Sport

«Барыс» ширек финалға шықты

Астананың «Барысы» Гагарин кубогының ширек финалында Нижний Новгородтың «Торпедо» командасымен жеті мәрте кездесіп, оның төртеуінде жеңіске жетті. Осы нәтиженің арқасында бәсекенің ширек финалына жолдама алды.

Қос команда өз айдынында бір-бірін үш реттен жеңіп, шешуші ойынды Астанада өткізді. Жан алысып, жан беріскен шайқаста «Барыстың» бағы жанып, 3:2 есебімен басым түсті.
Жанкүйер қауымның қолдауынан шабыт алған елордалықтар ойынның небәрі 1-минутында есеп ашып үлгерді. Валерий Орехов пен Патрис Кормье жеткізген шайбаны Даррен Диц қарсы қақпаға дарыта білді. Бұл нәтижемен де тоқтап қалмай, шабуылдарын үсті-үстіне үдете берді. «Барыс­тың» мұндай қарқынын күтпеген «Торпедо» ойыншылары ә дегеннен тегеурін таныта алмай, абдырап қалды. Тек алғашқы кезеңнің ортасына таман естерін жиып, Хенрик Карлссонның қақпасын торуылдай бастады. Бапкердің нұсқауымен жүйелі ойын көрсетіп, соққыларын да арттырды. Осындай ұрымтал сәттердің бірінде Антон Волченков бағыттаған соққы нысанаға дәл тиіп, таразы басы теңесті.


Кездесудің келесі 20 минуты да дәл осы сценарий бойынша өрбіді. «Барыс» сапынан Мэттью Фрэнкин 32-минутта командасын алға шығарса, арада 4-минут өтер-өтпес Дмитрий Семин есепті 2:2-ге жеткізді. Үзіліске дейін осы есеп сақталып, қос команда үшінші кезеңге дайындалды.
Соңғы 20 минутта «Барыс» та, «Торпедо» да жеңіс шайбасын соғуға ұмтылды. Қонақтардың есепте алға шығатын мүмкіндіктері болғанмен, сәттілік жетіспей жатты. «Сен соқпасаң, саған соғадының» кері келіп, «Барыс» 52-минутта соңғы нүктені қойды. Бұл жолғы голдың да авторы – Даррен Диц. Қалған уақытта ресейліктер есепті теңестіруге тырысып баққанмен, айла-шарғылары жетпеді. Осылайша неше күнге созылған тартысты бәсекенің жеңімпазы жетінші ойында ғана барып анықталды.
Елордалық команданың келесі қарсыласы – Гагарин кубогының екі дүркін жеңімпазы «Авангард» ұжымы. Алғашқы ойын бейсенбі күні Астанада өтеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button