Басты ақпарат

Айналайын, ауырма!

«АСТАНА АҚШАМЫ» газетінің медицина
қызметкерлері күніне арналған қосымшасы

АБЗАЛ ЖАНДАР АРДАҚТАЛДЫ

Кеше «Қазақстан» орталық концерт залында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті.

Кейінгі жылдары еліміздің медицина саласы қарқынды дамуда. Өйткені, сала қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және оларды барынша қолдау Мемлекет басшысының үнемі назарында.

Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласында 65 мыңнан астам дәрігер, 150 мыңдай мейірбике және 13 мың фармацевт еңбек етуде. Салтанатты жиында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің және Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің құттықтау хаттарын оқып берді.

Жалпы, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы маңыздылығымен ерекшеленеді. «Медицина қызметі, әсіресе ауылдық жерлерде жетілдірілуде. Емханалар мен ауруханалар жаңа құрылғылармен жабдықталуда. Заманауи медициналық технологиялар енгізіліп, қызметкерлердің кәсіби шеберлігі артуда. Осының барлығы – еліміздің тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету үшін жасалуда. Отандық денсаулық сақтау саласының жетістіктері – еліміздің барлық медицина қызметкерлері еңбегінің нәтижесі. Барлық өзгерістердің табысты іске асырылуының кепілі – қызметкерлердің білімі, тәжірибесі және шеберлігі» дей келе, Салидат Қайырбекова медициналық ахуалдың бүгінгі жай-күйімен кеңінен таныстырып өтті.

Салтанатты жиында Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың сала қызметкерлеріне арнап жолдаған құттықтау хатын қала басшысының орынбасары Аида Балаева оқып берді. Оның айтуынша, бүгінде елорданың медицина саласы айтарлықтай алға басуда. Сапалы қызмет көрсететін медициналық орталықтар заманауи құрылғылармен жабдықталған. «Биыл – Астананың он бес жылдық мерейтойы. Аз ғана уақыт ішінде елордамыз гүлденіп, медициналық ахуал едәуір жақсарды. Халық саны да артып келеді. Бұл – елордалықтардың денсаулығын жақсартуда тынымсыз еңбек етіп келе жатқан абзал жандардың ғана қуанышы емес, тұтас қоғамның қуанышы. Барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын, еңбектеріңіз жана берсін» деді А. Балаева.

Бұл кеште республиканың денсаулық сақтау саласына зор үлес қосқан қызметкерлер арнайы марапатталды. Кәсіби біліктілігімен көзге түскен дәрігерлерге «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгілері, ҚР Үкіметінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және Астана қаласы әкімінің Құрмет грамоталары табыс етілді.

Жиын соңы Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тынымсыз травматология

Ауру айтып келмейді ғой. Күтпеген жерден жығылып қалып жарақат алсақ, бірінші болып травматолог маманның көмегіне жүгінеміз. Травматологтардың тынымсыз жұмыс істейтіні рас. Жиырма төрт сағат бойы жазатайым қол-аяғы мертігіп қалған науқасқа алғашқы көмек көрсететін де солар. Жарақатты жазып, буынды бекітетін де солар. Жұмысы жеңіл дәрігер болсын ба? Жоқ, әрине. Бұл орайда, елордалық травматологтардың жұмысы тіптен ауыр екенін айтуымыз керек. Себебі, бас қалада небәрі екі-ақ травматологиялық пункт бар. Біз соның бірі – білікті де тәжірибелі дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Батпенов басқаратын Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының травматологиялық пунктіне арнайы бардық. Мақсатымыз – күні-түні жұмыс істейтін бұл мамандардың жұмысымен жақынырақ таныссақ деген ниет. Сонымен…

Бізді травматологиялық бөлімнің меңгерушісі Әділбек Жылқыбақов қарсы алды. Газет тілшісі екеніміз- ді айтып, өзімізді таныстырдық. Өз тарапынан ол да бізге сондай құрмет көрсетті. Сөйтіп, таныстығымыз басталған соң, әңгіменің әлқиссасы аталған мекеменің тарихынан басталды. Орталықтың ашылғанына – аттай он бір жыл. Осы аралықта ондағы ақ халаттылар мыңдаған адамға ем-дом жасап, аяғынан тік тұрғызды. Травматологиялық пункттің де ашылғанына сонша жыл. Сөз басында айттым ғой, бұл бекеттің жұмысы ауыр деп. Олай дейтініміз, бұл жерде Алматы және Есіл аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетіледі. Ал, екінші бекет сарыарқалықтарды қабылдайтын теміржолшылар ауруханасында.

