Ел тынысы

Тіл мен рәміз – егіз ұғым

Мемлекеттік тіл мен рәміздер – тәуелсіздігіміздің айғағы әрі екеуі егіз ұғым. Көк туымыз биікте мәңгі желбіреуі үшін ана тілінің мәртебесі де жоғары болуы тиіс. Осыған орай, Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Руханият» мекемесі «Тіл мен рәміз» атты тағылымды іс-шара өткізді. 

Сарыарқа аудандық әкімдігінде өткен мерекелік жиынға елтаңба авторы, профессор, «Барыс» орденінің иегері Жандарбек Мәлібекұлы басты қонақ ретінде шақырылды. 1992 жылы 1 қаңтарда ҚР Мемлекеттік рәміздеріне конкурс жарияланып, келесі күні жұмыс тобы құрылды. Комиссия 4 ай ішінде 14 отырыс өткізіп, конкурсқа 245 жұмыс пен 67 ұсыныс хат түседі. Сол кезде «Мекен» атауымен түскен №173 жұмысқа ерекше мән беріледі. Соның өзінде осы жұмыстағы қошқар мүйіз, жұлдыз, пыраққа байланысты біраз талас-тартыс болады. Ақыры жобаны Жоғарғы Кеңестің 238 депутаты қолдайды. Сөйтіп осы жұмыстың иесі Жандарбек Мәлібекұлы бүгінгі таңдағы ең терең мағыналы елтаңба авторы ретінде тарихта қалды.

Қазақстан елтаңбасындағы шаңырақ мемлекеттің түп негізі – отбасының бейнесі болса, 72 уық елдік негізі – татулық тірегін айғақтайды. Пырақ – жасымас жігер мен бостандық сүйгіштіктің символы. 1997 жылы қоладан құйылған 32 кг елтаңба үлгісі Алматыдан Астанаға жеткізілді. 2016 жылы 1 қаңтарда елтаңбаның жаңа ҚР 989-2014 стандарты қабылданды.

– Жас ұрпақты елшіл, ұлтшыл етіп тәрбиелеуде мемлекеттік нышандардың алар орны ерекше. Еліміздің елтаңбасы мән-мағынасы мен дизайны жағынан әлемде 194 мемлекеттің ішінде 9-орында тұр. Бүгінде бұл бәріміз үшін мақтаныш, қазір айту оңай болғанмен, бұған жету оңай болмағаны рас. Бұл еңбек – үлкен намыстан туған жұмыс. Қандай қиын болса да, біз өз мұратымызға жеттік. Ендігі жерде еліміздің егемендігі мәңгі болу үшін және азаматтар сапалы өмір сүруі үшін сапалы сананы қалыптастыру керек, – деді елтаңба авторы.

Жиынға қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Әли Амантайұлы өскелең ұрпақтың бойында патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерді дамытуда аталған мерекенің маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ол елтаңба авторын департамент атынан алғыс хатпен марапаттаса, өз кезегінде Ж.Мәлібекұлы елтаңбаның төсбелгі ретінде жасалған нұсқасын Әли Амантайұлының кеу­десіне өз қолымен тақты. Жиынға қатысушы жастар мен мемлекеттік қызметкерлерге туымыз бен тіліміздің қадір-қасиеті туралы да ой-пікірлер айтылды.

– Әлемде бүгінгі таңда 7 мың тіл болса, біздің қазақ тілі солардың ішіндегі 60 ерекше тілдің ішіне кіреді екен. Ата-бабаларымыз айтып кеткендей, түркі тілдерінің ең асылы, ең жауһары, ең тазасы – қазақ тілі. Сондықтан ана тіліміздің қадір-қасиетін жақсы білсек, алдағы уақытта мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейе түсері анық. Мемлекеттік қызметкерлер түгел қазақша сөйлеп, барлық іс-қағаз ана тілімізде жазылар болса, тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктеп, елдігіміз нығая түсері сөзсіз, – деді іс-шараны ұйымдастырушы «Руханият» КММ басшысы Әділ Орынбасарұлы.

Жиын барысында халықтың сенімін ақтап, Отанға қалтқысыз қызмет етуді басты ұстаным етеміз деген бірқатар мемлекеттік қызметкердің ант беру рәсімі де өтті. Іс-шара кезінде, сонымен қатар, Астана қаласының мемлекеттік қызметкерлері арасында өткен спартакиада жүлдегерлері сол жарысқа қатысқаны және спортты серік етіп, салауатты өмір салтын насихаттағаны үшін марапаттарға ие болды. Бұл жарысқа 23 мемлекеттік органнан 300-ден астам мемлекеттік қызметкер қатысқан екен. Кеш соңында эстрада және дәстүрлі әнші Жаңабай Өтегенов М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңіне жазылған әнін алғаш рет орындады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button