алғашқылардың бірі жазушының жұбайы мен қызы Ләйла апамыз бастаған топтың алдыңғысы деп филология ғылымдарының докторы Мұратбек Бөжейов жазушы шығармашылығының тұңғыш библиографиялық көрсеткішін жарыққа шығарды. Ақын апамыз Тұрсынхан Әбдірахманова, өнертанушы ғалым Әндібек (Андабек) Қалибекұлы Қуанышбаевтың еңбегі үлкен нәтиже бергеніне куә болып отырмыз.

Осындай қолжазбаларды ретке келтіру жұмысының нәтижесінде «М.О.Әуезовтің қолжазба мұрасы» 600-ден тұратын бумалы атты аса құнды жазушы архивінің ғылыми сипаттамасында көрсетілгендей, кейбір шығармаларының әртүрлі бірнеше нұсқалары мен материалдарынан тыс жазушының әлі де жарияланбаған үлкенді-кішілі шығармалары жетерлік. Мұражай қорындағы №128 буманың 9-37-беттерінде «Тұман айығарда» атты романның жоспары мен эскизі сақталған. Белгілі ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор Рымғали Нұрғалиевтің 1966 жылы 25-27 қыркүйектегі сандарындағы жарияланған «Лениншіл жас» газетінде «көлемі машинкаға басқанда 70 беттей… Роман аяқталмаған. Бірақ шығарма эскизінің өзі көркем, қызықты» деп жазған болатын.

1921-22 жылдардағы ашаршылық қазақ қоғамын біржолата тұралатып кетті. 1926 жылы 20 мамырда көшпелі, жартылай көшпелі аудандардың шабындық, егістік жерлерін қайта бөлу туралы заң шықты. Осы заңнан кейін көшпелі қазақтарды жерге орналастыру, 1927 жылы желтоқсанда байлардың үй мүлкін тәркілеу туралы заң қабылданып, 1928 жылы 27 тамызда байлардың барлық шаруашылығын, мал-мүлкін тәркілеу, өздерін жер аудару, ұйымға қарсылық көрсеткендерді жазалау туралы заңдар бірінің артынан бірі шығып, іске асып жатты. Енді осы науқанға қарсылық көрсеткендерге, мейлі кедей, жалшы-жақыбай болсын, қатаң жаза қолдану керектігі де заңдастырылды. Қазақстандағы осындай науқан кезіндегі жоспарды артығымен орындау барысы, ет өткізу үшін кедей-кепшіктің жалғыз сиырын да тартып алу сияқты көріністер кеңінен етек алды. М.Әуезов осы көріністерді басты назарға алып:

«Қат-қабат.

Екі өкілдің бірі қораның есігін теуіп жіберді. Кішілеу ағаш есік бай-бай салып, шалқасынан ашылды. Сыртта үймелеп тұрған еркектердің барлығы қораның ішіне қарай омыраулады…

Қарны үлкен қызыл қасқа сиыр бұрылмастан топанын жеп тұр. Арт жағы қушиған ашамай. Сүйек-сүйегі шодырайған. Желіні кернеп, толып қалған.

– Бәрекеле, ет мұнда тұр ғой! – деп үлкен өкіл қасқа сиырды көзімен аймалап өтіп; – сиырлар қорада тұрсын да, ет жоспары өзінен-өзі толып жатсын… – деп түсін сұрлантып алып, кекесінмен Жарқынға қарады.

– Қызыл қарын жас баламен жыл он екі ай күткеніміз, осының бір жылбысқасы еді. Бүгін-ертең бұзаулайды. Желінін әні көріп тұрсыз! – дегенде, енді беті ашылып алған Бижамалдың да сөзі тасқындап, керней бастаған еді.

– Бұ қай қылғандарың?..

– Тіпті Кеңеске де достық емес қой бұның өзі.

– Бай-құлақ болсақ екен, ол бір сәрі…» деген жолдардан-ақ асыра сілтеудің арқасында кедейлерді тұралатып, аштыққа апарған нәубеттің кесірін көрсетеді. Аштықтың неден етек алғанын көрсетуді мақсат еткен жазушы ұзақ әңгімесін аяқтамай, оқиғаның бағытын өзгертуге мәжбүр болады.