Дәрігерлер жүктемемен жұмыс істейді

Қала тұрғындарының күн сайын артып келе жатқанын ескерсек, сөзіміздің жаны бар екеніне сенесіз. Негізінде, травматологиялық пункттер шамамен 100-150 мың адамға көмек көрсету керек. Барлық елдегі жалпыға ортақ тәжірибе осылай дейді. Сонда 800 мыңға жуық халқы бар Астанаға қазірдің өзінде 4 травмпункт керек екен. Статистикалық нақты деректен бөлек, бейресми жағдайда, яғни, тіркеусіз тұрып жатқан адамды қоспағанның өзінде есеп осылай көрсетіп тұр. Нақты мысал, күн сайын бөлім мамандары 120 адамды қабылдайды. Екі бекет, кезекші дәрігер, медбике, бір сөзбен айтқанда, қырық төрт маман үшін бұл тым көп. Ай сайынғы көрсеткіш 3-4 мың аралығында екен. Соңғы бес айдың өзінде 17 мың адам келген. «Дәрігерлерімізде бос уақыт атымен болмайды, – деген бөлім меңгерушісі, – Біздің травматологиялық орталықтың беделін еңбегімізбен дәлелдедік. Барлық науқасқа бірдей қараймыз. Шенеунік пен қарапайым халықтың, тіпті жұмыссыз адамның арасында айырмашылық жоқ. Олардың бәрін көмекке мұқтаж науқас деп білеміз. Әрі бәріне бірдей көмек көрсетеміз» деп ағынан жарылды.

Біз барғанда кезекте он шақты адам отыр екен. Бірінің тісі, бірінің қолы сынған, енді бірі аяғын сылтып басып келіп отыр. Кезекті пациентті қабылдап, қажетті көмекті көрсетіп отырған кезекші дәрігермен тілдестік. Өзін Ертісбай Молдагелдинов деп таныстырған ол бір сағат бұрын қолын сындырып алған науқасқа блокада қойып жатыр екен.

Келушілер қыр көрсетеді

Бір дәрігер бір науқасқа көмек көрсету үшін біршама уақыт кетеді. Жараны қарау, қажет болса, оны тазалау, рентгенге түсіру, гипс салу және басқасы бар. Айтайын дегенім, мамандар науқастар жиі айқай-шу шығарады деп шағымданады. Тіпті, күні кеше ғана болған бір оқиғадан мысал келтіріп берді. Бір әйел «менің шешемді осында жатқызып, емдеңдер» деп анасын Ақтөбеден ертіп әкеліпті. Ал арнайы рұқсат қағаз, квотасы жоқты қабылдамайтынын айтқан дәрігерге тепсініп, қыр көрсетіп кетіпті.

Тағы бір мысал, аяғына баллон құлаған жігіт бір аптадан соң «аяғымды рентгенге түсіріңдер» деп келіпті. Мұндай жағдай онсыз да шаруасы шаш етектен дәрігердің уақыты мен мазасын алары сөзсіз.

Жарақаттың да түрлері бар

Алғашқы ашылған жылдары келушілердің саны 40-қа жетер-жетпестен болатын. Қазіргі көрсеткішті айттық. Әдетте, адамдар қыстың күні көк тайғақ мұзда көп сындыратын. Қазір құрылысқа жан біткен кезде де келушілер саны азаймай отыр. Жарақатпен келетіндерді бірнеше топқа бөлуге болады. Мысалы, тұрмыстық жарақат көп жағдайда құлап немесе қол-аяғын қайырып алғанды айтады. Ал құрылыс алаңында құлап алғанды өндірістік дейді. Келушілердің көбі спорттық травма деген диагнозбен қайтады. Спортпен мүлде айналыспайтын жандар бір күні білек сыбанып спортпен шұғылданудың соңы осындай жарақат алумен аяқталады. Адамның қол-аяғы ұзақ жаттығу арқылы үйретіп, содан соң ғана спортты ойлау керек. Яғни, спортқа бірден емес, біртіндеп келу керек дегенге саяды бұл. «Ауырып ем іздегеннен ауырмайтын жол ізде» дегендей, ауырмайын десеңіз, асықпау керек. Өйткені, басқа келетін жараның бәрі асыққаннан болатын көрінеді.

