Жаңалықтар

Солтүстіктің сыйы

Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» бағдарламасының аясында Солтүстік Қазақстан облысының күндері өтіп жатыр. Бүгін таңнан бері «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы алаңында Қызылжар аймағынан елордаға жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы қызу жүргізілуде. Саудамен қатар сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, қызылжарлық өнерпаздар халықтың құлақ құрышын қандыруда.

erm_5993

Солтүстік Қазақстан облысының сауда сөрелерін аралағанда азық-түліктің қай ауданнан әкелінгенін анықтайтын баннерлердің өзі көз сүйсінтеді. Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атаулары тәуелсіздік жылдары өңірдің біраз қазақыланғанынан хабар береді.

Қызылжарлықтар Астанаға 700 тоннан астам өнім жеткізіпті. Соның ішінде 95 тонна ет, 10 тонна шұжық өнімдері, 24 тонна сүт өнімдері, 450 тонна картоп пен басқа да көкөніс, 20 тонна балық, 10 тонна макарон өнімдері, 16 тонна бал, 100 тонна ұн және басқа да азық-түлік түрлері бар. Жалпы алғанда жәрмеңкеге өңірден 100-ден астам шаруашылық пен өңдеуші кәсіпорындар қатысуда.

erm_5923

– Астана тұрғындары Солтүстік Қазақстан облысының жәрмеңкесін жыл сайын асыға күтеді. Осы өңір жәрмеңкені жоғары деңгейде ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Оны өздеріңіз де көріп тұрсыздар, қызылжарлықтар саудамен қатар концерттік бағдарламаны да қызықты етіп құрып, қонақжайлылығын танытып, халықты дәммен де сыйлауда. Бұдан соң кезек Ақмола облысына келеді. Астанамен көршілес аймақ биылғы жәрмеңкелерді түйіндейді. Бұл шараларда азық-түлік нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен саудалануымен қатар, мұндағы атмосфера да көңілге жағымды болады. Астанаға еліміздің әр өңірінен халық жиналғанын білесіздер. Осы күндері астаналық атанған олар әдетте осындай жәрмеңкелерге жерлестерімен қауышуға келеді, – дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.

Қала басшысы орынбасарының сөзінің дәлеліндей, Тайынша ауданы тіккен киіз үйдің маңайына барғанымызда халыққа ыстық палау мен бауырсақ үлестіріліп жатқанын көрдік. Осылайша әр аудан бір-бір қызық шара ұйымдастырыпты. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының Гүлмайда Манақбаева атты тұрғыны зейнеткерлікке шыққаннан соң моншақтарды өру өнерімен айналыса бастапты. Әлия Рыспаева болса, көрпе, жастық сияқты ұлттық қолөнер бұйымдарын тігеді екен. Дмитрий Нападов темірден түйін түйген шебер болып шықты.

erm_5911

Ғабит Мүсірепов ауданының қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан үй құстарының мүсіндері бізге тірі сияқты болып көрінді. Айыртауы ауданының қуыршақтары да көзді қызықтырды.

Солтүстік өңірі елордаға етті молынан жеткізіпті. Жылқы еті 1250 теңгеден, сиыр еті 1100 теңгеден, қой еті 1050 теңгеден саудалануда. Бұған қоса қаз бен үйрек етінің бағасы 1200-1500 теңге аралығында. Ет қойылған сөрелердің жанында: «Ет тамаша екен, қап, мұздатқышым толып қап еді» немесе «Семіз ет екен, бірақ анам ондай етті жемейді» деген сөздерді естіп қалдық. Бұдан соң дорбасын етке толтырып, сәл әрірек тұрған ағамыздың жанына барып, жәрмеңкеден алған әсерін білдік.

erm_5908

«Әр апта сайын жәрмеңкеге келемін. Әсіресе, қызылжарлықтар жәрмеңкені жақсы ұйымдастырыпты. Мұндағы азық-түлік бағасы қала базарларындағы бағаға қарағанда арзан. Өзім жылқының да, сиырдың да, қойдың етін де сатып алдым. Қазаққа семіз ет керек қой, мені сол қызықтырды. Арасында жеңіл ет болсын деп бір тауықты да қостым» дейді Астананың байырғы тұрғыны Сайлаубек Айдарханұлы.

erm_5955

Солтүстік Қазақстан облысының жәрмеңкесі бүгін сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Ал ертең сағат 9.00-ден бастап 15.00-ге дейін өтеді.

Сондай-ақ, бүгін сағат 17.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Мағжан елінен – елорда төріне» атты өңірдің үздік өнер ұжымдарының концерті ұйымдастырылады.

                                                                                Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button