Басты ақпарат

13 әлеуметтік шара

Еліміздегі көпбалалы аналар баспана алудың кезегіне бөлек тұрады. «Алтын алқа» иегері атанған көпбалалы отбасылар мемлекет қорынан баспана алатындардың жалпы кезегінен шығарылады. Астанадағы 6700-ге жуық көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы жоғары болады. Мұндай жаңалықтарды кеше көпбалалы аналармен өткен кездесуде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жария етті. «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалындағы басқосуға елорда әкімі Бақыт Сұлтанов, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева қатысты.

«Нұр Отан» партия­сының XVIII съезінде Елбасы халықтың әлеуетін көтеруге арналған бас­ты бағыттарды атап көрсетіп, нақты тапсырма берді. Осы бағытта жұмыс басталып кетті, яғни республиканың барлық аймақтарында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға арналған шаралар мен жаңа қолға алынған халықтың әлеуетін көтеру бағдарламасының түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағытта Астана қаласының әкімдігі де тиісті шараларды қабылдады» деді кездесуде қала әкімі Бақыт Сұлтанов. Елорда басшысының мәліметінше, Астанада 10095 көпбалалы отбасы бар, оның ішінде алтын және күміс алқаға ие болған 4688 ана бар, аз қамтылған 3458 адам (684 отбасы), ал 25719 мүмкіндігі шектеулі жан болса, оның 5316-сы мүгедек балалар болып табылады.

«Қазіргі уақытта қалалық әкімдікте тұрғындардың әлеуметтік қолдау бойынша қызметтер мен шаралар әзірленді. Яғни басты мәселелерді жинақтап, 13 нақты шарасын ұсынып отырмыз. Оның алғашқы бесеуі осы айдың 6-на Мәслихат отырысында қаралып, тиісті қаражат бөлінді. Қалған 8-і мамыр айында дайындалып ұсынылатын болады. Көріп отырғандарыңыздай, барлығы да халықты әлеуетін көтеруге бағытталған. Осы тұрғыда әлеуметтік қолдау қолжетімділігі басты назарда болады» деді ол.

Нақты қандай істер қолға алынады?

«Алтын алқа» иегерлері жалпы тізімде кезекте тұрмайды. Қазір біз көпбалалы аналар үшін баспана кезегін бөлек жасау мәселесін қарастырып жатырмыз. Бірақ бұл мәселе бірден шешіле салмайтыны анық. Әуелі бұған қанша қаражат жұмсалатынын есептеуіміз керек. Мысалы, баспана алу үшін аналар міндетті түрде тіркеуге тұруы тиіс. Өйткені, бізде заңның талабы солай. Біз бұл мәселені Ішкі істер министрлігімен бірлесіп шешу жолдарын іздестіріп жатырмыз. Ең бастысы, әлеу­меттік мәселелер алдағы 10 жылда кезең-кезеңен шешіледі» деп мәлімдеді Бердібек Сапарбаев.
Ол өз сөзінде Елбасының 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа механизмдерін қолданысқа енгізуді тапсырғанына тоқталды. «Қазір осы жұмысқа кірістік. Наурыз айында Парламент депутаттарының қолдауымен «Атаулы әлеуметтік көмек» туралы заңға және «Кедейлік шегін айқындау туралы» Үкіметтің бұйрығына өзгерістер енгізіледі. 1 сәуірден бастап АӘК көрсету критерийі бір адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайыздан 70 пайызға дейін, яғни, 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін көбейтіледі. Осы шаралар 830 мыңнан аса адамды АӘК-пен қамтуға мүмкіндік береді» деп жалғады сөзін министр.

1 сәуірден бастап АӘК көлемі өседі

Оның түсіндіруінше, ай сайын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың әрбір баласына күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде кепілдендірілген көмек (20 789 теңге) көрсетіледі. Отбасының ересек мүшелеріне АӘК бұрынғыдай есептеледі. Сондай-ақ жиынтық табыс­ты есептеу қағидаттары өзгереді. Яғни, 1 сәуірден бастап АӘК тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көпбалалы отбасыларға және «Күміс алқа», «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталған аналарға берілетін жәрдем­ақылар, мүгедектігі бойынша берілетін жәрдем­ақылар алынып тасталады.
«Өңірлерде электрондық әлеуметтік карталар жасалады. Олар отбасының қажеттіліктерін, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын бағалауды көздейді. Анасы мен 4 баласынан құралған, еңбегінен түсетін табысы жоқ, тек 10 504 теңгені құрайтын арнайы мемлекеттік жәрдемақы алатын бір отбасын мысал ретінде қарастырайық. Жаңа өзгерістерді ескерсек, мұндай отбасына берілетін АӘК 103 945 теңгені құрайды. Қолданыс­тағы жүйедегі 63 741 теңге АӘК-тің көлемі 63 пайызға өседі» деп түсіндірді Бердібек Машбекұлы.

