Оқырманнан он сұрақ

Мақсат БАЗАРБАЕВ, әнші: «Жақсы ән елдің жүрегінен орын табуы тиіс»

– Мақсат аға, сәлеметсіз бе? Қазір қайдасыз? Шығармашылығыңызда не жаңалық?
Жанар НҰРЫШ, студент

– Қазір Қазақстандамын (күліп). Репертуарымды жаңа әндермен толықтырып жатырмын. Жақында Ташкентте Үкітай Ерниязовтың әні мен сөзіне жазылған «Сен сүйген ару» деген әніме бейнебаян түсіріп келдім. Көріп жүрген боларсыздар.

– Мамандығыңыз бойынша кәсіби актерсіз. Киноға түсуге шақырса, барар ма едіңіз?
Айым КАРИМОВА, оқырман

– Ондай шақыртулар болып жатса, әрине, баратын едім. Негізі, мен Т.Жүргенов Атындағы Өнер академиясын актер мамандығы бойынша бітіргенмін. Ең алғаш сахнаға «Бауыржан шоу» театрында өнер көрсеткенмін. Жаман болмаған сияқты. Сол жерде бас-аяғы үш жылдан астам қызмет еттім.

Егер режиссерлерден ұсыныс түсіп жатса, келісімімді берер едім. Бірақ, ондай шақыртулар әзірге бола қойған жоқ.

– Әншілердің көбі «Екі жұлдыз», «Кеш жарық» сынды жобаларға қатысып жүр. Сондай шоулардан сізді неге көрмейміз?
Жансая ОМАРБЕКОВА, журналист

– Мені «Екі жұлдыз» жобасына шақырған болатын. Бірақ дәл сол уақытта Қытайда гастрольдік сапарда жүрдім де, бара алмадым. Одан кейін ренжіп қалды ғой деймін, шақырту түскен жоқ.

– Бүгінде еліміздегі әншілердің көпшілігі бейнебаяндарын Ташкент қаласында түсіріп келеді. Сонда біздің елімізде сапалы бейнебаян түсіретін арнайы мамандардың болмағаны ма?
Гүлім БОЛАТОВА, қала тұрғыны

– Жоқ, олай емес. Бізде олардыкіндей сапамен түсірсек, қымбаттау болады.

– Сіздің бейнебаяндарыңыздың бар екенін естімеппіз…
Самал САМАТҚЫЗЫ, медбике

– Кезінде «Жастық шақ» деген әніме бейнебаян түсіргенмін. Жалпы, бейнебаян – адамның құлақ құрышын қандырып, көзін талдыратын нәрсе болуы керек.

– Қазақ эстрадасындағы кемшілік деп нені айтар едіңіз?
Әспет ЖҰМАШКЕ, мұғалім

–Қазір екінің бірі әнші ғой. Кім көрінген сахнада жүр. Ән айтып жүргендердің бәрін жаман десем, көпке топырақ шашқандай болармын, бірақ әншілердің санын көбейтіп жүргендердің тең жартысы музыкаға қатысы жоқ адамдар. Олардың не сөзінде мағына жоқ, не музыкасында мән жоқ.

– Әндеріңіздің әні де, сөзі де ұнайды. Әнді қалай таңдайсыз?
Инара АРМАНҚЫЗЫ, студент

–Рахмет, Инара. Ән таңдау оңай нәрсе емес. Егер орындаған жақсы әнің елдің жүрегінен орын тауып жатса, ол, әрине, жетістік. Жалпы, әндердің саны көп, сапасы жоқ болғаннан гөрі, саны аз, сапалы болған жақсы деп есептеймін. Көбінесе естіп, ұнатып қалған әндерімді сұрастырып, тауып алып, өңдеп жаздырамын.

– Спортпен айналысасыз ба?
Бекзат МАХМЕТОВ, спортшы

– Мектеп қабырғасында жүргенде айналыстым. Қазір анда-санда жүгіріп, спорт залдарға барып тұрамын.

– Өмірдегі және өнердегі досыңыз?
Сара ИГІЛІК, оқушы

–Мысалы «Нұр-Мұқасан» тобындағы жігіттерді досым деп емес, ағам десем болады. Олармен кәдімгі бауырлар есебінде араласамын. Мұқасанның адамгершілігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
Жалпы, өмірде де, әріптестердің арасында да сыйласып жүргендер өте көп. Оның бәрін тізбелеп шығу мүмкін емес.

– Жеке бизнесіңіз бар ма?
Көпен БАЛАЖАН, кәсіпкер

– Нақты бизнес жоқ, біздікі сол шоу-бизнес, той-бизнес қой.

– Домбыра шертетін өнеріңіз бар екенін білеміз. Болашақта сізді сахнадан домбырамен көреміз бе?
Толғанай ӘЛІМБАЕВА, магистрант

– Бұйыртса, ол да бола жатар. Жақында шығармашылық кешімді өткізбекпін. Сонда домбырамен ән салсам ба деген ой бар.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button