Басты ақпаратҚала тіршілігіЭкономика

АСТАНА ИНВЕСТИЦИЯ ИЛЕУІНЕ АЙНАЛАДЫ

Осы аптада Астана тағы да саяси және іскерлік топтарға байланыстардың бірегей мүмкіндігін берді. «Astana Invest 2012» III Халықаралық инвестициялық форумына жиналған отандық және шетелдік корпорациялардың 700-ден астам өкілі елорданы іскерлік хабқа айналдыру мәселесін талқылады. Нақты айтсақ, шетелдік меймандар қазақтың бас қаласының инвестиция илеуі ету үшін жасалып жатқан жағдайдың жайымен таны­сып қайтты. V Астана экономикалық форумының аясында өткен инвест форумға ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметов, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Елдегі инвестициялық ахуал­ды жақсарту, шетел инвестор­ларын тарту мен елорданың бүгінгі экономикалық жағдайы мен инвестиция құю болашағы. Бұлар – Астанада осымен үшінші рет өткен халықаралық инвестициялық форумның негізгі тақырыбы болды. Премьер-министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметов «Astana Invest» форумы инвестициялық әлеуетті дамытудың бір жолы әрі әлемдік қауымдастық алдында Астананың орнын айшықтайтынын айтты.

Қазақ билігінің жүргізіп отырған салиқалы һәм тұрақты сая­саты шетелдік инвесторлардың сеніміне ие болып келеді. Себебі, инвесторларға әуелгі керегі – елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрақтылық. Соның бір дәлелі ретінде мына деректі айтуға болады. 1993 жылдан бері инвесторлар Қазақстан экономикасына 147 млрд АҚШ дол­ларын құйды. Бұл ретті, біз, ТМД бойынша екінші, ал Орталық Азия елдерінің арасында бірінші орында көш бастап тұрмыз.

Жалпы, инвесторларға жағдай жасау жағынан Қазақстан бірқатар елге үлгі көрсетіп отыр. Мәселен, Бүкіләлемдік банктің «Doing Business» инвестициялық рейтингі бойынша Қазақстан 183 елдің ішінде 47 орында. Ал инве­сторларды қорғау көрсеткішіне көз жүгіртсек, үздік ондықта екенбіз.

Өз сөзінде Серік Ахметов Қазақстанда 9 арнайы экономикалық және 4 индустриялық аумақ жұмыс істейтінін, инвестициялық қызметті қолдаудың құқықтық базасы жасалып, салықты жеңілдетуден бастап қажетті инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету сынды мемлекеттік қолдау шара­лары қамтылғанын айтты.

– Шетелдік әріптестерімізді Қазақстандағы, елордамыз Астанадағы инвестициялық үлестерін кеңейтуге, бірлескен кәсіпорындар ашуға, өндірістер құруға шақырамыз. Қолданыстағы барлық тетіктер мен мемлекеттік қолдау шаралары қамтамасыз етіледі. Бүгінгі форумның пішіні біздің елімізде бизнес жүргізудің экономикалық, құқықтық және басқа да шарттарын жақынырақ түсінуге мүмкіндік береді, – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Бұдан соң Астананың қолайлы инвестициялық ахуалы жөнінде елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндады. Өз сөзін «біздің экономиканың басымдығы неде?» деген сұрақпен бастады. Нақты айтсақ, қалабасы бас қалаға инве­стиция салудың басымдықтарын айтты. Оның негізгісі – «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы деп аталатын заманауи өндірістік дамудың қалыптасқан экономикалық алаңы. 7 мыңнан астам гектарға орналасқан арнайы аймақтың іске қосылғанына 10 жыл болған. Аталмыш аумақта ауданы 600 гектарды шамалайтын индустриялық парк бар. Шетелдік инвестициялар тарту үшін былтыр сол индустриалдық парктің аумағы тағы 400 гектарға кеңейді. АЭА қатысушылары оның аумағында тегін жер учаскелеріне ие бола­ды. Сондай-ақ жер, мүлік және корпоративті табыс салығынан толығымен босатылады. Жерді жалға алу бойынша құжаттарды рәсімдеу, мемлекеттік сарап­тамадан өткізу, жүкті жеткізу мен мамандардың құжаттарын рәсімдеу жеделдетілген тәртіпте жүргізіледі.