Астанада жәрдемақы деңгейі жоғары болады

«Басқа өңірлермен салыс­тырғанда Астана қаласында орташа жалақының деңгейі жоғары. Сол себептен, көпбалалы отбасыларға төленетін АӘК-тің мөлшері 21 698 теңгеге дейін көбейеді. Егер көпбалалы отбасының мүшесі орта арнаулы немесе жоғары оқу орнында оқитын болса, 21 698 теңге 23 жасқа толғанша төленеді. Ал отбасындағы үлкен адамдарға бұрынғыдай 10 500 теңге қосымша жәрдемақы төленеді. Айта кетейін, осы уақытқа дейін отбасының әр мүшесіне 4 834 теңге төленіп келді. Ол сома 1 сәуірден бастап 21 698 теңгені құрайды. Елордадағы 6700-ге жуық көпбалалы отбасылар осындай көлемдегі жәрдемақымен қамтамасыз етіледі» деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Бердібек Сапарбаев көпбалалы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету, оларға отбасылық кәсіп ашу, табысын арттыру үшін бизнес-идеяларға 505 мың теңге мөлшерінде өтеусіз грант берілетінін хабарлады. «Микронесие беру шеңберінде 2019 жылға жоспарланған 14 мың шағын несиенің ішінен 5 мыңын ауылдағы көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарға бағыттау ұсынылып отыр. Мұндай шараның нәтижесінде 15 мың көпбалалы отбасы өз ісімен айналысып, табысын арттыруға мүмкіндік туады. Сондай-ақ көпбалалы аналарға, мүгедек жандарға, жастарға өз кәсібін ашу үшін 6,5 млн теңгеге дейін және якорлы кооперацияны дамытуға 20 млн теңгеге дейін жеңілдікпен шағын несиелер беріледі» деді ол. Мәлім болғаны, ауылдық жерлердегі әлеуметтік ахуа­лы нашар көпбалалы отбасылар үшін сұранысқа ие кәсіптерге қысқа мерзімдік оқу ұйымдастырылады. Сондай-ақ жекелеген жұмыс түрлері бойынша жалақысына жәрдемақы қосылатын үйде атқарылатын әлеуметтік жұмыс орындары ашылады. Бұл қадам бала күтім мен жұмысты қоса атқаруға яғни, қосымша табыс табуға жол ашады.
Айта кетерлік жайт, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедек балаларға және 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедек болып саналатын балаларға күтім жасау бойынша төленетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғаяды. Соның нәтижесінде 100 мың адам бұрынғы 31 183 теңгенің орнына 41 578 теңге жәрдемақы алады.

1 шілдеден бастап жалақы өседі

Министр осы басқосуда 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайыз­ға дейін көбейетінін айтты. «Бұл денсаулық, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда жұмыс істейтін 1 миллионнан астам азаматтық қызметшіге тікелей қатысты болады. 30 пайызға дейін арттырылған жалақыны 1-8-разрядтағы жұмыскерлер, қосалқы (техникалық), әкімшілік және негізгі қызметшілер, сондай-ақ басқарушылық қызметтегі кейбір азаматтар (лауазымдар арасында тиісті разрядаралық интервалды сақтау үшін) алады. Аталған жұмыскерлердің жалақылары жұмыс өтіліне қарай сараланған түрде арттырылатын болады. 2019 жылға арналған республикалық бюджетте Үкіметтің резерві есебінен 115,7 млрд теңге, 2020-2021 жылдарға 234,4 млрд теңге көзделген» деді құзырлы министрліктің басшысы. Ол 1 шілдеден бастап аудандық, облыстық деңгейде халықпен тікелей жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі сатыдағы қызметшілерінің жалақысы өсетінін хабарлады. Ауылдық, аудандық және облыстық деңгейде еңбек ететін 78 мың мемлекеттік қызметшінің жалақысы орташа есеппен 25 пайызға артады.

