Руханият

АҚСҰҢҚАРҰЛЫН АРДАҚТАДЫ

Осыған дейін небір жақсы-жайсаңдармен кездесу ұйымдастырған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінінің «Кəусар» мәдени-танымдық бірлестігіне қонаққа осы аптада ақын келді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлымен жүздесуді аталмыш бірлестіктің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай үйлестірді.

14753449_1774269916166959_8631530280546857393_o

Қазіргі бірқатар белгілі ақындардың поэзия көгіне самғауына 1975 жылы шыққан «Көктем тынысы» ұжымдық жинағы жол ашты. Онда Несіпбек Айтұлының, Исраил Сапарбайдың, Зайда Елғондиеваның, Иран Ғайыптың, марқұм Жұматай Жақыпбаевтың тырнақалды туындылары жарық көрді. Жалындаған жиырма бес жастағы Серік Ақсұңқарұлының алғашқы өлеңдері де осы кітаптан көрінді.
Сол кезде ақын Ресейдің Пенза қаласында әскери борышын өтеп жүрген еді. Анасының салып жіберген хатының арасынан шыққан жұп-жұқа ғана кітап ақынға алтынмен апталғандай боп көрінді. Сөйтсе, жинақты құрастырушыларға айтып жүріп, өлеңдерін ақын ағасы Дәуітәлі Стамбеков қостырған екен. Серік Ақсұңқарұлының кейіннен «Менің пірім – Сүйінбай» деген Жамбыл тәтем. Менің пірім — Қасым мен Дәуітәлі! Алдында Дәуітәлідейін адуынды азамат ағасы болмаса, мына дүниеде мендей Серік Ақсұңқар деген басы жүмыр пенде болар еді. Ақын болмас еді!» дейтіні содан.
Серік Ақсұңқарұлы шығармашы­лығының шарықтауына үлес қосқан екінші бір азамат халқымыздың күй өне­рінің білгірі, ғұлама ғалым Ақселеу Сейдімбек болды. Ахаң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүргенде Серік інісі оған «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» атты поэма-панорамасын көрсетеді. Сол кездегі саясатқа келмейтін туындыны Ақселеу аға алып қалады. Араға бірнеше жылдар салып, газеттің тұтас бетіне «Құрлықтар» деген тақырыппен жариялатады.
Иә, Серік Ақсұңқарұлына осындай тұлғалардың шапағаты тиген. Өз кезегінде бірнеше жылдан бері Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалына жетекшілік ететін Ақсұңқарұлының осы өңірден талантты ақындардың шығуына қосқан үлесі де бар деп ойлаймыз.
Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай, Қайрат Асқар, Бағдат Мүбарак, Рахат Әбдірахманов сынды ақындарды да жұрт осы күндері Ақсұңқарұлының абадандары деп атайды. Ал олардың соңынан шыққан Мирас Асан, Рауан Қабидолдин, Қуаныш Медеубаев, Алмаз Мырзахмет, Жанат Жаңқашұлы, Жәнібек Әлиман атты жас ақындардың шығармашылығы Қарағанды жерінде кешегі Қасым өлеңде жағып кеткен оттың сөнбегенінен хабар береді.
«Барыс жылы туған асау балық ем» деп жырлайды Серік Ақсұңқарұлы. Құдайдың құдыреті, белгілі сатирик Көпен Әмірбек онымен бір жылы, бір күні туған. Кездесуде құрдастық қалжыңға орын берілді. Университеттің филология факультетінің студенттері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Күміс көмей, жез таңдай әнші Гүлмира Сарина Серік Ақсұңқарұлының өлеңдеріне жазылған талантты композитор Есжан Әміровтің «Есіл мен Нұра» және «Абыралы» әндерін салды.
Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әнін Ғафу Қайыр­беков­тің ғажап орындағанын естігенбіз. Осы жолы бұл әнді тағы бір ақын Ықылас Ожайұлының орындауында естідік. Ақынның асқар таудай ағасы, Орталық Қазақстан өңірі мәдениетінің өркендеуіне еңбек сіңіріп, ақсақалдық жасқа жетіп отырған Қайырбек Сәдуа­қасов әдемі естеліктерді жаңғыртты. Серік Ақсұңқарұлы сый-сыяпатсыз да кенде қалған жоқ. Қазақ радиосы ұжымы және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аттарынан қошеметтеліп, құрметтелді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button