Sport

Азиадаға аттанды

Қазақстан ұлттық құрамасын ­Индонезияда өтетін XVIII жазғы Азия ойындарына шығарып салу салтанатты рәсімі өтті.

Салтанатты рәсімге Азиада алдындағы соңғы жаттығу жиындарын Алматыда өткізген спорттық гимнастика, садақ ату, нысана көздеу, стенд ату, еркін күрес, спорттық құзға өрмелеу, су добы және волейбол командалары қатысты.
– Құрама командалардың Азиа­даға тыңғылықты дайындалуы үшін барлық мүмкіндік жасады. Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаев спортшыларды кешенді-ғылыми топтармен, техникалық мамандармен қамтамасыз етіп, олимпиадалық спорт түрлері бо­йынша оқу-жаттығу жиындарын толықтай өткізуді өз бақылауына алды. Біз бұл еңбек ақталып, өз жемісін береді деп үміттенеміз. Қазақстан атлеттері құрлықтық додада дәстүрлі түрде үздіктер қатарынан көрінеді. Сондықтан спортшыларымыз биылғы ойындарда да жанкүйер қуанышын еселей түседі деп сенемін, – деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Елдос Рамазанов.
Азия ойындарына Қазақстан құрамасын бастап баратын спорт дирекциясының жетекшісі Елсияр Қанағатов құрлық додасының алдында спортшыларға сәттілік тіледі.
Жазғы Азия ойындары 18 тамыз күні басталады. Байрақты бәсекеде ел намысын 440 спортшы қорғайды. Оның ішіндегі 404 спортшы 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды. Қазақстан туын боксшы Әбілхан Аманқұл көтеріп шығады.
Ұлттық құраманың сапында Астана қаласынан 53 спортшы 20 спорт түрінен бақ сынайды. Оның ішінде 8 қатысушы 4 спорт түрінен Паразиялық ойындарда сайысқа түседі.
Жакартадағы Азия ойындарында жалпы есебі 462 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Оның 363-і олимпиадалық спорт түрлерінің үздіктеріне үлестіріледі.
Биыл Азия ойындарының бағдарламасынан нысана көздеу және стенд атудан командалық жарыс пен бокстан ерлер арасында ауыр салмақ дәрежелері (81 келі, 91 келі, +91 келі) алынып тасталды.
Құрлық додасы Жакарта және Палембанг қалаларында өтеді. Атлетикалық ауылдар екі қалада да орналасқан.
Жакартада өтетін жарыстар мыналар: жеңіл атлетика, бокс, дзюдо, күрес түрлері, велоспорт (трек, шоссе, маутинбайк), су добы, қазіргі бессайыс, таэквондо, семсерлесу, карате, регби, суда жүзу, гандбол, синхронды жүзу, садақ ату, көркем гимнастика, желкенді спорт, көгалдағы хоккей, ескек есу (слалом), спорттық гимнастика, волейбол, гольф, баскетбол, баскетбол 3х3, батутта секіру.
Ал Палембангта академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, нысана көздеу, стенд ату, триатлон, жағажай волейболы, спорттық құзға өрмелеу және теннис сияқты спорт түрлерінен жеңімпаздар анықталады.
Жакартада ресми түрде Қазақстан байрағын көтеру рәсімі 16 тамыз күні өтеді. Палембангтағы атлетикалық ауылға бірінші болып академиялық есушілер командасы аттанды. 12 тамыз күні гандбол, су добы және баскетболдан әйелдер командасы, сондай-ақ грек-рим күресінің балуандары жетті. Индонезияға барлық спортшылар алдын ала бекітілген кесте бойынша сапарға шығады.
Қазақстан құрамасының бар­лық спортшылары кешенді-ғылыми топ мамандарымен жабдықталған. Аталған топ мүшелері Қазақстан ҰОК бастамасымен олимпиадалық спорт түріндегі командалармен жұмыс істей бастады. Жакарта мен Палембангта дәрігерлер штабы, психологтар мен кезекші массажшылар тәулік бойы қызмет етеді.
Азия ойындары 2 қыркүйекке дейін жалғасады.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button