«Ешқашан асықпау керек. Себебі, асығудың соңы сүйектің сынуына немесе зақымдалуына әкеліп соғады». Сеніңіз, бұл – маманның пікірі.

Салғырттық сан соқтырады

Салғырттықты біз дәрігерлерге емес, науқастарға қатысты айтып отырмыз. «Кейбір адамдар жарақат  алған бойда травматологияға келудіңорнына үй жағдайында өзінше емдеп жатып алады. Араға бірнеше күн, тіпті, бір апта салып қана дәрігерге келетіндер бар. Кейде уақытылы келмегеннің салдарынан аурудың асқынып кететіні бар. Мұндай медициналық көмекті алуға дер кезінде келмейтіндер көп. Жалқаулықтың соңы жақсылыққа әкелмейді» дейді сұхбаттасымыз Ә.Жылқыбақов.

Айтпақшы, ақылы қызмет туралы сұрақ қойып едік. Осы кезде денсаулық сақтаудың қолданыстағы заңынан шикілік шықты. Бүгінде елордаға нәпақа табу үшін өз елімізден бөлек, өзге елдерден жұмысшылар көптеп ағылуда. Міне, біздің елдің заңдарында шетелдіктерге медициналық қызмет көрсету мәселесі нақтыланбаған. Көп жағдайда оларға қызмет көрсетіледі, ал ақысы төленбейді. Себебі, олардан ақша алу тетігі көрсетілмеген. Ал шетелдіктерге көрсетілетін ол көмек мемлекет бюджетінен бөлінген ақша екені айдан анық. Есесіне, біздің азаматтар сол елдерге бармас бұрын міндетті медициналық сақтандыру рәсімдеулері керек. Өйтпеген жағдайда, ол елдің есігі тұрмақ, тесігінен кіргізбейді. Ал, ақ халаттылар «Алдымызға келген науқасқа алдымен ақша төле, сосын барып емдейміз деп қалай айтамыз?! Біздің міндетіміз – адам өмірін арашалау. Әрі-беріден соң бізге тегін көмек көрсетуді міндеттеп отыр» дейді. Міндеттеп отырған – Үкіметтің міндетті медициналық көмек көрсету туралы қаулысы екен. Онда дәрігерлер алдына келгеннің бәріне бірдей көмек көрсету керектігі жазылған.

 Денсаулыққа ден қою керек

Айгүл СЕГІЗБАЕВА, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Айгүл Кимқызы, ертең еліміздің ақ халатты мамандары төл мерекесін атап өтпек. Осы орайда, сізге Астананың денсаулық сақтау саласының жай-күйіне атысты бірер сауалымызды қойсақ деп едік. Айтыңызшы, елордалықтардың денсаулығы қалай?

– Бас қаланың денсаулық сақтау саласы соңғы жылдары қарқынды дамып, жұмыс бір жүйеге келді. Басқарманың міндеті – медициналық қызметті қолжетімді етіп, сапасын арттыру арқылы елордалықтардың денсаулығын жақсарту. Емдеу- профилактикалық шараларды жүзеге асырудың арқасында біз жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Соңғы жарты жылда ішкі миграцияның есебінен қала халқының көбейгені белгілі. Десе де, ауру мен өлім азайып, өмір сүру жасы ұлғайғаны байқалады.

– Астана кейбір ауру түрлерінің көрсеткіші бойынша республикада көш бастап тұр деп айтылған болатын кейбір БАҚ-тарда. Осы көрсеткіштерді төмендету мақсатында қандай жұмыстар істеліп жатыр?