56 мың отбасына қарыз беріледі

Бүгінгі таңда елімізде 340 мыңға жуық көпбалалы отбасылар бар. Соның ішінде 28 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж ретінде, жергілікті әкімдіктерге кезекке тұрыпты. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін әлеу­меттік ахуалы төмен отбасылар үшін 40 мыңнан аса жалдамалы пәтерлер салынады. Яғни, мемлекет жыл сайын 6 мың пәтерді пайдалануға беру арқылы баспана кезегінде тұрған 28 мыңнан аса отбасының ең басты мәселесін шешеді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлім етті.
«2019 жылы республикалық және жергілікті бюджет есебінен 20 мыңнан аса жалға берілетін және несиелік тұрғын үй салуды жоспарладық. Соның ішінде 1-ші жартыжылдықта 5 мыңнан аса баспана пайдалануға беріледі, соның 2 мыңын көпбалалы отбасыларға ұсынамыз» деді құзырлы мекеме басшысы өз сөзінде. Ол өз иелігінде қымбат емес тұрғын үй болуын қалайтын көпбалалы отбасыларға «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 20 жылға дейін жылдық 2 пайызбен жеңілдетілген несие беру мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді. Бұл механизм ең төменгі жалақыдан аз табысы бар, ахуал нашар көпбалалы отбасыларға ұсынылады. Осы мақсатқа 25 жылдың ішінде үш қайтарым жасау үшін республикалық бюджеттен жыл сайын 50 млрд теңгеден жалпы 150 млрд теңге бөлу қажет. Нәтижесінде 56 мыңға жуық жағдайы төмен отбасылар жеңілдетілген қарыз алып, өз баспанасына ие болады.
Мархабат Жайымбетов­тің айтуынша, жылдық 2 пайызбен жеңілдетілген несие алуға мынадай талаптар қойылады: біріншіден, сатып алынатын пәтерлер жаңа көпқабатты немесе жеке тұрғын үйлерден болу тиіс. Екіншіден, 10 пайыздан кем емес бастапқы жарнасы болу қажет. Бұл ретте бастапқы жарнаны әкімдік беретін тұрғын үй сертификатының есебінен жабуға болады. Тұрғын үй сертификаттарын алушыларды әкімдік анықтайды. Несие 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Сонымен қатар жеңілдетілген несие мөлшері отбасының табысына қарай берілетін болады. Мысалы: 6 млн теңге несие алу үшін табысы 56 850 теңгені құрауы тиіс, сонда несие алушы ай сайын бастапқы 8 жыл – 31 600 теңге, кейінгі 11 жылында 18 898 теңге төлеп тұрады. 15 млн теңге несие алу үшін табысы 104 250 теңгені құрауы тиіс, сонда ол ай сайын бастап­қы 8 жыл – 79 мың теңге, кейінгі 11 жылында 57 482 теңге төлеп тұрады. Мұндай несие
– көпбалалы (4 баладан көп) отбасыларға;
– мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелейтін отбасыларға;
– кәмелетке толмаған балалары бар толық емес отбасыларға берілетін болады. Баспана еліміздің заңдарына сәйкес бөлінетін болады.
Атап айтарлығы, бұл бағдарламаға бір айлық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі жалақыдан (42 500 теңге) аспайтын отбасылар ғана қатыса алады. Екі адамнан тұратын отбасының ең жоғарғы табысы – 85 мыңнан, 7 адамнан тұратын отбасының табысы – 297 500 теңгеден аспауы шарт. Төлем қабілетін бағалау кезінде басқа несиенің болуы, құнын бөліп төлеу келісімімен сатып алу бойынша барлық шығындар есептеледі.

«Бапты алып тастау керек!»

Осы басқосуға қатысқан белгілі журналист, «Ақжүніс» аналар қорының астаналық бюросының жетекшісі Мейрамхан Жәпек үш ұтымды ұсыныс айтты. «Біріншіден, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» «әскери баспана» деген бағдарлама бар. Дәл сол сияқты, әлеуметтік жағынан аз қорғалған аналарға, көпбалалы аналарға (оның ішінде тек 10 баласы бар, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлері ғана емес), мүгедек бала бағып отырған отбасыларға үй алудың кезегі бөлек болуы тиіс. Екіншіден, 1997 жылы 17 сәуірде қабылданған «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 2-ші бабының, 16-шы тармағында: «Көпбалалы отбасы дегеніміз бірге тұратын, кәмелетке толмаған және одан да көпбалалары бар отбасы» деп жазылған. Бұл – баласы кәмелетке толып кеткен аналар ешқашан үйдің кезегіне тұруға дәмеленбей-ақ қойсын деген сөз. Сондықтан, заңның осы тармағындағы «кәмелетке толмаған» деген сөз тіркесі алып тастау керек!» деді ­М.Жәпек.
Үшіншіден, ол Астанада көпбалалы отбасыларға жасалып жатқан әлеуметтік қамқорлық шаралары еліміздегі барлық үлкен қалаларда да қолданысқа енгізілуі қажет деп есептейді. «Қазақстанда қазір жеке ана мен баланың құқық қорғайтын бөлек заң жоқ. Түйткілді мәселелер сол себептен туындап отыр. Егер сондай заң қабылдап, бүкіл баптарды кіргізіп, аналардың мәселесін түгелдей қамтымасақ, бүгінгі мәселелер 10 жылдан кейін де алдымыздан шығады. Мысалы, Астанада тіркеуге тұра алмай жүрген аналар көп. Заңдағы ала-құлалық осыдан көрініп тұр. Кейбір аналардың жанайқайын шығарып, шырылдап жүргенінің себебі – осы. «Ақжүніс» аналар қоғамы ана мен баланың, әкенің құқықтарын қорғау туралы заң жобасын әзірлеп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің қолына табыстадық. Құзырлы минис­трлік сол заң жобасын тиісті органдармен талқылап, Парламентке ұсынып, болашақта қабылдасақ, барлық мәселе тез әрі оң шешіледі» деді ол.

