Басты ақпарат

Алты ай қыс болатын ел

Еліміз Орталық Азия­ның дәл ортасында орналасқандықтан алып мұхит, теңіздерден шалғай жатыр. Тиісінше Мальдив, Тайланд, Үндістан, Вьетнам секілді жағажайымен көпшілікті арбайтын елдердің туристік әлеуетімен иық тірестіре алмаймыз. Алайда оларда жоқ қыс мезгілі бізде бар екенін есте ұстаған жөн. Олар дамытып, сол арқылы нәпақасын тауып отыр­ған туризмнің екінші жағы бізде барын көпшілік біле ме? Біз осы орайда еліміздің алты айдай қыс болатын арқа төрінде қысқы туризмді дамыту мүмкіндігін өзге елдердегі тәжірибеге сүйене отырып қозғауды жөн көрдік.

Сөз басында айтып өтеріміз доллар, еуро секілді әлем қолданатын ақша түрінің елімізде соңғы жылдары бірнеше есе қымбаттағаны белгілі. Сол үшін біздегі баға шетелдіктерге арзан болып көрінері анық. Мәселен, Астанадағы орта деңгейлі қонақүйлердің бағасы 5000 теңгеден басталар болса, долларға шаққандағы құны – 13 доллар. Оны қазір өзге елдердегі бағамен салыстырып өтеміз.

Болгариядағы сауық

Болгарияның бір емес бірнеше қаласында туристер үшін жағдай жасалған. Біздегі кез келген туристік агенттіктерге хабарлассаңыз Банско, Боровец және Пампорово қалаларын кеңес етеді.
Бұл қалалар таулы аймақта орналасқандықтан, туристер дәл осы ерекшелігіне қызығушылық танытады. Арқан есілген арнайы жол арқылы тауға шығып, одан төмен қарай шаңғымен немесе сноубордпен сырғанау кез келген шетелдікті баурап алары сөзсіз. Бұл біздегі тау бөктеріндегі Шымбұлақ курортына ұқсас. Айтпақшы, мұнда биікке шығарда қан қысымы көтерілетін жандардың хәлі назардан тыс қалмаған. Шағын ғана жоталарға да дәл осындай жағдай жасалып, емін-еркін сауық құруы қамтамасыз етіліпті. Бұл да бізге үйренерлік үрдіс болса керек.
Біздің қалаларымыз бен Болгарияның туристік аймақтарының ауа райында еш айырмашылық жоқ деуге келеді. Мәселен, жаздыгүні +30 градусқа дейін барса, қыста -30 градусқа дейін суытады екен. Ал құны жағынан еуропалықтар үшін өте арзан болып есептеледі. Бір бөлмелі қонақүйдің бағасы тәулігіне 20 доллардан басталады.
Болгарияның туризм министрі Николина Ангелкова 2017 жылы елге 8,9 млн шетелдік қонақ келгенін, олардан бас-аяғы 3,510 млрд еуро пайда түскенін мәлім еткен. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 9,3 пайызға артыпты. Жүйелі жұмыстың арқасында Грекия, Румыния, Германия, Түркия, Ұлыбритания, Украина, Молдова, Израиль, Польша елдерінен келетін туристердің қатары қалыңдаған.

