Басты ақпарат

«Ақылды» үйлерді аралады

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов «Bi-Group» компаниясының құрылыс нысандары мен Бейбітшілік және келісім сарайында болып, олардың қызметімен танысты.


Алдымен елорда басшысы «BI-Group» компаниясы салып жатқан бірқатар құрылыс нысанында болды. Компанияның басқарма төрағасы Амангелді Омаров былтыр компания 800 мың шаршы метр немесе бүкіл еліміз бойынша 7 204 жаңа пәтерді пайдалануға бергенін, жалпы соңғы үш жылда компания құрылысты тапсыру мерзімін 30 пайыз­ға дейін қысқартқанын мәлім етті.
Қала әкімі барып көрген «Премьера» көп қабатты тұрғын үйі көркем сәулетімен ерекшеленеді. Қазір мұндағы 700 пәтердің бәрі сатылып, адамдар қоныс­танып жатыр. Бұл кешенде қалдық пен қоқыс жаңа жүйемен жиналады. Компания өткен аптада «Avenue 5» тұрғын үй кешенін де пайдалануға берді. Осы үйдің бір ерекшелігі – тұрғындары үшін қонақтарды қабылдауға арналған үлкен бөлме бар. Мұны осы үйдің кез келген тұрғыны пайдалана алады. Бұл бөлме нысанның бірінші қабатында орналасқан. Онда шағын отырыстар өткізуге болады.
Сондай-ақ 940 пәтерлі «BI City Seoul» кешенін шын мәнінде «ақылды үй» деп атауға болады. Бұл үйге кіру үшін ешқандай кілт қажет емес. Есіктері тұрғынды тану жүйесі арқылы ашылады. Бұған жеке көлігіңіздің мәліметтерін енгізсеңіз, паркингтің есігі де бірден қосылады. Бөтен адамдар бұл үйге кіре алмайды. Үйдің ауласы корей стиліндегі ландшафтық дизайнмен безендірілген.
Елорда басшысы «BI-Group» компаниясы енгізіп жатқан үздік жобаларды насихаттау қажеттігін айта келіп, құрылысшылардың ұсыныстарын қолдап, оны жүзеге асыру үшін Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына нұсқау берді.

Қалиақпар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button