Басты ақпарат

Астанада ақшұнақ аяз, қалың қар

«Қазгидромет» биылғы қысты соңғы жеті жыл ішіндегі ең ызғарлы деп таныпты. Арқаның арқыраған аязы ақпанда ашуға мінген секілді. Екі ай бойы жылдағыдан жылырақ мінез танытып келген «кәрі құда» кенеттен соңғы бірнеше күнде астаналықтарды әбден әбігерге салды. Үсті-үстіне жауған күртік қарды тазалауға елорданың коммуналдық шаруашылық қызметтері күн-түн демей белсене кірісіп кеткен.

Төтенше жағдайдағы жанашырлық

Осынау төтенше жағдайға бай­ланысты қала әкімі Бақыт Сұлтанов тұрғындарға үндеу тас­тады. «Көлігі барлар жаяу жүргіншілерді мүмкіндігінше үйлеріне жеткізіп салып, бір-бірлеріңізге жанашырлық танытыңыздар» деді ол. Сондай-ақ шаһар басшысы мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары және кәсіпкерлік нысандарының жетекшілеріне қызметкерлер үшін қысқа жұмыс режимін енгізуді, ғимарат ішінің жылы болуын бақылауды ұсынды. Мұнымен қоса, аудан әкімдеріне ПИК өкілдерімен бірлесіп тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты жұмыс істеу тапсырылды.
Қазіргі таңда Астананың барлық 4 ауданында жылыну пунк­тері ұйымдастырылды. Күннің күрт суып кетуіне байланысты әуежай мен ескі теміржол вокзалы жанындағы ақылы тұрақ халыққа тегін қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, Тельман, Қосшы, Пригородный секілді шаһардан шалғай жерлерге қатынайтын тұрғындар үшін Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші көліктері жүріп тұр.

Қаланы қыста кім тазалайды?

Бүгінде 2 мыңнан аса жұмысшы мен 1 мыңға тарта техника тәулік бойы қаладағы қарды күреп жатыр. Техниканың көбісі – сыпыр­ғыш машиналар. Жазда олар көшелерге су шашса, қыстыгүні шаһарды қардан тазалайды.
– Бір лекте, әдетте, 7-8 сыпырғыш машина жүреді. Олар көлік жүретін жолдарды аршып, қардың нығыздалып қалмауын қадағалайды. Ал тротуарларды мини-тракторлар тазалайды. Бұлармен қоса, құм шашатын, өздігінен жүк түсіретін көліктер мен автогрейдерлер бар, – дейді «Астана Тазалық» мекемесі бас директорының орынбасары Марат Сүлейменов.
Оның айтуынша, қатты аяз болған кезде жол бойын тазалайтын жұмысшылар саны әлдеқайда қысқарады. Тек кезекші бригадалар ғана жұмысқа шығады. Олардың жылынып, тамақтануына арналған орындар бар екен. Бір минут тыста тұрғанның өзінде беті-көзіңе екпінмен соққан қардан еңсе көтере алмайтын мынадай суықта бұл жұмысшылардың тірлігі ерлікпен пара-пар ма дерсің! Айтпақшы, адам тұрмақ, мұндай аязда техниканың өзі шыдас бермейтін көрінеді. Ауа температурасы -30 градустарға дейін төмендегенде, дизельмен жүретін қар күрегіш машиналар жұмысын тоқтатады.
Машина демекші, олардың рөлінде отыратын кісілер бір тәулік жұмыс істеп, үш тәулік демалады. Жұмысшылар таңғы 6-да ауысымға шықса, график бойынша сағат 9-да таңғы астарын ішеді. Бұл уақытта қалада көлік кептелісі болатындықтан, жұмысшылар да сәл-пәл бой жылытып үлгереді де, сағат 10-да іске қайта кіріседі. Ауысым соңында оларды үйлеріне жеткізіп салатын автобустар ұйым­дастырылған. Қыс басталғаннан бері Астанадан 1 жарым млн текше метр қар шығарылыпты.