Әкім әлеуметтік шараларды жариялады

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов сол күні әкімдік отырысында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған нақты 13 әлеуметтік шаралардың қабылданғанын жұртқа жеткізді. 1. Аз қамтылған 2 мың отбасы үшін коммуналдық қызметтерін төлеуге берілетін төлемақы 18% артты. (34 млн теңге). 2. 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды күтушілерге қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі беріледі (1,3 млрд теңге). 3. Үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек 25 мың теңгеге дейін (6,5 АЕК-тен 10 АЕК) ұлғайтылды (23 млн теңге). 4. Мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс аясында тегін техникалық және кәсіби білім беру орындарында тегін оқыту (2986 адамға 1,5 млрд теңге бөлінді). 5. Бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 2 мың тұрғын үй сертификатын беру үшін 2 млрд теңге қарастырылды. 6. Көпбалалы отбасыларының балаларына, оның ішінде мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне қоғамдық көлікте тегін жүрі мүмкіндігі беріледі. (36 мың адамға 208 млн теңге). 7. 1-11 сыныптарда оқитын көпбалалы отбасылардың балалары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. Осы санаттағы 32 мың балаға 971 млн теңге бөлінеді. 8. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балалар үшін арнайы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады (10 мың балаға 500 млн теңге бөлінеді). 9. Осы санаттағы отбасы балалары мектеп формасымен және қажетті оқу құралдарымен тегін қамтамасыз етіледі (32 мың балаға 638 млн теңге бөлінеді). 10. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары, сондай-ақ мүгедек балалар балабақшада тегін білім алуына қолдау көрсетіледі (3,8 мың баланы ыстық тамақпен қамту үшін 513 млн теңге бөлінеді). 11. Көпбалалы отбасыдан шыққан 180 балаға елорданың жоғары оқу орындарында тегін білім алуына арнайы гранттар беріледі (25 млн теңге, жылына 500 мың теңге). 12. Көпбалалы аналарға тіс дәрігерінің қызметі (санация, протездеу) тегін ұсынылатын болады. Бұл көмекпен 10 мың адам қамтылып, 404 млн теңге бөлінеді. 13. Көпбалалы отбасылар қатты отын алу үшін әлеуметтік көмек алушылар санатына қосылады (1000 отбасына 26,3 млн теңге бөлінеді).

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

8 пікірлер

  1. М.Жапек ханым оте дурыс айтады.Кəмелетке толганнан кейнде сол кезекте калып сол уйді беру керексіздер.журттар итаки жылдап турады сол кезекке акыр аягы осы
    Дурыс емес заңнын аркасында алмайдыда!

  2. Неге сосын жəрдемакыны отбасының жалпы кірісін санап,машинасы барма,квартирада турама,соның барин жинап терып бөлып,сіз омір суре алатындай кірісіңіз бар деп жəрдемакыны бермейсыздер.сиздерден жардемакы алу ушин отыз-кырык мын айлык болу керек.ондай айлыкка карап жумыс истесек баягыда аштан кырылып калатын елык.казыр айелымен ерінің жалпы табысы 150-200мың құрайды.бирак жетпейды.еки-уш баламен тем более.неге жардемакыларыңыздың шарттары кол жетімсіз?

  3. Прописка деп тұра алмай жүрмін үй кезегіне ,ақша төлеп тұрсаң шығаоып тастайды ,енді пропискаға тұрайын деп барсам ,ақша төлеп ,штраф сізде 8300 тг деп отыр ғой ,өзі шықпа жаным шықпа деп жүргенде ,жығылғанға жұдырық болды ,айналайын үкіметім үйжоқ болса қандай прописка соны айтыңдаршы ,күйіп кетем мен ,шаошап кеттім расымен

Пікір үстеу

Back to top button