Сұхбат

АБАЙ ТАСБОЛАТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: БОСТАНДЫҚ – БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫМЫЗ

– Абай Бөлекбайұлы, Кеңес одағының іргесі сетінегеннен кейін, әр ел өзінің әскери құрылымын жасақтау қамына кірісті. Осының басы-қасында болған сізге бұл міндетті оңтайлы ұйымдастыру оңайға соқпаған болар…

– Сол кезбен қазіргіні мүлде салыстыруға келмейді. Он бес одақтас республиканы «алақанында» ұстаған орталықтың ыдырауы, әлі дамып жетілмеген елдерге жеңіл соқпады. Қолда барды сақтап қалу ісіне бәріміз мұқият араластық. Өзге мемлекетте әскери борышын өтеп жүрген өрендеріміз кері қайтып, бір үлкен өзгеріс басталған еді.

Қазақстан мемлекетінің алдына алдымен Қарулы күштерді құру міндеті қойылды. Осы мақсатта Елбасы Жарлығымен 1992 жылы біз жоғарыда атап өткен қуатты құрылым құрылды. Содан кейін техника жаңаланып, әрбір бөлім жасақталды. Бастысы, мемлекеттің қорғаныс шебін заңдастыратын Әскери доктринаны қабылдап, халықаралық деңгейдегі жиындарда келелі мәселелерді талқыладық.

– Сіз елорда студенттерімен кездесу сәтінде, біздің әскеріміз саны басқа елдердегі құрылымнан бірнеше есе аз болғанмен, шебімізді қорғауға жігіттер бойындағы табандылық жетеді дедіңіз. Ендеше, өз алдына тәуелсіз ел атанған еліміз Қарулы күштерінің бүгінгі жетістігі қандай?

– Сұрақ орынды. Адам баласының бойында жігерлілік болмаса, ойлаған мақсатына жете алмайды. Әрине, жаттығудың орны бөлек екені сөзсіз. Сонда да өршіл мінез, талапшылдық қай қысылтаяң сәттен де алып шығады. Ал қазіргі біздің әскер сапындағы сарбаздардың бойында осы қасиеттер бар.

Әлемдік деңгейде әлі ауыздықтала қоймаған жаһандық дағдарыстың сипатына қарамастан, еліміздің әскери құрылымын одан әрі жетілдіріп, маңызды шараларды тұрақты өткізіп келеміз. Басқаны айтпағанда, тұңғыш рет ұйымдастырылған «Өзара іс-қимыл – 2009» халықаралық командалық-штаб жаттығуына 15 мыңнан аса әскер, 1500 бронды техника, жүздей әскери ұшақ пен тікұшақ қатысты. Екіншіден, осы құрылым бойынша отандық білім беру жүйесін қалыптастырып үлгердік. Ұлттық қорғаныс университеті, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты және Әскери-теңіз институты – соның дәлелі. Елбасы қасында жүріп, біраз нәрсені үйрендім. Өзі басшылыққа бекіткен «Ұланда» абыроймен қызмет атқардым деп ойлаймын. Бұл құрамда азаматтық борышын өткеру екінің бірінің пешенесіне бұйырмайды. Бойы, ойы келіскен, білімді өрендер ғана мемлекеттік маңызы бар нысандарды көздің қарашығындай қорғап, әскери жаттығу сынынан өтеді. Оларды ел арасынан іріктеп алу ісі де оңай емес. Өйткені, жоғарыда атап өткен талап үдесінен көпшілігі табыла бермейді.

Талап дегеннен шығады. Осы орайда мектепте алғашқы әскери дайындық пәнін оқыту мәселесі кей өңірлерде көңіл көншітпейді екен. Бірнеше оқулық жазып шыққан автор ретінде бұған не айтасыз? 

– Рас, мен алғашқы әскери дайындыққа қатысты оқулық жаздым. Әлгі деректің қаншалықты шынайы екенін сараптама жүргізгеннен кейін айтуға болады. Менің білетінім, биылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1080 қаулысымен қабылданған «Орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының» 25-ші тармағында10-11 сыныптарда алғашқы әскери дайындықты 25 сағаттық жылдық жүктемемен оқыту көзделген. Негізі, бұл пәнге 140 сағат бөлінуі тиіс. Сондықтан құзырлы орындар бұл мәселені қайта қарастырып, тез арада шешім қабылдауы қажет.