Үміт етіп отырған жалғыз арық сиырдың бұзаулауын күтіп отырған шаруа жайын: «Бұлар өзгеден оқшауырақ тұрған кішкентай жаман қораға тақап келді. Болымсыз, соқырша терезенің бір көзіне баланың жыртық шапанын тығып қойған үй екен. Қораның төбесі де, қабырғалар да жәутік-жәутік. Жыртық шоқпыт. Там жақтың сылауы да қотыр-қотыр. Көп жері қорасан жегендей қопсып түсіп, шұбартып тұр. Төбедегі мүрже қиқиып-шойқиған – форымсыз» десе, үйден шыққан кедей әйелінің кейпін «ескі көйлектің етектері борша-борша. Қою қара шашының жарым-жартысы үрпиіп, сексиіп, жоғары өрекпісе, қалған жарымы сыбасып салпылдап, екі бетін баса түсіпті» деп жоқшылықтан шаршаған кедей байғұстың күйсіз қалпын суреттейді.

1930 жылы 5 қаңтарда БК (б) П Орталық Комитетте «Ұжымдастыру қарқыны және мемлекеттік колхоз құрылысына көмек шаралары туралы» қаулы қабылданып, іс-шаралар ұйымдастырыла бастады. 1920-30 жылдардағы ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы болып сайланған М.Әуезовтің мәліметі бойынша 1932-1933 жылдары 2 млн 300 мыңға жуық адам құрбан болған («Қазақстан» ұлттық энцик­лопедиясы. – Алматы. 2006. – 704-б. Т. 8 – б. 438.) деген анықтама мәтінін беріп отыр­ған жазушы «Тас түлек» атты әңгімесінің жазылу тағдырын ұзаққа созбай, оқиға барысын басқа арнаға ауыстыруға мәжбүр болған. Уақыт талабы соны керек еткеніне қарай 1935 жылы «Тас түлек» атты пьесасын жазды.

Пьеса алғаш рет 1935 жылы жазылып, жазушының осы шығарма аттас жинағында («Тас түлек» пьеса, әңгімелер жинағы. Алматы; ҚКӘБ, 1935 жыл, 7-101-беттер) жарық көрді. 1969 жылы 12 томдық шығармалар жинағының 8-томында («Жазушы», 1969. 367-447-беттер) басылды.

Бұл латын әрпіндегі жинақ жазушының көзі тірісінде шыққан кітап болғанмен, сол кездегі заман ағымына сәйкес айтуға келмейтін ойлар мен пікірлер қысқарып қалған болатын. Пьесадағы біраз диалогтар қасақана алынып тасталды деген пікірдің туындауы заңды нәрсе; осыған орай жазушының алғашқы ой-толғаныстарынан туған оқиғаларды араб әрпіндегі алғашқы нұсқасына иек арта отырып, толықтырып, қазіргі ережелерге сай ­М.Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағына толықтырылып жіберілді.

«Тас түлек» пьесасы жазу­шының көптен ойланып, толғанып, шығармасына алдын ала жоспар жасап, жедел кірісіп, тез арада жазып біткен жұмысы деп айтар едік. Мұражай қорындағы (88-бума, 1-111-беттер) араб әрпіндегі автографты жарыққа шығару үшін жазушы баспамен келісімшартқа отырған. Келісімшарттың көшірмесі ЛММА, КПР 1, 274-бума. 8-б.

Издательский договор №72.

  1. 20/XІ. Алматы. Сборник новых пьес и рассказов под названием «Тас түлек» размером до 16,5 п. л.

Осы көлем шарттың негізінде латын әрпінде «Тас түлек» деген атпен (пьеса, әңгімелер жинағы) кітап болып басылып шықты. Жинақтың бірінші бетіне «Бұл жинақты Октябрь тудырып өсірген Ленин комсомолының қазақстандық әтіретіне арнаймын», жазушы» деп қол қойған кітаптағы «Шатқалаң», «Іздер», «Құм мен Асқар» («Түнгі сарын») бір мезгілде жазылғандықтан, оқиғалары айтылатын ойлар мен тақырыптары бір-біріне ұқсас баяндалады.

