Басты ақпаратТаным

Адамды емес, дронды жұмсар күн туды

Қорадағы төрт түлік малдың тезегін қуат көзіне айналдырып, энергияға кететін қар­жыны үнемдеу фермерлер үшін қандай күшті идея болар еді, иә?! Ал жоғары вольтты изоляторларды адам емес, дрон тексеретін күн туады дегенге ше, сенер ме едіңіз?! Бұл екеуі де – бүгінгі кейіпкеріміз Дамира Пернебаеваның жобалары. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі, қазіргі кезде Назарбаев университетіндегі инженерия мектебінің докторантурасында оқып жүрген жас ғалыммен жақында кездесіп қайтқан едік.

Изоляторды ұшқыш  аппарат тексереді

Менің қазір айналысып жүрген жобам жоғары вольтты изоляторларды адамның емес, дронның көмегімен тексеруге бағытталған. Бүгінде әлемнің дамыған мемлекеттері дронды көптеген салада, мәселен, медицинада, әскери сферада, ауыл шаруашылығында, өрт сөндіруде пайдалануда. Бұл технологияны бізге де қолданудың кезі келген секілді. Өздеріңіз білесіздер, елімізде қыс қатты, жаз ыстық, оның үстіне, жел де көп аймақта жыл бойы соғып тұрады. Осы факторлардың бәрі әлгі изоляторлардың тез істен шығуына әкеліп соғады. Оның үстіне, изоляторлар тек жол бойында ғана емес, тау-тасты жерлерде де орналасқан ғой. Олардың әрқайсысын тексерістен өткізу үшін мамандарға автокөлікпен немесе тікұшақпен аттануға тура келеді. Бұл аса тиімді әдіс емес. Өйткені біріншіден, аталған жұмыс қауіпті болуы мүмкін. Екіншіден, кейбір жерлерге жету өте қиын. Яғни, уақыт пен қаржы жағынан қиындық туғызады. Мен жасап жатқан бағдарламаны дронға орнатқанан кейін аппарат изолятордың қандай жағдайда екенін, қаншалықты деңгейде ластанғанын, оның тұрған орнын анықтап, алған ақпаратты деректер базасына жіберіп отырады. Осылайша бізде изоляторлардың зақымдалып, аяқ асты істен шығып қалуының алдын алатын мүмкіндік пайда болады.
Білуімше, қазіргі таңда Қазақстанда электр энергиясы желілерін тексерудің автомат­тандырылған жүйесі жоқ. Егер қандай да бір изоляторлар істен шықса, орнына жаңасын қояды. Оны ауыстыру үшін сол учаскедегі электр тасымалын уақытша тоқтата тұру керек. Сонда бір сағаттың ішінде қанша энергия шығын болады, елестетіп көріңізші. Ал автоматтандырылған тексеру жүйе­сінің арқасында біраз қаржыны үнемдей аламыз.

Тезектің қуатын сатып, пайда табуға болады

Бұған дейін ауыл шаруашы­лығындағы қалдықтардан электр энергиясын өндіруге қатысты жоба жасаған болатынмын. Бұл идеяның қалай туғанын айтайын. 2015 жылы университетіміздің профессоры Луис Роджас Солорзано бізге Red Screen атты канадалық бағдарламаны қолдануды үйретті. Онда белгілі бір көрсеткіштерді енгізу арқылы жо­баның тиімділін анықтауға болатын. Біз Орал қаласындағы фермамен келісіп, ондағы мал санына қатысты барлық деректі алдық. Әлгі бағдарлама сол малдың тезегінен алынған газдың қанша энергия беретінін есептеп шығарды. Содан соң біз сол газдың жиналуына қанша уақыт қажет екенін, оны сақтау­ға арналған қондырғының құ­ры­­лысын, басқа да керекті құрал-­жабдықтардың сызбасын дайын­дадық. Бұл орайда бүкіл жабдықтың отандық өнім болуына баса назар аудардық. Өйткені фермер бұл идеяны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына ұсынып грант алғысы келсе, аталған қор бүкіл өнім­нің қазақстандық болуын талап етеді. Дәл сол уақытта Қазақстан ЭКСПО көрмесін өткізуге әзірленіп жатқан еді. Соған байланысты мемлекет тарапынан қайта қалпына келетін энергия өндіруге бағытталған бағдарламалар үшін субсидия бөлінетін болды. Онда біз жоғарыда айтқан биогаздан алынатын энергия өндірісі ең қымбатқа бағаланды. Нақтырақ айтсақ, оның әр киловатына мемлекет 32 теңге төлеуге дайын-ды. Фермер үшін шаруа­шылыққа жұмсалған электр энергиясының шығындарын өтеуден гөрі сол энергияны өзі өндіріп, жаңағыдай бағамен мемлекетке сату әлдеқайда тиімді. Осылайша төрт түлік малдың тезегін тыңайтқыштан да гөрі қаржылай пайдалырақ жолға жұмсайды.
Өкінішке қарай, фермерлер бұл жобамыз туралы онша хабарсыз болғандықтан ба, бізге ұсы­ныс тастамады. Әйтпесе, осы­­ған қажетті бүкіл есеп-­қисапты оларға тегін беруге әзірміз.

Отандық ғылымда қандай проблемалар бар?

Жақында Елбасымен жүздес­кенімде, отандық жас ғалым­дардың үздік жобалары үшін арнайы грант бөлуге ұсыныс тастаған едім. Ұсынысымды ол кісі қабылдап, осы салаға 3 млрд теңге бөлетін болды. Бұл жаңалыққа қатты қуандым. «Қазақтың білімді жастары неліктен шетелге кетіп жатыр?» деген сұрақ қазір қоғамда жиі талқыланып жатқаны белгілі. Шынына келер болсақ, олардың көбісі ғылым саласында өздеріне қолдау болмаған соң амалсыз кетуге мәжбүр. Онда кеткен соң, олар ашқан ғылыми жаңалықтар, әрине, сол елдің атын шығарады.
Еліміздің ғалымдары арасындағы проблема ретінде отандық компаниялар базасында зертханалардың жоқтығын да айтар едім. Қазір шетелдегі ірі компанияларда Research and Development («Зерттеу және дамыту») деген бөлім бар. Онда сол салаға қатысты жаңа жо­баларды мамандар тестілеу­ден өткізіп, қажет болса, әрі қа­рай дамытады. Бізге де сол тә­жірибе жетіспейді. Өйткені жас ғалымдардың көпшілігінде өндірістік тәжірибе аздау болуы мүмкін, ал компаниялардың өкілдері жобаны практика жү­зінде сынап, өздерінің кеңес­терін ұсынса, оның нәтижесі де жемістірек болар еді.
Тағы бір қынжылтатыны, ғылыми этика Қазақстанда әлі толыққанды қалыптаспады. Еліміздегі бірді-екілі уни­верситет болмаса, көп оқу орнында плагиатқа емін-еркін жол беріледі. Студенттер курс­тық жұмыс жазу барысында әлдекімнің еңбектерінен сөйлемдерді, тіпті, абзацтарды түгелдей көшіріп алудан қымсынбайды. Мұның соңы жастарда ғылымға деген нем­құрайлы көзқарас қалыптасуына әкеліп соғады. Соның ке­сірінен ғылыми ортадағы мүмкіндіктер елеу­сіз қалуда. Мәселен, кез келген студент Назарбаев университетінде оқымаса да, мұндағы профессорларға өз жобаларын әкеліп көрсетіп, соның төңірегінде бірлесіп жұмыс істей алады. Біздегі тәжірибелі оқытушылар барлық ұсынысқа ашық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button