АҚШ пен Канада: тұрғындар да қар күреуге жауапты

Біздегі осы мәселемен бетпе-бет келетін басқа да елдердің тәжірибесіне көз салып көрелік.
Америкалық көлік жүргізу­шілері «3 сағат» ережесін өте жақсы біледі. Бұл ереже бойынша көшелер қар тоқтағаннан кейін 3 сағаттың ішінде толықтай тазалануы тиіс. Ол үшін солтүстік штаттарда TowPlow деп аталатын көлік пайдаланылады. Тұмсығында қар күрегіш аспабы мен артында тіркемесі бар әлгі көлік жылдамдығын арттырғанда, тіркеме жанына қарай бұрылады да, нәтижесінде бір уақытта екі қатар жол қардан аршылады.
Үйеңкі елінің тұрғындары үшін де қалың қар таңсық емес. Сондықтан қыстыңгүні канадалық көшелерге қар ерітетін химия­лық реагенттер аямай төселеді. Олар қармен араласқан соң пайда болған «ботқаны» арнайы көліктер дереу қар еріткіш қондырғыларға апарады. Онда тазартылған әрі ерітілген қар суы кәріз суларымен бірге қосылып, ағызылады. Айтпақшы, Канада – қар еріту технологиясын әлемде бірінші болып қолданған мемлекеттердің бірі. 1970 жылдары мобильді қар еріткіш қондырғыларды тұңғыш рет Торонтода пайдалана бастаған. Кей кісілер «Қарды ерітудің не қажеті бар? Қала сыртына апарып немесе өзенге тастап жіберуге де болады ғой» деп ойлауы мүмкін. Алайда көліктердің газы мен химиялық реагенттердің ерітіндісі сіңген қарды тазаламаса, мұның соңы көктемде нағыз экологиялық катаклизмге апарып соқтырады.
Қаланы қардан тазалауға тек осы саладағы ресми орган өкілдері ғана емес, жергілікті тұрғындар да жауапты. Мәселен, АҚШ пен Канададағы жекеменшік үйлердің иелері өз аулаларының алдындағы тротуарды қар мен мұздан аршып отыруға міндетті. Ал 24 сағат ішінде аталмыш талапты орындамағандар 100 долларға дейін айыппұл төлейді. Егер үйіңіздің маңынан өтіп бара жатқан біреу мұзға тайып жығылып, жарақаттанатын болса, бұл уақиға сіздің кінәңізден деп есептеліп, тағы да ақшалай шығынға ұшырайсыз.

Жапония мен Финляндия: жол астында жылытқыш бар

Финляндияға қыста барған туристер онда қардың қанша көп жауғанмен, жерде көп тұрақтамайтынын байқаған болар. Өйт­кені мұндағы Tiehallinto (жергілікті Жол басқармасы) жүйелі түрде жұмыс істейді. Мысалы, елдегі жолдарды қардан аршудың өзіндік стандарты енгізілген. Онда жердің тайғақтығы, қардың қалыңдығы және қатқан мұздың тегістігі есепке алынып, соған сәйкес шаралар қабылданады. Жұмыс күні басталғанда көшедегі қардың қалыңдығы 2 сантиметрден аспауы керек.
Фин шаһарларында қалың қардың ұзақ жатпауының тағы бір сыры бар: қар жерге қонысымен жылы температураға төзбей, әп-сәтте еріп кетеді. Өйт­кені Хельсинки сияқты ірі қалалардағы орталық көшелердің астына жылытқыш тұрбалар жүргізілген. Үйлерге баратын ыстық су құ­быр­лары да тротуардың астымен өтеді. Бұған ұқсас тәжірибе жапондарда да бар екен. Жапониядағы мекемелердің ауласына кіреберіс жердің астында жылытқыш қондырғылар болатындықтан, онда мұз да қатпайды, қар да жат­пайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button