Оқиғада Қазан төңкерісінен кейінгі Қазақстандағы тап тартысы, әлеуметтік күрес, ондағы адамдар тағдыры жан-жақты таланып, жаңа адамның әлеуметтік күрес үстінде шыңдалып, заман ағымымен жетіле түсіп өскенін суреттейтін ауыл тақырыбына арналған. Пьеса жайлы драматург «…көркем әдебиетке, драматургияға революция өсіріп-өндірген жаңа адамдардың бейнесін өсіру туралы М.Горькийдің үндеуіне қосылып, мен жаз бойы «Тас түлекті» жаздым» дейді. Қазақ жастарының жетіліп, өсу кезеңіндегі оқып үйрену мен мамандығын арттыруда құрылыстың қай саласында болса да жеңіп шыққан жетістіктерін баяндайтын «Тас түлек» оқиғасы 1928 жылы атақты бай Қондыбайдың жер аударылып, дүние, мал-мүлкі тәркіленетін тұстан басталады. Жайлау, күзеу мен мал-мүлкі өзінің кедейлеріне үлестіріліп беріледі. Көршілері мен малайлары Қамбар, Бөлтірік, Алтын, Топай, Шәкендер алғаш құрылысқа жұмысқа барып, жаңа өмірге бет бұрып, сана-сезімі оянады. Жастар жағы комсомолға мүше болып, білімін жетілдіріп, маман болып еліне оралады. Қондыбай байдың жеріне сиыр фермасын салып, мал асылдандыру ісімен шұғылданады. Бұлар жаңа совхоздың мал шаруашылығын қолға алған тұста, совхозға мүше болып кірген байдың туыстары кедергілер мен зиянкестік ұйымдастырып, совхоз малын айдап Қытай аспақ болған жерінен ұсталып, бет перделері ашылады. Бұл кезең Қазақстанның 15 жылдық мерекесі қарсаңына тура келеді. М.Әуезов осы мерекеге орай «Тас түлек» пьесасын даярлап, сахналандыру ісімен де шұғылданады. 1935 жылы 7 қарашада М.Насоновтың режиссерлігімен (суретші ­А.Ненашев) театрда «Тас түлек» пьесасының алғашқы шымылдығы ашылды. «Социалис­тік Қазақстан» газетінің осы жылғы 21 қазандағы санында «Қазақ мемлекеттік драма ­театрында октябрьдің 22-23-24 күндері Әуезұлы Мұхтардың Қазақстанның 15 жылдық мерекесіне арнап «Тас түлек» пьесасы қойылды» деген хабарландыру шықты.

«Тас түлек» әңгімесін жазушы аяқтамай, іле-шала пьесасына кіріседі. Себебі әңгіменің соңғы беттерінен кейін жаңа еңбектің кейіпкерлері көрсетіліп, олар жайында сипаттама жазылған. Оқиға басқа арнаға ауысып, ұжымдастыру кезеңін тілге тиек еткен. Жазушы айтылмақ ойларын жоспары бойынша аштық оқиғасынан там-тұмдап айтып, оның себеп-салдарын баяндайтын кезеңдерді пьесасында айтпақ болады. Мерекенің қарсаңына дөп келетін тақырып болғандықтан, жазушы көп ойланбай-ақ іске шұғыл кірісіп, пьесаның жазылуына себепші өмірде болған оқиғаны баяндау үшін кейіпкерлерін типтендіріп, болашақ шығармасының жоспарын жасайды. Осы аттас әңгіменің қолжазбасымен бірге түптелген (50-буманың 52-беті) пьесасының мына түрдегі жоспарын жасаған.

Мақаламызды түйіндей келе, М.Әуезов 1930-32 жылдары қазақ халқының басынан өткен ауыр зұлматты баяндау мақсатында қолға алған шығармасының жарық көргенге дейін бірнеше өзгерістерге түсіп, айтылмақ ойдың негізгі түп тамыры бұрмаланып, ашаршылықтың себеп-салдарын там-тұмдап қана айтумен шектелуге тура келгенін материалмен танысқанымызда көзіміз толықтай жетті. Аяқталмай қалған «Тас түлек» «ұзақ» әрі көлемді әңгімесі жарыққа шықпайтынына көзі жеткен суреткер осы аттас пьесасында айтуды көздеген.

Санагүл МАЙЛЫБАЙ,

филология ғылым­дарының кандидаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button