Қала тіршілігі

АЯЛДАМА ДА АСТАНА АЖАРЫ

Елордамыз күннен-күнге көркейіп, құлпырып келеді. Астана қай жа­ғынан алғанда да күл­лі елімізге үлгі болуы тиіс. Елордамызға қы­ды­рып келген адам әуел­гіде басын көтеріп еңселі ғимараттарға қарап тамсанады, кейін басын төмен түсіріп алдына қарағанда, аял­дамалардың сүрең­сіз­дігіне таңғалады. Аста­наға жараспай, әсем қаланың ажарын кетіріп тұрған аялдамалар кімді де болса қынжылтады.

Иә, автобустар аялда­ма­ларының абаттандырылуы ұсақ мәселе сияқты көрінгенімен, күнделікті тіршілікте автобус көлігіне мінетін әркімнің-ақ алдынан шығатын елеулі жәйт екені сөзсіз. Осы туралы ойымды айтпақпын.
Жақында аялдамаларға автобус бағыт­тарының сызбасы ілінді. Бұл керек-ақ еді. Сол аялдамаға тоқтайтын қай автобустың қайда баратыны, қай жерден басқасына ауысып мінуге болатыны анық көрініп тұр. Бірақ жақсы ойластырылған осынау оңды іс жеріне жеткізіле орындалмаған екен-ау деген ой келеді. Осы ілінген қалың қағаз сызбалар шұқып ұстаған адам қолының, не жел, жауын-шашынның әсерінен тез тозып, жыртылып қалуы мүмкін. Сол үшін сызбаларды әйнектелген қасекілерге салып іліп қойса, өміршең болар еді.
Аялдамаларға қатысты тағы айтарымыз, Аста­наның шақы­райған күнінен, жиі болып тұ­ра­тын желінен, жауын-шашынынан қорғайтын ықтасын бастырмалардың сүреңсіз күйі. Жел гулеген, жауын-шашын сорғалаған шұрқ-тесік бастырмалар толып жатыр. Бастырмасы шағын, орындықтары шолақ, сынғандары да аз емес. Адамдар симай, ауа райының қолайсыз күндерінде әбіржіп тұрғандары. Ықтырма орнатылмаған аялдамалар да кездеседі. Мысалы, Абылайхан даңғылында «Жібек жолы» сауда үйінің, Ғабит Мүсірепов көшесінде «Айтолқын» сауда үйінің алдындағы аялдамаларда тоқтайтын автобус та, мінетін жолаушылар да көп, бірақ ол жерлердің аялдама екендігін автобустардың тоқтап өтетіндігінен ғана білесіз, ештеңе жасалмаған.
Осы мәселеге жауапты мекемелер осы кемшіліктерді ертерек түзесе, нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрай ҚАЛЫШБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button