– Жастарға патриоттық тәрбие беруді жиі көтеріп жүрсіз. Нәтижесі қандай?

– Жүрегі елім деп соққан ұрпақтың рухы мықты болуы керек. Оның дәнін бойына егетін өзіміз. Нақты айтқанда, отбасы, балабақша, білім ордасы осы мәселеге аса ұқыптылықпен қарағаны жөн. Сіз білесіз бе, біз жастарға патриоттық тәрбие беретін бағдарламаны жылдамдатып бекітуіміз қажет. Осы істің көптен бері тіні жалғанбауы салдарынан күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып отыр. Ал енді мен көтерген бұл бастаманың нәтижесі жақын арада шешімін табады деген сенімдемін.

Жас буын «Манасты» жатқа білетін қырғыз ағайындар секілді өз батырларымыздың есімін жадында сақтаса, артықтық етпес еді. Мәселен, мен «Дауылпаз баба-Қожаберген» кітабын құрастырғанымда, жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесін көздедім. Жалпы, Қожаберген жырау батыр ғана емес, танымал әскери басшы және ақын болған. Ол «Жеті жарғыны» құрастыруға қатысқан. Алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан өңірінде өмір сүрген жиырма бір батыр мен жеті би туралы тарихи тағылымды еңбекті баспадан шығаруды көздеп отырмын.

– Әңгімеңізден болашақта біраз жұмыстың атқарылатынын ұғындым. Ал енді неге көңіліңіз толмайды?

– Биыл Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен «Ядролық сынаққа тыйым салудан-ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференция өткізілді. Осы жиынға келген Ауғанстан делегациясын «Бәйтерек» монументімен таныстыру кезінде келеңсіз көріністі көзіміз шалып, ұятты болғанымыз бар. Алақанын жайып, қайыр сұраған сыған баласы алдымыздан жүгіре шықты. Осындайда тәртіп сақшыларының олқы ісіне қарның ашады. Оны айтасыз, «Алма ТВ» кабельді телеарна желісі арқылы берілетін «Хит лайнер», «Муззон» музыкалық бағдарламаларындағы «жігіт жігітті қалайды» немесе «қыз іздеген жігіт» деген бейәдеп хабары ұлттық болмысымызға сызат түсіріп жатыр. Мұны тезге түсіретін құзіретті орын қайда қарап отыр сонда?

– Әскерде қырық екі жылдан аса уақыт қызмет атқарыпсыз. Сол мерзімде жүзеге асырылған жұмыстарды ой елегінен өткізіп көрсек…

Осы жылдар ішінде қолға алынған негізгі істі ғана атап өтсем деймін. Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық оқу орнын он жыл басқарған кезімде қазақтың салт-дәстүрін оқу бағдарламасына енгізген едім. Алғашында оған бөлінген уақыт алты сағат болды. Кейін жетпіс сағатқа ұлғайттым. Сол тұста әскерилердің дәстүрімізді, тарихымызды, тілімізді  білуіне барлық жағдай жасалды. Тіпті, олар би өнерін де меңгеріп шықты. Кадр біліктілігін арттыруға, сарбаздың шыңдалып шығуына да баса мән бердім.

– Тәуелсіз ел атанып, әлемдік деңгейде танылдық. Қоғамда талай нәрселер өзгерді. Ал болашақта нендей жұмыс атқарылады?

– Татулық пен бірлікті жақтаған Қазақстан қарышты дамып келеді. Халықаралық көрмелер бюросының 152-ші Бас Ассамблеясында көп дауыс иеленген Астана «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу мәртебесіне ие болды. Осының негізінде жаңа жобалардың тұсауы кесіліп, бірнеше адам жұмыспен қамтылады.

Астана өркениетке көш түзеген, әлем елдері арасында орнықты салмағы бар құтты мекенге айналды. Осыған дейін елімізге қомақты инвестиция тартылып, әлеуетіміз артты. Тобықтай сөзді қысқа қайырғанда, осы кезеңге дейін қол жеткен жетістіктеріміз тәуелсіздіктің арқасында келді. Сол ата бабаларымыз аңсаған киелі бойтұмарымыз – Тәуелсіздікті баға жетпес құндылыққа балаймын.

Әңгімелескен: Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button