Мәдениет

Өлмес Онегин – «Астана операда»

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Опера» театрында өткен П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсының премьерасын тамашалады. Автордың өзге шығармаларымен салыстырғанда әлемдегі ең танымал бұл туындысын елорданың өнер ордасында италиялық режиссер Давиде Ливермор сахналады.

Операға арқау болған орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің өлеңмен жазылған романы қазақ оқырманына жақсы таныс. Хакім Абайдың дәл осы шығармадағы үзіндіні «Татьянаның әні» атауымен аударғанын бәріміз білеміз. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Ақын үніне сахара мүлгіді» бөлімінде осы туралы жан-жақты айтылады. Әсет Найманбайұлы, Ілияс Жансүгіров, Кәкімбек Салықов сынды ақындар да «Евгений Онегинді» ана тіліміз­ге тәржімалаған.
Операның қоюшы дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев Ресей­дің үлкен театрында (операның Астанадағы премьерасын осы театрдың бас директоры Владимир Урин де келіп көрді), Израильде аталмыш шығармаға дирижерлік еткен. Бұл туын­дының қойылуына байланыс­ты келесі жылы ол Финляндия ұлттық операсына да шақырылып отыр. Сондықтан дирижер үшін де «Евгений Онегин» операсы таңсық туынды емес екенін айтуға тиістіміз.
Ал Давиде Ливермор материалмен жұмыс істегенде бірінші кезекте партитура мен музыкаға сүйеніп, өзіндік режиссерлік шешім ұсынды. Атап айтқанда, сахнаға екі Татьянаны шығарды. Оның біріншісі кермаралдай керілген жас Татьяна болса, екіншісі – егде тартып, жауапсыз махаббаттан қасірет тартқан Татьяна.


Спектакльде кейіпкерлерді сомдаған әртістер екі құрамнан жасақталды. Евгений Онегиннің партиясын Алексей Исаев (Ресей) және Талғат Мұсабаев орындады. Татьяна – Айгүл Ниязова мен Галина Чеплакова, Ленский – Жан Тапин мен Медет Шотабаев. Ольга – Дина Хамзина, Татьяна Вицинская.
Костюмдер бойынша суретші­лер Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов қойылымға 250-ге жуық костюм дайындады. Киімді олар оқиға өрбитін ХІХ ғасырға сай келетіндей етіп әзірлеген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button