– Бір жылдары елімізде және елордада туберкулез бен жүрек аурулары көбейіп кетті. Соңғы бес жыл бойы туберкулез дертіне
шалдыққандар санынан Астана шынымен де республика бойынша бірінші орында тұрған-ды. Қазір аталған дертпен ауыратындар саны 19,1 пайызға, ал оның салдарынан болатын өлім 20,5 пайызға азайды. Осы мақсатқа жету үшін 2012 жылы Астана қаласының туберкулезге қарсы концепциясы қабылданды. Астананың арнайы фтизиопульмонологиялық кеңесі құрылды. Сол сияқты кардиологиялық қызметте де ауыз толтырып айтуға болатын жетістіктеріміз бар. Тек қана №2 қалалық аурухана стационарының жедел жұмысы жыл сайын жүрекке 1500-ден астам операция жасауға мүмкіндік беріп отыр. Соның 60 пайызы жедел әрі ашық жүрекке жасалады. Кейінгі үш жылда қан айналым жүйесі де жақсы көрсеткіштерге ие болды. Осы жерде көптеген аурудың бастапқы кезеңі скринингтік тексеру кезінде анықталып отырғанын баса айтуымыз керек. Сондай-ақ, жоғары технологиялық жедел операциялардың арқасында өлім көрсеткіші 44 пайызға азайды. Ел аумағында жүзеге асырылып жатқан республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бағдарламалардың арқасында өткен жылы бірқатар көрсеткіштерге қол жеткіздік. Атап айтсақ, адам өмірі 73,3 жасқа дейін ұзарып, туу көрсеткіші 2,3 пайызға көбейді. Бала өлімі 11, ана өлімі 4,4 есе азайды.

– Көп ауру дер кезінде қаралмағандықтан асқынып жатады. Халықтың саламатты өмір салты туралы сауатын көтеру үшін не істеп жатырсыздар?

– Ұлт саулығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әр Жолдауында айтылып келеді. Біздің жұмысымыздың мақсаты да сол – саламатты өмірді қалыптастыру. Әрине, біз өз тарапымыздан «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» қағидасын халықтың санасына құю үшін жұмыс істеп жатырмыз. Осы орайда, басқарманың жанынан 1999 жылы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы құрылғанын атап өтуіміз керек. Орталықтың мақсаты – аты айтып тұрғандай, саламатты өмірді насихаттау. Құрылған күннен бастап бүгінге дейін темекі, ішімдік, есірткі пайдаланудың көрсеткішін аз да болса кемітуге септігін тигізді. Сондай-ақ, әлеуметте кең таралатын ауруларды азайтып, репродуктивтік саулықты насихаттайды. Басқарма тарапынан аталған мақсатқа жету үшін жүйелі жұмыс атқарылып отырады. Ең бастысы, әр адам өз денсаулығына ден қоюы керек.

– Қала тұрғындары тарапынан емханадағы  қызмет сапасына айтылатын сынның қатары көп еді. Жалпы, қаладағы медициналық мекемелердегі кадр мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Аталған мәселе біз үшін өте маңызды. Жыл сайын басқарма жоғары оқу орындары түлектерінің жәрмеңкесіне қатысады. Әрі бұл бағыттағы жұмысымыз нәтижесіз емес. Мысалы, 2012 жылы басқарма 129 жас маманды жұмысқа орналастырды. Денсаулық сақтау саласын жүйелі түрде халықаралық стандарттарға көшіру үшін 2013 жылға 165 444 800 теңге бөлінді. Оның 119 001 000 теңгесі жергілікті, ал 46 443 800 теңгесі республикалық бюджеттен берілді. Бұған қоса осы жылдың бес айында алыс-жақын шет мемлекеттерде 973 адам біліктілігін арттыру курсына қатысып қайтты. Басқа да білім мен біліктілікті арттырып, тәжірибе алмасуды діттеген оқуларға қатысып жатыр. Бұл Астанадағы медициналық қызмет сапасын дамытатыны сөзсіз.

Үзеңгі қағысқан үздіктер

Медицина қызметкері күні мерекесі қарсаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен «Үздік провизор» республикалық байқауы өтті.

Он екі жылдың ішінде бұл конкурс  аталған мамандықтың беделін арттыруға, провизорлардың кәсіптік шеберлігін, бастамасы мен шығармашылық әлеуетін жетілдіруге септігін тигізетін тамаша дәстүрге айналды. Республикалық байқауда Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменттері өткізген қалалық және облыстық «Үздік провизор» жеңімпаздары қатысты.

Сондай-ақ «Денсаулық сақтау саласындағы үздік тәуелсіз сарапшы» аталымындағы байқау осымен екінші мәрте өткізіліп отыр. Мақсаты – жоғары білікті, дарынды тәуелсіз сарапшыларды анықтау, қолдау және ынталандыру, сондай-ақ, олардың беделін арттыру болып табылады.

«Үздік пациент» байқауының жеңімпазы болып №4 қалалық емхана емделушісі Берік Махат атанып, келесі кезеңде бақ сынасатын болды.

