Руханият

Академиктің асқары

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Сейіт Қасқабасовпен кездесу өтті.

Бұл ғибратқа толы танымдық кешті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай жүргізді. Кездесуге зиялы қауым өкілдерімен бірге студенттер, әдебиетті жақсы көретін оқырмандар жиналды.
Ғылым жолы ешқашан оңай болмаған. Қазіргі әдебиеттану ғылымының қазыналы қариясы Сейіт Асқарұлының жүріп өткен жолынан тағылымға толы ой түюге болады. Ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында «Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, ғылымға түрен салды. Ұлттық фольклорды дамытуға зор еңбек сіңірді. Кешегі жариялылық кезінде жазықсыз жаланың құрбаны болған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді алаш арыстарымызды ақтау туралы құжаттарды дайындады. Ғалым ретінде оның қаламынан қазақ және орыс тілдерінде 10-нан астам монографиялар мен зерттеу жинақтары, 500-ге жуық мақалалар жарық көрді.
Кеш барысында Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Сауытбек Абдрахманов, Рахметқажы Берсімбай, Намазалы Омашұлы, Блок Шайкенов, Бауыржан Омарұлы секілді белгілі азаматтар сөз алып, академиктің елге және ғылымға сіңірген еңбегі жайында парасатты ой қозғады. Университет студенттері «Қыз-Жібек», «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» жырларынан үзінді оқыды. Талантты әнші Кенжеғали Мыржықбай әуелетіп ән салды. Ақын Бақытжан Тобаяқ арнау өлеңін оқыды. Айтулы ғалымның өзі оқырмандардың сұрағына жауап беріп, өмір жолынан ғибратты әңгіме өрбітті.
Кешті қорытындылған академик, аталған университеттің проректоры Дихан Қамзабекұлы Алатауға көш түзеген ғалымның 1997 жылдан бастап, өзі қызмет атқарған жоғары оқу ордасынан «Еуразия» ғылыми орталығын, Шығыстану факультетін, диссертациялық кеңесті ұйымдастырып, ұзақ жылдар бойы Қазақ әдебиеті кафедрасын жемісті басқарғанын айтып, ардақты азаматқа ұзақ ғұмыр тіледі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button