Елорда тынысы

Ұлттық нышандар авторлары ұлықталды

Биыл – Мемлекеттік тудың авторы Шәкен Ниязбековтің туғанына 85 жыл. Осыған орай, рәміздер күні қарсаңында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шарада көрнекті сәулетші, елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлына да құрмет көрсетілді.

Тағылым мен танымға толы кездесуге мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысып, мемлекеттік рәміздерді әспеттеу, насихаттау, қоғамдық құндылық ретінде бекіту турасында кеңірек сөз қозғады. Ақын, «Көк тудың желбірегені» әні мәтінінің авторы, жұмекентанушы Алмас Ахметбекұлы Мемлекеттік әнұранның шығу тарихы мен мән-маңызы туралы айтса, Мәдениет және спорт министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасы Қуат Бораш өз сөзінде рәміздерді тәуелсіздігіміздің төрткүл дүниеге паш ететін мақтанышымыз екенін алға тартты.

Мемлекеттік елтаңбаның авторы, университет профессоры Жандарбек Мәлібекұлы өз кезегінде рәміздердің мемлекеттік және этникалық бірегейлікті білдіретін мән-мағынасына тоқталды.

«Елтаңбада жасанды нәрсе жоқ. Барлығы – мәдениетімізден, дәстүрден туындаған элементтер. Мысалы, қошқар мүйіз бекер тұрған жоқ, шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын дегенде, босағаның мағынасын күшейту үшін сол арқар мен қошқар мүйізді келтірдік. Екіншіден, бұл көз тимесін деген мағынаны білдіреді. Қола дәуіріндегі Ботай заманында жылқыны алғаш рет қолға үйреткен қазақ болды. Сондықтан мұның мәнін білсін деген мақсатта тұлпарларды бейнеледік» деді сәулетші.

Сондай-ақ, елтаңба авторы мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың елтаңбаны еліміздің басты нышаны етіп қабылдарда сіңірген еңбегін баса айтты.

«Айтарға сөз жоқ, еңбегі ұшан-теңіз, ол ұмытылмақ емес. Өйткені депутаттардың ішінде ұлттық нақыштарға қатысты сөз айтқандар көп болды. Ал 306 депутаттың 237-сі жақтап дауыс берді. Оның өзі Әбіш Кекілбаевтың депутаттарға: «Ұлттық нақышқа, тұлпарға, шаңыраққа тіл тигізетін сендер қандай адамсыңдар?!» дегенінен кейін ғана барып көбейді. Несін жасырайын, сол кездегі қуанышымда шек болмады» деп еске алды Жандарбек Мәлібекұлы.

Конференция барысында «Жыл патриоты-2022» номинациясының иегері Абылайхан Әбдірәш қоғамда және жастар арасында мемлекеттік рәміздердің орны туралы ойын айтты.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button