Астанаға еліміздің барлық өңірлерінен 8 озық медициналық сарапшы жиналды. Олар біліктілігі жоғары, тәуелсіз сарапшы ретінде жұмыс өтілі бар, жасаған зерттеулердің санын есептеу арқылы іріктеп алынды. Байқау барысында қатысушылар өздерінің тәжірибелері мен машықтарын көрсететін бейнероликтерді көрсетті, сондай-ақ әңгімелесуден өтті. Арнайы құрылған комиссия қызу пікірталас нәтижесінде үш жеңімпазды таңдады.

Байқаудың барлық қатысушылары «Қазақстан» ОКЗ-да өтетін Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты.

Зейнеп ЗАЙЫТ

САЛ ДЕРТІН ДЕНДЕТПЕГЕН

Жақынының жанын қоярға жер таппай қиналып жатқанын көргенде ет жүректі пенденің қай-қайсысыда Алладан «дертіне шипа бере көр!» деп тілейді. Әпкеміз «екі аяғынан жан кетіп, төсек тартып қалыпты» дегенді естігенде біз де Жаратқанға жалбарындық. Сондайда«дәрігер болмаған екенбіз» дегеной келеді екен. Өзі емші болмаған соң, туған-туыстыңда ұлар-шу боп, көңіл сұрай келгеннен басқа береркөмегі қайсы?! Ақ халаттыабзал жанның қадірін жете түсінетін кез де осы тұс шығар, бәлкім.

КЛАРАНЫҢ ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҒЫ ЖҮРЕГІМІЗДІ ЖЫЛЫТТЫ

Немере әпкеміз Төлеуіш Халымқызы ұзақ жылдардан бері мектепте ұстаз болып қызмет етіп келеді. Шәкірттерінің алды – бүгінде бір-бір отбасының иесі, белді қызметкерлер, білікті мамандар. Өзі де: «Ұстаз – екінші ана секілді, -деп отырады. – Себебі, анасы үшін бала қанша жасқа келсе де есейгені білінбейді. Біз де түлектеріміздің 2-3 баланың әкесі атанып, ересек тартқанына сенгіміз келмей тұрады».

Биылғы оқу жылын табысты тәмамдап, иықтағы жүктен енді жеңілдедік-ау дей бергенде, ұстаздың денсаулығы сыр берді. Сегізкөзден семсердей қадалған дерт тырп еткізбестен төсекке аңған. Сап-сау жүрген адам бір-ақ күнде қасықпен ас ішіп, кісі қолына қарап қалғаны бәрімізді де қынжылтпай қоймады. Сауығып кетер деп, қарайлап баққанымыздан түк шықпаған соң, жедел жәрдем шақырдық. Олар бірден №2 қалалық ауруханаға жеткізді. Үрей мен күдік билеген көңіліміз әпкеміз күні ертең аяғынан тұрып кетеді дегенге күмәндана берді. Дегенмен, «үмітсіз – шайтан» деп өзімізді жұбатып бақтық.

Ауыр хәлде жеткен оны қабылдау бөлімінде қарсы алған невролог Клара Қанатқызы бірден науқасқа палата тағайындатқызып, өз қарауына алды. Ауруханаға түскеннен кейінгі үшінші күні «әпкеміз аяғынан тұрды» деген хабар жеткенде, өз құлағымызға өзіміз сенбедік. Жанымызды жегідей жеген «сал боп қалса қайттік?» деген қорқыныштан арылғанда балаша шаттанып, қуаныштың көз жасына ерік бердік. Жас та болса біліктілік танытқан маманға алғысымызды жаудырыпжатқанымызда ол «мен жай ғана өз міндетімді орындадым» деп жауап қатты. Оның қарапайымдылығы онсыз да қалай алғысымызды білдірерімізді білмей елжіреп тұрған жүрегімізді жылытып жібергенін жасыра алмаймыз.

АЛҒЫСҚА БӨЛЕНГЕН БӨЛІМ

№2 қалалық аурухананың неврологиябөлімі 2010 жылы құрылған және қазіргіуақытқа дейін Қазақстандағы нерв жүйесінде патологиялары бар науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсететін алдыңғы қатарлы бөлімше болып табылады. Бөлімшенің дәрігерлік құрамы медицинағылымдарының кандидаттары, бірінші және жоғары санаттағы неврологтардан тұрады. Атап айтсақ, Денсаулық сақтау басқармасының бас неврологы Бағыжан Сыздықова, Медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Әлия Жұмахаева, бірінші санатты дәрігер Клара Әлмаханова және Шынар Айтжанова мен Гүлнұр Әшірбекова – осы бөлім қызметкерлері. Кей айларда дерті меңдеген 80-90 адам осы дәрігерлердің көмегінежүгінеді. Бөлімде 30 орындық 16 палата бар. Оның 5-еуі ақылы түрде емделушілерге арналған.

