Басты ақпаратРуханият

Сыйлық иесіне, иесі сыйлыққа лайық па?

Сайын Мұратбеков неге қол сілтеді?

Жазушы Сайын Мұратбеков дерті асқынып, төсекте жатқанда, қалам­дас інілері әрі көңілін сұ­рап, әрі жазушыға Мемлекеттік сыйлық берілгенін сүйіншілеп айтуға барған екен. Сәлемдесіп, ананы-мынаны әңгіме қылған соң:
– Құтты болсын, Мемлекеттік сыйлық алдыңыз, – дейді қаламгерді қуантуға асығып. Бәрі де жылт еткен қуаныш сәулесін, бір шаттанған белгі көреміз бе деген үмітпен оның жүзінен көз алмай тұрған еді. Бірақ Сайын Мұратбеков ауру жеңіп, әл қашқан қолын көтеріп, бір-ақ сілтепті. Бұл – 2006 жыл, жетпіске келген шағы еді. Ерте танылып, мойындалған жазушы өмірінің соңғы айлары болатын. Бұл күнге дейін қаламгердің атқарған еңбегі де, тұлғалық тұғыры да биік еді. Сайын Мұратбеков деген есімнің өзі қандай марапаттан да артық тұратын. Егер Мемлекеттік сыйлық ертерек, өз уақытында, қаламгер қайраттанып, шығармашылықпен айналысып жүрген жылдары берілгенде, әлбетте, қуанар еді. Өз уақытынан кешіккен қуаныштың да дәмі болмай қалады екен…

Дарынды мемлекет даралай ма?

1966 жылдан бастап әр екі жыл сайын қаламгерлерге, ал 1971 жылдан бастап әдебиет қана емес, өнер, сәулет саласындағы тұлғаларға, бертінде ғалымдарға да беріле бастаған Мемлекеттік сыйлық – еліміздегі ең жоғары деңгейлі марапаттардың бірі. Сондықтан да оған қол созбайтын, оны армандамайтын қаламгер кемде-кем. Ақын Мұхтар Шаханов қана бұл атаққа құмартпаған деген әңгіме бар. Сөз жауапкершілігін көтергіміз келмей, осы мақаланы жазарда ақын ағамызға хабарласып, рас-өтірігін сұрадық. Мұхтар Шаханов: «Қалқам, маған кезінде «Халық Қаһарманы» атағын береміз дегенде бас тартқанмын. Мемлекеттік сыйлықты қайтем» деді бір-ақ сөзбен.
Қаламгерлер арасындағы Мемлекеттік сыйлықты өзінің бүкіл саналы ғұмырындағы еңбегінің, өзінің, өз таланты мен өнерінің бағасы деп қабылдап, оған қалай да қол жеткізгісі келіп тұратын көзқарасқа Шахановтың ұстанымы бірақ титімдей де әсер ете алған жоқ. Осы атақ үшін бес-алты рет бағын сынап, «осыны алмай тынбаймын» деп, саналы түрде оның соңына түскен ақындар да болған. Мемлекеттік сыйлық дарынды мемлекеттің, елдің мойындауы деп түсінетіндер аз емес. Шынында, солай ма?
Ең өкініштісі, осы сыйлыққа байқау жарияланғаннан біздің әдебиет төңірегінде жүрген тұлғалардың арасында пыш-пыш әңгімелер көбейіп, алакөздік, іштей тартыс, текетірес үдей түседі. Биыл Мемлекеттік сыйлықтың байқауына кімдер түсіпті? Қандай шығарма ұсынылған? Комиссияның құрамында кімдер бар? Оның кімге бүйрегі бұрады? Осындай сұрақтар көпшілік қаламгерлердің ындынын құртып, олар мейлінше жел сөздің жетегіне ереді.

«Мына комиссиядан Платон да атақ ала алмас еді»

Рас, Мемлекеттік сыйлыққа талас, байқаудағы бәсеке өнер өкілдері, ғалымдар арасында да болады. Белгілі ғалым Мұхтарбай Өтелбаев айтқандай, ғылыми еңбектерді көпшілік оқымайтындықтан, олардың арасындағы талас-тартыс сол саланың өкілдері арасында ғана талқыға түседі. Бір жолы Мұхтарбай ағамыздың комиссия жетекшісіне: «Сіздің мынадай комиссияңызға Платон келіп түссе де, Мемлекеттік сыйлық ала алмайтын еді» дегені де сондықтан.
Осындай сөздер құлағына жетті ме екен, араға бі­рер жыл өткенде бұл атақ­ты ғалымдар арасындағы ең талантты, деңгейі биік, еңбегі сіңген тұлғаларға беруді Президент өзі қадағалап, біраз уақыт әділдік үстемдік еткен екен. Ал қазір, кейбір ақсақалдардың айтуынша, бұл мәселе қайтадан бұрынғы қалпына түсіп келе жатқанға ұқсайды.

Шынымен, шығармаға беріле ме?

