Басты ақпаратҚала мен Сала

Астананы абаттандыру – ауқымды іс

Мемлекет басшысы cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті.

Астанада абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. «Астана – жайлы қала» мастер-жоспарының тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында елорданың барлық аудандарында қыстан кейінгі санитарлық тазалау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте қаладағы көпірлер, түрлі белгілер, қоршаулар, ескерткіштер жуылып, гүлзарлар, саябақтар, қоғамдық кеңістіктер қоқыстардан тазартылды, қоқыс жәшіктері сырланды және арнайы техниканың көмегімен тротуарлар мен жол жабындарын механикаландырылған тазалау жүргізіліп, жол жиектері тазаланды.

Елорданы көгалдандыру және абаттандыру мәселесіне шаһар басшысы да ерекше мән беріп келеді. Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, өткен жылы елордада 165 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды. Орталық жағалауға іргелес жатқан тарихи көшелер реконструкцияланды.

– Жұртшылықтың жайлы өмір сүруіне, отбасы, балаларымен бірге сейіл құруына арналған қолайлы орындар көбейді. Мәселен, 2023 жылы Астанадағы Амман және Абылай хан көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өткелі ашылды. Олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерін жалғайды. Біз елорда тұрғындары мен қонақтары бос уақытын пайдалы өткізе алатын орындар санын кеңейту үшін ғана емес, сонымен қатар қаладағы саябақтар мен гүлзарларды қайта құру үшін де жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Олардың бір бөлігі «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша жүзеге асырылды, – деді қала басшысы.
Сонымен бірге Қ.Сәтбаев көшесінің бойында жаяу жүргіншілерге арналған променад абаттандырылды. Көгалдандыруға ерекше назар аударылды, нәтижесінде бұл жер елорданың ең жасыл көшелерінің біріне айналды.️ Ұзындығы 3 шақырымнан асатын Ақбұлақ жағалауы Амман көшесінен Шәкәрім Құдайбердіұлына дейін абаттандырылды. «Амман» және «Абылай хан» көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер жолы жасалды. Салтанат қақпасы жанындағы саябақ абаттандырылды, Бөгенбай батыр даңғылының бойында стихия­лық сауда ретке келтіріліп, реновация жүргізілді.

Осыған дейін көпқабатты кешен салу жоспарланған 9 орында гүлзарлар мен қоғамдық орындар пайда болды. Айтуынша, биыл да елорданың сырт келбетін жақсарту, жасыл желектер мен жайлы қоғамдық кеңістіктер ашу жұмысы жалғасады. Өткен жылы елорданы көгалдандыру бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылып, жасыл желектер саны 2,5 есе артты. Сондай-ақ Есіл өзенінің сол жағалауындағы тарихи көшелер: Желтоқсан, Бейбітшілік, Бұқарбай батыр көшелері қайта жаңғыртылып, сол арқылы серуендеуге арналған үлкен кеңістік ашылды.

Ажарлы аулалар

Әр қаланың, әр үйдің ажарын кіргізетін жері – аулалары болса, тұрғындардың бос уақытында тынығып, сейіл-серуен құратын орны ай емес, тіпті күн сайын көркейіп келеді. Бүгінгі таңда бас қаладағы Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарыарқа аудандарының ауласы 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аумақ тұрғындарының ұсынысы, өтініш-тілегі негізінде дамып, ажарлана түсуде. Онда әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңдары мен заманауи түрлі-түсті қондырғылар орнатылған. Әдемі әткеншектер мен теп-тегіс жолдар – аулалардағының бәрі тұрғындарға лайықталған. Немерелерін ойнатуға шыққан ата-әжелер үшін әңгімелесіп, дидарласуға арналған жайлы орындықтар мен қоқыс жәшіктері, тіпті спортпен айналысамын дегендердің шынығуы үшін де барлық жағдай жасалған.

Қазіргі кезде Астанада тротуарларды жөндеу, көшелердегі шұңқырларды жөндеу жұмыс­тары басталды. Саябақтарда, гүлзарларда және басқа да қоғамдық орындарда аумақтар тазартылуда. Мысалы, Нұра ауданының аула аумақтарында 35 балалар ойыны кешенін, 40 орындық пен қоқыс жәшігін, 120 метр қоршауды, 3 футбол және 2 баскетбол алаңын жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады.