Андорра – ертегілер елі

Андорра халқының басты табыс көзі екі-ақ нәрсеге тіреліп тұр. Оның бірі банк саласы болса, екіншісі – біз сөз еткелі тұрған туризм бағыты. Бұл ел – Франция мен Испанияның арасында орналасқан шағын ғана мемлекет. Аумағы небәрі 467,6 шаршы шақырымды құрайды. Халқы шамамен 77 мың ғана болғанмен, бұл елге жылына өз халқынан 140 есе көп, яғни 11 млн турист барады екен.
Андорра таулы аймақта орналасқаны о бастан белгілі. Тиісінше, қысқы туризмінің де дамуына Болгария секілді тау-шаңғы кешендері септігін тигізіп отыр. Ал арзан қонақүйлердің құны тәулігіне 30 доллардан басталады екен. Осы орайда аядай ғана мемлекетке жылына мұнша қонақтың ағылып баруына не себеп деп ойлап, жауабын іздеп едік, бір ғана Андорра ла Велья қаласына барған жұрттың көбі ертегі әлеміне еніп кеткендей әсерде қалады екен. Ал нулы орманындағы аң-құстары бұған айрықша көмегін тигізіп отыр.
Осы орайда айта кетерлігі, Астананың маңайына аумағы 78 гектар жерді алып жатқан жасыл желекті жасанды орманның егілгеніне ондаған жыл болды. Қазір ағаштарының биіктігі 5-10 метр болып қалды. Ал былтыр мұнда 8 мыңнан астам қырғауыл жіберілсе, одан бөлек қарсақ, түлкі, қоян, елік, сауысқан, қарға сияқты бірқатар аң-құсты кездестіруге болатынын осыған дейін жазғанбыз. Егер осының бәрі халықаралық агенттіктер арқылы тиісті деңгейде жарнамаланса, қызығушылық танытатын шетелдіктердің санында шек болмас еді. Сәл әріректе Бурабай курортты аймағы. Оның қысы қандай көркем! Ұзақ жылдар бойы салынған трамплин де жетімсіреп тұр. Шаңғы, коньки спортына, атпен, шанамен серуендеуге, тіпті итжеккен шанаға мінуге мүмкіндік бар.

Жұрт Лапландияға неге құмар?

Бірақ сырттан келетін қонақ аз. Неге? Бұл – тиісті мекемелерді ойландыратын сауал. Қысқы туризмі дамыған елдердің бірі, небәрі 180 мың тұрғыны бар Лапландия аймағына барғанды турис­тердің көбі жөн көреді екен. Бұл жердегі табиғат сұлулығы өз алдына, шағын төбешіктері мен қырат тұстары көп. Биік тауларымен қоса осындай төбешіктері туристер арасында үлкен сұранысқа ие көрінеді. Соның нәтижесінде түрлі жағдай жасалыпты. Жоғарыда айтылғандай, фин халқы келген жұртты арқан есілген жолдарынан бөлек, бұғы мен хаски секілді аязға шыдамды түрлі иттер жегілген шанасымен де қызықтырады. Еліміздегі туристік агенттіктердің көбісі Финляндияның дәл осы ерекшеліктерін алға тартады.
Бұл елдің ауа райы да Қазақстанмен ұқсас келеді. Қыста ауа температурасы -30 градусқа дейін суытар болса, жаздыгүні +30 болады екен.
Былтыр фин елінің статистикалық комитеті 2017 жылы 6 млн-нан аса шетелдік азамат қыдырып келгенін хабарлады. Олардың басым бөлігі Қытай (46 пайызы), Ресей, Швеция және Германия елдерінен барыпты. Соңғы жылдары мемлекеттің негізгі табыс көзі дәл осы саяхатшылардың санына негізделетін көрінеді. Себебі елдің экономикалық даму министрі Олли Рен туризмнің арқасында көптеген жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі азайғанын жеткізді. Сол сияқты қазіргі көрсеткішпен алдағы бес-алты жыл ішінде жылына 20 млрд еуро пайда табу жоспарланып отыр екен.

Біздегі кемшілік қандай?

