Мәдениет

Баянды және баянсыз махаббат баяны

Қозы мен Баяндай, Жібек пен Төлегендей, Еңлік пен Кебектей қосылмай, арманда кеткен ғашықтар қаншама… Арғысын айтпағанда, жаңа ғасыр басында шетелде «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жүрген ақтөбелік Айнұр атты қыз бен жамбылдық Болат есімді екі жас үйленбекке уәделесіп, «Баку-Ақтау» рейсімен елге қайтып келе жатқанда ұшақ апатына түсіп, қайғылы қазаға ұшырады. Апаттан кейін мәйіт іздеген сүңгуірлер Каспий теңізінен Болат пен Айнұрдың денелерін құшақтары ажырамаған күйлерінде тауып алған деген ақпарат тарады. Бір жылдан кейін мүсінші Қадырхан Кәкімов қос ғашықтың құрметіне ескерткіш құйып, Тараздың Махаббат аллеясына орнатты.

Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры премьерасын ұсынған Ақлима Исмаилдің «Сүйікті етші, сүйіктім!» лирикалық драмасы махаббат қадірін білуге, отбасы құндылықтарын қастерлеуге үндейді. Театр режиссері Нұрфат Вахитов сахналаған аталмыш туынды параллелизмге негізделген. Болат пен Айнұрды бекерден бекер еске алмадық. Қойылымға арманда кеткен қос ғашық бейнелері кіріктірілген. Аспандағы ғашықтар Болат (актер Нұрбек Әділбек) пен Айнұр (Перизат Жәрдемова) жердегі ерлі-зайыптыларды бір-бірін қадірлеуге, отбасында бірлік-берекені сақтауға шақырады.

Қойылымда көп кейіпкер жоқ. Ерлі-зайыпты Жомарт (Елдос Шәйкенов) пен Жамалдың (Шехназа Қызыханова) отбасында ерінің әйелінің көзіне шөп салудың салдарынан бір күнде дауыл тұрады. Оған себеп, Алина (Әйгерім Түсіпбекова) есімді тұрмысын түзеймін деп уақытын өткізіп алған қыз. Иә, бұл күні Алинаның басында кең баспана, көлік, әдемі жиһаздар, бәрі бар. Тек махаббат жоқ. Соның орнын ол Жомарттың басын айналдырып, толтырғысы келді. Бірақ біреудің отбасын ойрандап, бақытты болмайсың. Қойылымның бір идеясы сонда жатыр. Алинаға жұбайымен ажырасқан Асхат (Әбутәліп Әміре) ғашық болады. Ақыры екеуі тіл табысады да. Ал Жомарт адасқанын түсініп, өз отбасына қайтып келеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button