Ағымдағы жылдың мамыр айында «Жағалау» шағын ауданын кешенді абаттандыруға кірісу жоспарланып отыр. Жұмыс аясында 2 гүлзар және 7 балалар алаңы абаттандырылады. Жол инфрақұрылымын жақсарту үшін 20 бейнебақылау камерасы, 55 жарықтандыру тірегі орнатылады, 150 қосымша тұрақ орны және 9 км жаңа тротуар желісі жабдықталады. Абаттандыру аумағында 2 мыңға жуық жас ағаш отыр­ғызылады. Алматы ауданында субұрқақ кешендерін консервациялау, брусчатка төсеу, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауданда 70 балалар алаңын жөндеу, 5 мың м2 тас төсемді қалпына келтіру, 200 қоқыс жәшігін орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар Тәуелсіздік даңғылы (Ақбұлақ өзенінен Б.Момышұлы даңғылына дейін), Абылай хан даңғылы (Күйшілер аллеясы), Т.Жүргенов көшесі (Р.Қошқарбаев даңғылынан Ж.Нәжімеденов көшесіне дейін), Ақбұлақ өзенінің жағалауы Абылай хан даңғылынан Амман көшесіне дейін және т.б. жерлерде абаттандыру жұмыстары көзделуде.

Көше көркі –көшеттер

Астанадағы ауласы көп ­аудан – Сарыарқа ауданы. Бүгінгі таңда ондағы 90-ға жуық аула­да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары шағын архитектуралық қалыптарды жөндеу, төсеніштерді жаңарту, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін ауыстыру және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ аудандағы қоғамдық кеңістіктер мен саябақтарды қалпына келтіру жалғасуда. Қаланың Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Баршын көшесінен Күмісбеков көшесіне дейінгі Тілендиев даңғылындағы тас төсемді ауыстыру жұмыстарын бастады. Аудан әкімдігіндегі баспасөз қызметінің хабарлауынша, көшелердегі шұңқырды жөндеу бойынша 60-тан астам өтінім пысықталды. Аудан аумағында апатты ағаштарды кесу, қамыс пен арамшөптерді шабу жұмыстары істеліп жатыр.

Есіл ауданында 8 мекенжай бойынша брусчатка бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Мысалы, Мақатаев көшесі Есіл өзенінің жағасында, Алматы көшесі Сауран көшесінің қиылысында, «Манас» гүлзары және т.б. 16 шақырым қоршау жуылды, 300 м қоршау жөнделді.

Жол сапасы жақсарып келеді

Биыл Байқоңыр ауданында абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Саябақтарда, гүлзарларда, сондай-ақ аула аумағында 60-қа жуық балалар ойын кешенін, 70 метрден астам турникеттік қоршауларды, 4 футбол және 3 баскетбол алаңдарын жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар 5 алаң мен 35 ойын алаңын абаттандыру жоспарланып отыр. Аудандық баспасөз қызметі мамандарының айтуынша, жол инфрақұрылымын жақсарту үшін 7 шақырым тротуар желісі жабдықталады, бейнебақылау камералары, 30-дан астам жарықтандыру тіректері және т.б. орнатылады.

Елорданы абаттандыру бағытында соңғы бес жылда 1 мыңнан астам жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде 181 қоғамдық кеңістік пен 873 аула жаңартылып, саябақтар мен гүлзарлар, желекжолдар пайда болды. Қысқасы, Астананы қала тұрғындары мен қонақтары үшін орнықты, жайлы және қауіпсіз ету үшін ары қарай дамыту жұмысы жалғасуда. Тұрғындардың тұрмысына қолайлылық жасап, жайлы орта әзірлеу үшін істелген бұл жұмыстарға астаналықтар да дән риза.

Елорданың ескі бөлігі мен қаладан сыртқары орналасқан елді мекендерге де көбірек көңіл бөлінуде. Мамандардың мәлімдеуінше, осы бір игі дәстүр алдағы уақытта лайықты жалғасын табады. Себебі Астананы абаттандыру – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button