Қоғам

Жастар қай тұлғаға еліктеуі керек?

Бірде Facebook-тен мынадай жарнаманы оқыдым: «Қаржы академиясының студенттеріне Динара Сәтжан шешендік өнерден дәріс оқиды» деп жазыпты. Ойланып қалдым. Динара ханым не шешендік өнерді терең зерттеген ғалым, не бүгінгінің хас шешені болса, әңгіме басқа. Меніңше, ол жерге Динара емес, қазақтың шешендік өнерін жылдар бойы зерттеп жүрген Серік Негимов, әнші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан барса жөн болар еді.

Қазір кімнің шын тұлға немесе тұлға еместігін айыра алмайтын болдық. Себебі жасөспірімдер мен жастар өмірдегі емес, Instagram-дағы «тұлғаларға» көбірек еліктейді. Теледидар да шынайы тұлғадан гөрі эстрада әншілерін көрсеткенді қолай көреді. Халықтың ақшасына күн көретін мемлекеттік телеарналар жалған құндылықтарды насихаттау­да. Күн сайын насихат құралдары жердегі жұлдыздардың ішіп-жегенін, жүріп-тұрғанын көрсете берген соң, баланы қалай кінәлайсың?
Жастардың дені Баян Есентаеваны жазушы, Динара Сәтжанды шешен деп ойлайды. Бәлкім, олар өз өмірінен кітап жазып, жұртқа аузының суы құрып әңгімелейтін шығар. Бірақ әркімге «жазушы» деген сөзді тіркей беру дұрыс па? Әркім өз орнында отыруы керек. Ал бүгін екінің бірі – жазушы не тұлға, саясаткер немесе қайраткер. Олардың барлығы ұлтқа қызмет етіп жүр ме? Мәселе – сонда.
Меніңше, ұлтты дұрыс жолға бағыттайтын тұлға, зиялы қайраткер өзінің қоғамда өнегелі өмірімен, айтқан сөздерімен, жазған кітаптарымен, істеген істерімен жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Сонда оларды халықтың өзі тұлға деп таниды. Мысалы, Алаш ардақтылары өздерін тұлға, қайраткер деп санаған жоқ. Өздері таңдаған мамандыққа, мемлекеттік мүддеге өмірін арнады. Ұлттың келешегі үшін басын қатерге тікті. Сөйтіп келте ғұмырында еліне пайдасын тигізді. Сондықтан шын тұлғаны тану, мойындау дегенді ешқашан есімізден шығармағанымыз абзал.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button