Сонымен қатар, мұнда шашыраңқы склероз және полиневропатия кезіндегі терапевтік амалдарды зерттеу және жетілдірумен нерв жүйесінің ауыр аутоиммундық патологиясы уақытындағы иммуномодуляциялаушы терапияны қолдану; эпидемиологиядағы, клиника және эпилептологиядағы емдеу сұрақтары; мидың дегенеративтік және тамырлы патологиялары проблемалары сынды тақырыптарда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Мұндағы емдеу жұмыстары демиелиндендіруші патологиялары, мидың нейро-бұлшықеттік және дегенеративтік аурулары, цереброваскулярлық патологиялары, нерв жүйесінің тұқымқуалаушылық және басқа да аурулары бар науқастарға көмек көрсетудің республикалық және халықаралық стандарттары негізінде жүзеге асырылады. Аутоиммундық ауруларды емдеуде иммуносупрессиялық медикаментоздық және эффективті терапиялық тәсілдер қолданылады және заманауи физиотерапевтік емдік процедураларды енгізу арқылы нейрореабилитациялық қызметтеркөрсетіледі. Ал, диагноз шығаруда электрофизиологиялық және нейровизуалдық зерттеулердің заманауи тәсілдері кеңінен қолданылады.

Серікгүл
МӘДЕНИЕТ

АҚЖАРМА ТІЛЕК АЙТАМЫЗ

Бүгін еліміздің ақ халатты мамандары төл мерекесін мерекелеп жатыр. Ақ халаттылардың арасында білікті және білімді абзал жандар бар. Сондай ісіне адал, кәсібін жанымен жақсы көретін маманның бірі – №4 емхананың жалпы тәжірибе бөлімінің меңгерушісі Мейрамгүл Базарбаева. Ол өз ісін тек алдына келген емделушіні қарау ғана емес, оның аяғынан тік тұрғанға дейін қажетті емін жасап, тілекші болу керек деп түсінеді. Біз, Мейрамгүл Ахметқадырқызына балаларымыздың амандығы үшін алғыс айтамыз. Кәсіби мерекесімен құттықтап, кәсібінің нәсібін көрсін дейміз.

Құрметпен, Сүлеймендер отбасы

ГИППОКРАТ АНТЫНА АДАЛДЫҚ

Басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ-ау бүгінде. Сырқаттанып қалсақ, бірден дәрігер көмегіне жүгінетініміз белгілі. Сонда алдымен олардың қабағына қарайтынымыз да рас. Егер жылы шырай танытып, ауырған жерімізді, жағдайымызды тәптіштеп сұрап жатса, бойымыз бір жеңілденіп, жарты ауруымыздан құтылғандай күй кешетініміз тағы бар. Гүлнұр Көбееваны алғаш көргенде сондай сезімде болғанымыз шындық. Онымен жақынырақ сөйлесе келе, өз мамандығына деген соншалықты сүйіспеншілігін, дәрігерлік антына адалдығы мен науқасқа деген жанашырлық шын ниетін көргенде, ол туралы қалам тербемеугеболмас деген ойда қалдым.

Жамбыл облысы Жуалы ауданының Шымбұлақ ауылында дүниеге келіп, орта мектепті ойдағыдай аяқтағаннан кейін Гүлнұр Шырынбекқызы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын тәмамдайды. Содан бері өзі таңдаған мамандық бойынша Астанада еңбек етіп келеді.

– Адамзат өміріндегі құндылықтың бірегейі – адам денсаулығын сақтау екенін ескерсек, науқас жанның қуанғанын көру дәрігер үшін ерекше бақыт, тіпті жеңіс десек те болады. Бұл ретте біздің әріптестеріміз аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандықты меңгере отырып, адам жанының зерттеушісі, арашашысы ғана емес, сонымен бірге қорғаны да болуға ұмтылып келеді, – дейді бүгінде бас қаладағы Ақмола облыстық №2 ауруханада терапия бөлімшесінің меңгерушісі Г.Көбеева.

А.ЗЕТУЛЛА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button