Әлемде пайдалы қазбалары, яғни біздегіндей мұнай-газы, көмірі секілді тұрмыстық қажеттілігі зор өнімдер шықпайтын елдер жетерлік. Есесіне адам аяғы баспаған, елсіз қалған жапан даласын, құмы мен шөлейтін жарнамалап, бір ғана туризммен жанын бағып отырған елдер жетерлік. Олардың қазынасын қампайтып кететіндердің дені шетелдіктер екенін қозғап өттік. Сондықтан келген туристердің көңілінен шығуға ұмтылып, қайта айналып тағы да келуі үшін барынша жағдай жасайды. Ал халықаралық PR компаниялар арқылы жарнамасын келістіріп жасаса болғаны артынан туристердің қалың легін күтуге дайындалады. Біздегі кенжелеп тұрған жайдың бірі осы жарнама мәселесі болса керек. Себебі жоғарыда аталған үш елдегі таулы, қыратты жерлер Қазақстанда да аз емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі телеарналарға берген сұхбаттарының бірінде алып тау­лары бар Қазақстан елінде тау-шаңғы спортын дамытпау мүмкін еместігін, өзі 50 жасында алғаш рет шаңғыда сырғанаса да, үйренгенін айт­қан болатын. Сондай-ақ өз сөзінде бұл қауіпті спорт түрі болса да көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие екенін тілге тиек етіп өткен.
Сол сияқты бізде ақсап тұрған мәселелердің бірі – демалыс орындарына арналған тұстарда санаулы ғана қонақүй бар. Аты аталған мемлекеттер туристер көп баратын маңайға жүздеген хотелін ашып, таңдау еркін мейлінше ыңғайластырған. Ал асүй мәзірі еріксіз баурап алып жатады. Туризмі дамыған елдердің қай қайсысын алып қарасақ та арасында ет жемейтін вегетариандарға, доңыз, жыртқыш аңдар етін қолданбайтын мұсылмандарға арналған асханалары қарастырылған.
Жоғарыда аталған үш елдің жер көлемі бізден әлдеқайда кіші. Алайда…

Ақ шұнақ аяздың артықшылығы

Бүгінде құмы мен шөлейтін жарнамалау арқылы қомақты пайда тауып отырған елдердің бірі – Біріккен Араб Әмірліктері. Мәселен, 2017 жылы бір ғана Дубай қаласына 15,8 млн шетелдік барыпты. Әрине, көпшілікті қызықтыратын жағажайын ұмыт қалдыруға болмас. Алайда қу медиен құмды даласы да туризмнің көркін қыздырып тұрғанын айта кеткен жөн. Ауа райы жаздыгүні +50 градустан асса да жұртшылық тарапынан қызығушылық азайған емес. Соның нәтижесінде ен даласына келген шетелдіктерге жол талғамайтын көліктерін жалға берумен ғана шектелмей, сол маңайды мекен еткен бәдуиндер (көшпелі араб халқы) тобының тұрмыс-салтын да таныстырады.
Енді осы орайда, айта кетерлігі, араб халқы +50 градус ауа райын жарнамалап пайда тауып отырса, бізге не себепті екінші жағын тиімді пайдаланбасқа? Мәселен, биылғы қыста Астанада ақ шұнақ аяз асыр салғанда сынап бағанасы -50 градусты көрсеткен сәттер болған. Ал оның адам денсаулығы үшін пайдасы барын да айта кеткен жөн. Мәселен, құрғақ әрі қатты аяз адам иммунитетін бекіте түседі. Сол сияқты, ғалымдар мұндай ауаның оттегіге бай болатынын жиі қозғап жатады. Ал Астана қаласы денсау­лық сақтау басқармасының бас неонатологы, медицина ғылымдарының докторы Қарлығаш Жұбанышева сұхбаттарының бірінде аязды уақытта ағзаны қорғайтын, яғни инфекциямен күресетін лейкоцит, нейтрофил, вирусқа қарсы иммунитетті көтеретін интерферон жасушаларының жұмысы белсенді болатынын айтқан. Бұған қоса, аяз жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін күшейтіп қана қоймай, гемоглабин деңгейінің көтерілуін де қамтамасыз етеді екен. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға таман жүрек ауруынан жылына 25 млн-ға жуық адам қайтыс болады деген болжам жасап отыр. Міне, арқаның бір ғана аязында да артықшылық жетерлік. Сондай-ақ араб халқы бәдуин­дердің дәстүрін таныстырса, біз аязды күні етіміз бен қымыздан дәм таттырып, пайдасын насихаттар едік.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button