Бұдан бөлек, өткен жылы инвестициялық форумнан кейін елордада Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істей бастады. Онда әр инвесторға сервистік қызмет көрсетеді, инвестициялауға дейін, белсенді жұмыс кезінде және одан кейінгі кезеңдерде толығымен қолдау білдіріп отырады. «Мұнымен біз уақыт ұтамыз. Бұл бізге де, тез арада ақшасын қайтарымы мол іске салғысы келетін инвесторларға да тиімді. Сонымен бірге біз жемқорлықты азайтамыз. Өйткені әрбір әкімшілік кедергі – шенеунікпен ауыз жаласу, бұл оның жағдайды өз жеке бас пайда­сына қолдануға деген мүмкіндік» деді И.Тасмағамбетов.

«Көлеңкелі қызмет» деп атала­тын аймаққа капитал келмейді». Осыны айтқан Астана әкімі инвесторларға бизнесін еркін жүргізуге әкімдік тарапынан берілетін кепілдіктерге тоқталды. Олар келесі мәселелерді қамтиды. Біріншіден, ел заңдарында инвестиция үшін базалық шарт нақты жазылған. Яғни, меншікке қол сұғылмайтындығы, келісім-шарттардың тұрақтылығы, келісім-шарттар бұзылған жағдайда шығындарды толық өтеу және мүліктің нарықтық құнын өтеу нақты көрсетілген. Соны­мен бірге, Астанада әкімшілік кедергілер мен жемқорлық бойынша әлемдік тәжірибені жан-жақты зерделеп, оның үздік жағын енгізуге мүмкіндік бар. Екіншіден, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сырмасына сай мемлекет бизнес бастамаларды қорғаудың жаңа құқықтық тетіктерін енгізуді жалғастыруда. Осы орай­да әкім былай деді: «Олардың қатарында әлеуетті инвесторға мол мүмкіншілік беретін мемлекеттік-жеке әріптестіктің жаңа форма­сы турасындағы заң жобасы да бар. Ол қабылданғаннан кейін тиімді инвестициялық жобалар қатарына әлеуметтік қызметтер нарығы да енеді. Жеке сектор үшін бұл жаңа инвестициялық мүмкіндіктер, сәйкесінше, жаңа табыс көзі болмақ, ең бастысы – мемлекетпен бірге қаржылық тәуекелді бөлісу мүмкіндігі пайда болады».

Баяндама барысында инвесторлардың көмегімен жоғары технологиялық жобалар мен ин­новацияларды енгізуге ынталы екендігі де баса айтылды. Астана мен Қазақстанның экономикасы үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, қазақстандық мазмұнды арттыру маңыздылығы да ерекше аталды.

– Біз сіздердің кез кел­ген жобаларыңызды қарауға мүдделіміз. Әрине, ХХІ ғасырда қалыптасып келе жатқан астана ретінде біз жақсы инновациялық мүмкіншіліктері бар жоғары технологиялық жобаларға қызығушылық танытамыз әрі осы форум аясында сіздермен келіссөз үстеліне отыруға дайынбыз. Біз үшін сіздердің әрқайсыңыздың қаламызда бизнестеріңізді жүргізуге мүмкіндік алғандықтарыңыз маңызды. Біз өз та­рапымыздан сіздердің барлық бастамаларыңыздың жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетуге кепілдік береміз, -деп түйді сөзін Астана әкімі И.Тасмағамбетов.

Ресми рәсімде ашылған форум жұмысы «Астана – Еуразияның жүрегі және Кеден одағының қақпасы», «Астана қаласының инвестициялық мүмкіндіктері және болашағы» және ««Smart Astana» («ақылды» Астана) жобасына инвестициялар» деген тақырыптарға арналған пленарлық отырыстарға ұласты.

Жалпы, биылғы форумға дайындық барысында әлеуетті инвесторларға арналып 43 перспективалық жобалардың электрондық базасы құрылды. Оның 19-ы Қазақстан Республикасының Бірыңғай индустриалдық-инновациялық көрмесі шеңберіндегі Астана қаласының инвестициялық ұсыныстары көрмесіне қойылды. Сонымен қатар, форум аясында Индустриал­ды парк аумағында жүзеге асыры­латын жобалар және мемлекеттік жеке әріптестік қағидасына сәйкес жобалар бойынша 9 меморандумға қол қойылды. «Көп естігеннен, бір көрген артық». Инвестор­лар Астананың инвестициялық әлеуеті туралы құр естіп қана қоймай, Арнайы экономикалық аймаққа инвестициялық тур жа­сады. Индустриалды парктағы Локомотив құрастыру, Темірбетон бұйымдарын жасау, Жолаушылар вагонын құрастыру, Электро­воздарды өңдеу және жаңадан салынып жатқан электрондық-оптикалық құрылғылар мен тепло­визорлар жасау зауыттарына табан тіреп, ондағы ахуалмен танысып қайтты.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button