Басты ақпаратҚала мен Сала

Көгілдір отынның келешегі мол

Елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуде «жасыл» экономика маңыз­ды рөл атқарады. Әсіресе ауаның ластануынан сақтап, халықтың өмір сүру сапасын арттыру керек. Бұл ретте қалалар мен елді мекендерді газдандыруды шешу міндеті тұр. Ел орталығы – Астананы көгілдір отынмен қамту шаралары жүйелі іске асуда.

ХХ ғасырдың 60-жылдары тың игерудің орталығы саналған Ақмола қаласын газдандыру ісі пысықталды. Нақтысы, 1963 жылы қаланың бірінші бас жоспары бекітіліп, онда шаһарды газдандыру жобасы қаралды. Бірақ іс аяқсыз қалды. 90-жылдардан Ақмоланы газбен қамтудың 3 жобасы әзірленді. Соның ішінде ең тиімдісі ретінде бағаланған Тобыл- Көкшетау-Астана бағытындағы «Батыс-Орталық-Солтүстік» жобасын айтуға болады.

БҮГІНДЕ ЕЛОРДАДА 24,4 МЫҢ ЖЕКЕ ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ 12 МЫҢЫ ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛСЕ, ОНЫҢ 10 МЫҢЫ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ. 1-ЖЭО ЖӘНЕ
2-ЖЭО ҚАЗАНДЫҒЫ ГАЗҒА АУЫСТЫ

2015 жылдың қараша айында елдің батыс және оңтүстік өңірлерін байланыстырған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры іске қосылды. Бұл жоба орталық және солтүстік өңірлерді газдандыруға жол ашты. Сөйтіп, 2018-2019 жылдың желтоқсан айларында «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының құрылысы жүргізіліп, елордадағы көгілдір отынның келуін толық шешті. Бүгінде астаналықтар қыста көмір тасып, күл шығару машақатынан құтылды. Бұл жоба толық жүзеге асқанда, Астана қаласынан бөлек, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қаласының және газ құбыры бойындағы 171 елді мекеннің 2,7 миллион тұрғынына жайлылық әкеледі.

Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Жанар Бескемпірованың сөзінше, ауаның ластануы мен түтінмен күресудің басты шешімі – газдандыру.

– Бүгінде елордада 24,4 мың жеке тұрғын үйдің 12 мыңы газбен қамтамасыз етілсе, оның 10 мыңы газға қосылды. 1-ЖЭО және 2-ЖЭО қазандығы газға ауысты. Әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ететін 20 автономды қазандық газға қосылды. Бір газоблок шығаратын зауыт және 10 көппәтерлі үй көгілдір отынның игілігін көріп отыр. ЖЭО қазандықтарын газ отынына ауыстыру арқылы қайта құру кезінде ластаушы заттардың шығарындылары азот оксиді, күкірт диоксиді, көмірқышқыл, бейорганикалық шаң бойынша белгіленген нормативпен салыстырғанда төмендеді, – деді Жанар Бескемпірова.

Расында, көгілдір отын – «жасыл» экономиканың бір нышаны, ауаны ластаудан сақтаудың тиімді құралы. Мұны Астанадағы 1-ЖЭО, 2-ЖЭО газға қосылғаннан кейін қоршаған ортаға тигізетін әсері төмендегенінен байқауға болады. Мәселен, 2021 жылы шығарындыларының көлемі 55,4 мың тонна болса, 2022 жылы 48,3 мың тоннаға, 2023 жылы 39,2 мың тоннаға азайды.

Газдың игілігін көруге асығып отырған тұрғын көп. Әсіресе Шұбар аумағының тұрғындары қала және аудан әкімдігін жиі мазалайды. Бұған байланысты Энергетика басқармасы отын-энергетика ресурстары бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов:

– Шұбарды газдандыру бо­йынша сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаж жұмысын жүргізу бойынша мердігер ұйым анықталды. Мердігер компания 5 шақырым газ тарату желісін салды. 2024 жылдың соңына дейін Шұбар аумағын газдандыру шешімін табады, – деді.
Бас қаланың орталығында тұратын шұбарлықтардың талабы орынды. Олар жұртпен бірге газдандырудың игілігін көрсек дейді.

Астанада газдандырылған үйлердің саны күн сайын артып келеді. Сарыарқа және Алматы ауданы газбен толық қамтамасыз етілді. Бұл бағытта 680 шақырымнан астам газ тарату желісі салынып, орамішілік желілер жөнделді. Байқоңыр, Есіл ауданында газ құбырын жүргізу кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қорғалжын тасжолы бойында орналасқан «Үркер» тұрғын алабына да газ жетті.

– Алғашқының бірі болып үйді газға қостық. Биыл қыс біз үшін жайлы болды. Жылдағыдай көмір тасып, ыс сасып, күл шығарудан құтылдық. Газды белгілі бір температураға қо­йып, емін-еркін өзге қалаларға сапарлауға жол ашылды. Үйге от жағылмаса жылыту жүйесіне мұз қатып, істен шығатын. Мұндай проблемадан арылдық, – дейді Үркер тұрғыны Жанар Серікова.

Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамасы халықтың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттырып, қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстың тозуын азайтады. Ендеше бағдарламаны жүйелі іске асыруға мән беру маңызды іс саналады.

– Көктал-2 тұрғын алабындағы Сарыөзен көшесінде тұрамын. Жер үйді жылыту, отын мәселесі бізді жыл сайын мазалайтын. Енді, міне, газға қосылып алдық. Үйде де, далада да, экология тұрғысынан алғанда, тазалық орнады. Күн суыса жылуды көбейтеміз, ыстық болғанда сөндіреміз. Жалпы тұрмысымыз едәуір түзелді. Осы жұмысты қолға алған Мемлекет басшысына, газды қосудың техникалық жағын қамтамасыз еткен қала басшылығына да рақмет айтамын! – деді қала тұрғыны Нұркелді Аман.

Қала тұрғындарының өз үйін газға қосу үшін құжаттар жинау туралы өтінішін ескере отырып, құжаттар тізімі екі есе қысқарды. Бұрын құжаттарды жинау үшін 6 айға дейін уақыт кететін. Бұл шара Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиясыздандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында қабылданды.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button