Басты ақпаратМәселе

Әкімдер топшыл емес, көпшіл болса

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өзекті мәселелерді ортаға салып, жаһанда қалыптасқан саяси-қоғамдық және ­әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты атқарушы билікке шұғыл шешім шығарып, халықшыл бастамаларды сапалы атқаруды тапсырды. Тағайындалмалы жүйедегі нәзік те күрделі мәселенің бірі әкімдерді тағайындауда жершілдікке емес, біліктілікке, ағайынгершілікке емес, қабілетіне назар аудару маңызды екенін атады.

Президенттің айтқанын сөзбе-сөз келтіретін болсақ:

– Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс. Министрліктердің өзінде «керек адамын» тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды. Дарынды жастар мемлекеттік қызметке келуге құлықсыз. Аймақтарда тек сол өңірдің азаматтары жұмыс істеуі керек деген қасаң түсініктен арылу керек. Адамның білікті болуы оның туған жеріне байланысты емес. Жұмыстың нақты нәтижесімен ғана бағаланады, – деп халыққа қызмет көрсету саласындағы негізгі кемшілікті талдап, облыс және аудан әкімдерін тағайындаған кезде жершілдікке басымдық бермеуді талап етті.

Көп жағдайда өңірдің басшысын таңдаған кезде сол аймақта туып-өскеніне мән беріп жататыны ақиқат. Алайда өзінің кіндік қаны тамған аймақты өркендетіп, өркениет көшіне қосады дейтін кейбір әкімдер ағайын-туысын түгелдеп, оларға биліктің майлы тұсын ұсынып, халықтың ризық-несібесін монополистік қызметке ұстататынын көріп, естіп жүрміз.

Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Өз ісіне адал, халыққа етене жақын азаматтар жоқ емес, бар. Бірақ көп емес. Президент кеңейтілген отырыс­та осының мән-жайын ашып, облыс әкімдерін тағайындағанда олардың туған жеріне емес, білім-білігіне, қабілет-қасиетіне, болмыс-бітіміне көңіл бөлуді тапсырды.

Дұрыс шешім! Осындайда ойға бір мысал оралады. 1985-1988 жылы Қызылорда облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болған Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің байыпты бастамаларын осы күні қызылордалықтар еске алып, өзге әкімдермен салыстырып отырады. Тәуелсіздік тұсында өңірдің тізгінін ұстаса мейлі ғой, кеңестік кезеңде басқарған азаматтың іскерлігін айтып, оның ішінде Құмкөл мұнай кешенін жалға алып, облыстың экономикасын көтергенін сүйсіне сөз ететіндер көп.

Негізі, Еркін Әуелбеков – солтүстік өңірдің тумасы. Ол Солтүстік Қазақстанда кеңшар директорынан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарына дейін көтерілді. Еңбек жолының шарықтау шағында Қызылорда облысының өркендеуіне бірден-бір себепкер болды.

Бүгінде шығыстықтар Өскеменде Абайдың еңселі ескерткіші бой көтеруіне мән берген Бердібек Сапарбаевтың және батыстықтар Орал қаласындағы 40-қа жуық көше атауының бір күнде өзгеруіне бастамашыл болған Қырымбек Көшербаевтың шешімталдығын, бастамашылдығын ерекше атайтынын жақсы білеміз. Иманғали Тасмағамбетовтің Алматы қаласын дамытуда, әсіресе, жол кептелісін азайтатын айналмалы көпірлерді салудағы іскерлігін ықыласпен айтатындар көп. Оңтүстік түлегі Өмірзақ Шөкеев Қостанай өңірінде із қалдырды. Бұл азаматтардың бірі батыста, бірі оңтүстікте туса да, тәуелсіздіктің алғашқы ширегінде мемлекетшіл тұлға ретінде елдің әр өңірінің дамуына елеулі үлес қосты.

Өзіміздің Астана қаласын басқарған әкімдердің дені өзге өңірде туып-өскен, елшілдік істерге өзге өңірлерде араласып, елдің сая­си орталығын басқарғаны белгілі. Осы мысалдан-ақ түрлі деңгейдегі әкімдер жергілікті жерден болуы тиіс деген қағида дұрыс емесін оңай түсінеміз. Керісінше, сол өңір тумасы әкім болса, оның туыстары мен достарының бизнесі де тез өркендейді деген пікір бар. Кеңес дәуірінде облыстарды сол аймақ перзенті басқару сирек кездесетін оқиға болатын. Бастысы, әкімдердің менеджерлік қабілетіне, білігі мен тәжірибесіне, халықпен етене жақын араласатын қасиетіне мән берген дұрыс.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы: «Азаматтарды қызметке тағайындау барынша ашық және әділ болуға тиіс. Жеке адамдардың мүддесін көздейтін кез келген әрекетке тосқауыл қойылуға тиіс» деп дамуда әділдік пен ізгілік, ашықтық пен жариялыққа басымдық беруді ұсынды.

Рас, әлем елдері цифрланып, өркениет көшінде өркен жаюдың жолы – ашықтық пен жариялықта екенін әлдеқашан түсінді. Әрі осы бағытта жұмысын жүйелеп, халыққа сапалы қызмет ұсынуда. Міне, озық елдер дамуының бір сыры осында.

Ендеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары алмағайып уақытта етек-жеңімізді жинап, елдіктің еңсесін тіктеудің жолы деп түсінейік.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button