Мемлекеттік сыйлық елді, өнер мен мәдениетті, ғылымды, әдебиетті дамыту үшін тағайындалған. Сәулет, өнер, әдебиет, ғылым салаларының қай-қайсысында болмасын бұл марапат ең таңдаулы, жақсы туындыға берілетін болса, онда өзгелердің де жақсы іс істеуге асығатыны, ынталанатыны аян. Шығармашылықпен айналысуға, өнер мен мә­де­ниетті, ғылым мен әде­биетті дамытуға үлес қоссам, ерекше дүние тудырсам дейтін бәсеке қалыптастыра алса – бұл марапат өзін-өзі ақтағаны. Ал бәсеке қалыптастыра алмаса ше? Керісінше, қаламгерлер арасында алауыздық тудырып, олардың тұлғалық биіктен пендешілікке төмендеуіне, әдеби ортаның «былғануына» алып барса ше?
Ал Мемлекеттік сыйлықтың тұлғаға емес, шығармаға берілетіні рас па? Рас болса, неге қаламгерлер жақсы шығарма жазған сайын Мемлекеттік сыйлық алып отырмайды? Көркемдік деңгейі биік, тақырыбы ерек, тың дүние жазылған сәтте, дер кезінде шығармашылық иесі неге марапатталмайды?
«Қарағанды», «Шығанақ», «Дауылдан кейін», «Миллионер» сияқты туындыларымен оқырман сүйіктісіне айналған Ғабиден Мұстафин неге Мемлекеттік сыйлықты көркем шығармаларына алмай, 1978 жылы, 76 жасында «Ой әуендері» деген мақалалар жинағы үшін алды? Ал «Жусан иісі», «Отау үй», «Жабайы алма» секілді туындыларымен оқырман сезімін тербеген Сайын Мұратбековке неге бұл атақ қайта басылған жинағы үшін берілді? Жинақтағы повестер мен әңгімелер неге алғаш жарық көргенде, дер кезінде бағаланбады? Ал 1984 жылы «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алған Мұхтар Мағауин неге «Шыңғыс ханы» үшін тағы атақ ала алмады?
Биыл байқауға түсіп отырған Мархабат Байғұт, Ғалым Жайлыбай, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Өтеген Оралбаев, Ақұштап Бақтыгереева сынды ылғи айтулы қаламгерлердің арасынан марапат иесін таңдағанда әділдік туын құлатып алмаудың жолы қайсы? Бұл ақын-жазушылардың қай-қайсысы да Мемлекеттік сыйлыққа лайық туындыларын талай жылдан бері жазып келе жатқан жоқ па? Осы марапаттың дұрыс тапсырылуына жауапты тұлғалар осы сұрақтарға жауап бере ала ма?

Бұл марапат таласқаныңызға тати ма?

Кейде шығармашы­лықтағы бәсеке өнер мен ғылым иелерінің өмірдегі бәсекесіне ұласып кетіп жататыны бар. Әлдеқандай бір атаққа, марапатқа таласып, қалғандардың кейбірі арада он, жиырма жыл өтсе де іштей «тіс­тесіп», реті келсе бірін-бірі түйреп қалғысы кеп тұратыны байқалады. Баспасөз беттерінен, ғаламтордан атаққа ұсынылғандарды жақтап, оқырманның екіге (бәлкім, одан да көпке) жарылуы, айтысу, сөз талас­тыру секілді келеңсіздіктер көрініп қалатыны да рас. Мұндай жағдайлар тұлғалардың абыройы мен беделіне көлеңкесін түсіретін кездер де аз емес.
Бәйгеге түскен соң кім кімнің де құр қол қалғысы келмейтіні анық. Атақ пен марапат байқауы болған жерде үміт, одан асса пендешілік, дүниеқорлық, мақтансүйгіштік, өзімшілдік секілді мінез ұялап жататыны да түсінікті. Ал Мемлекеттік сыйлық қаламгерлердің осындай ортада таласқа түскеніне тати ма? Бұл марапат шығармашылық иесіне не береді?
Осы сұрақты 2016 жылы «Әй, дүние-ай» романы үшін Мемлекеттік сыйлық алған Бексұлтан Нұржекеев ағамызға қойғанбыз. «Бұл – атақ қой. Ешқандай да жеңілдік бермейді. «Сов­миннің» ауруханасына тегін емделуге болады, бірақ мен оған бұрын Еңбек сіңірген қайраткер атағын алғанда тіркеліп қойғанмын. Мемлекеттік сыйлық алғанда ақшалай сыйлығы болады. Мен 40 мың доллар көлемінде алдым. Басқа жеңілдігін көргенім жоқ» деді ағамыз.
Мемлекеттік сыйлық алған тұлғалар үшін тағы көптеген жеңілдік беріледі, мерейтойларын мемлекет өткізіп, соңғы сапарға да өзі шығарып салады екен деген сияқты алыпқашпа әңгімелерді біз ешқандай заңды құжатпен әдіптей алмадық.

Түйін
Сонымен, біздің ақын-жазушыларымыз үшін Мемлекеттік сыйлық – олардың таланты мен еңбегіне мемлекет тарапынан берілген баға. «Мемлекеттік сыйлық алу деген сөз – қаламгерлердің өз ұғымдары бойынша, классик ретінде мойындалу.
Жақсы сөзге де жан семіретінін ойласақ, марапаттау арқылы біздің қоғам қаламгерінің арқасынан қағады. Ел, оқырман «Мемлекеттік сыйлықтың иегері ғой» деп еркелетеді. Бұл – қалам ұстаған қанағатшыл тұлғалар үшін зор мәртебе, үлкен қуаныш. Әйтсе де, кез келген атақ пен марапаттың «құндылығы» қоғамда қалыптасқан көзқарасқа байланысты. Көзқарас өзгергенде бұл марапаттың да мәні кетіп, соңында тек материалдық игілігі қалады. Тұрмыстық игілігі тұрғысынан қарағанда, Мемлекеттік сыйлық үшін күресу – 40000 доллар үшін күресу ғана ма сонда?!

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button