Басты ақпаратРуханият

Бахшықұл Тоғаев: «Домбыра – жанымның ажырамас бір бөлшегі»

Наурыз мерекесі қарсаңында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Халықаралық жыршы-термешілер фестивалі өтеді. Астанада болатын бұл ауқымды мәдени шараға арнайы шақырылған туыстас түркі елдері өкілдерінің қатарында Өзбекстан Республикасының халық бахшысы Бахшықұл Кәрімұлы Тоғаев та бар. Таяуда ғана көршілес республиканың Сұрхандария уәлаятының орталығы – Термез қаласына сапар шегіп, осында тұрып жатқан танымал өнер майталманымен сұхбаттасуымыздың сәті түскен еді. Қазақ және қарақалпақ жырауларының, қырғыз жомоқшыларының (манасшыларының), башқұрт сәсәндерінің, түрік озандарының, әзербайжан ашыктарының, лақай сақыларының, ноғай кедайларының, саха олонхосуттарының, алтай кайчыларының, хакас хайджиларының, тыва тоолучуларының бір-бірімен тамырлас екендігін айта отырып, осы тұрғыдан өзбек бахшылығының бүгінгі  жай-жапсары хақында бірсыпыра пікір алмастық.

– Бахшықұл ұстаз, сіздің есіміңіздің өзі өнеріңізден хабар беріп тұрғандай екен…

– Оныңыз рас. Бахшы­лық – Тәңірдің сыйы. Ол әркімнің пешенесіне жазыла бермейді. Анамның құрсағында жатқанымда әкем түс көріп, ақ сәлделі бір бабасы: «Ұлды боласың, оның бойына бахшылық қонады, қолына домбыра ұстайды» деп аян берген. Содан атымды осылай қоймасқа амалы қалмапты. Шынында да, алты жасымнан бастап қошық (өлең) айтуға ынтызарым ауып,  он бір-он екі жасымда топ алдында домбыра шалуға жарадым. Шын мәнінде бахшылықты ұстаздың батасын алмай меңгеру – екіталай нәрсе. Оның қасында айлап емес, жылдап жүріп, сан алуан сынақтан өтуге тура келеді. Менің бағымды ашқан тәлімгерім – Шоберді бахшы Болтаев. Оның шеберлігіне неміс түркологы Карл Райхл, француз зерттеушісі Жан Дюринг таңдай қағып, кітап жазған, фильм түсірген. Президенттің Жарлығымен «Өзбекстан Республикасының халық бахшысы» атағын бірінші болып иемденген де – сол кісі. Ұстазымның жолын қуып, өзімнің де сондай мәртебеге жеткеніме шексіз бақыттымын. Ал Шоберді бахшының ұстазы Құшбақ башы Мардонақұлұлы қазір сексеннің үстіне шығып, бәрімізге төреші болып отыр. Оны жұрт «ұстаздардың ұстазы» дейді.

– Хош, жоғарыда айт­қаныңыздай, сіздердің Байсынды қазақтар өздері қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қиял мекен – Жиделі Байсынмен сабақтастырып жатады. Түріміз де, тіліміз де ұқсас. Қолыңыздағы аспаптың аты да сол –  домбыра…

– Әлбетте, біздің арғы тарихымыздың түйісетін тұстары көп. Қоңырат ұрұғы (руы) қазақта да, қарақалпақта да, өзбекте де бар. Бахшылардың басым көпшілігі солардан шыққан. «Арпа ішінде бір бидай секілді» болып, мен қатаған ұрұғынанмын. Байсын – кіндік қаным тамған жер. Соның таңғажайып сұлу табиғаты мен қаймағы бұзылмаған дәстүрінің аясында тәрбиелендім. Бала күнімде түнге қарай майшамның жарығымен кітапты көп оқитынмын, бірақ орта мектеппен шектелдім. Менің жоғары білімім жоқ. Жастайымнан шопанның таяғы мен бахшының домбырасын қатар ұстаған адаммын. Біздің домбыраның көзге ұрып тұратын айырмасы – шанағында үш тесік бар, мойнында пернесі жоқ. Содан шығар, «бахшылықта нота болмайды» деген сөздер әрі қалжың, әрі қағида ретінде құлаққа шалынып жатады. Қобызға да перне тағылмайды ғой. Мұның әлдебір сыры мен себебі болса керек. Сосын қой бағып жүрген уақытымда домбыраға сол түліктің ішегін тағатынмын, бірақ ол ұзақ шабысқа шыдамай үзіліп қала беретін…

– Репертуарыңызда қандай туындылар бар? Оларды тарату жолдары қандай? Қай дастаншылық мектептің өкілі саналасыз?

– «Алпамыс», «Көр­оғлы», «Айбарша», тағы да басқа дастандарды жатқа айтамын. Термелерді орындаймын. Өз тарапымнан толғаулар мен күйлер шығарамын. Халықтың асыл қазынасына айналған фольклорлық мұралардың сюжеттік желісін өзгертуге хақымыз жоқ. Ал оның әрбірінің көркемдік сипатын жетілдіріп, өнерпаздық қабілет таныту әр бахшының өз ықтиярында деп ойлаймын. Тыңдарманың жақсы болса, илһамың (шабыт) оянып, қиюы келіскен тасқын сөз өздігінен көмейіңнен төгіле береді. Шығарманың сөзін өзгертпей орындайтындарды «жарлап айтушылар» дейді. Бахшылардың дастан айтқан кезде пайдаланатын нағмалары (әуендері, мақамдары) да әрқилы. Бізде бахшысыз той-томалақ өтпейді. Мұның тәрбиелік мәні зор. Мерекелік жиындардың төрінен де жиі көрінеміз. Ел ішінде, сондай-ақ халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын музыкалық-поэтикалық фестивальдарға қатысамыз. Біздің орындауымыздағы дастандар мен термелер қазір ютуб арналарына да жайғастырылған.

Бахшылық өнер ұстаздан шәкіртке, тіпті көп жағдайда атадан балаға мирас боп келеді. Мен – негізін Шерна бахшы қалап берген, Сұрхандария мен Қашқадария аймағындағы Шерабад дастаншылық мектебінің өкілімін. Оның таралған жерлері негізінен Сұрхандария уәлаятының Шерабад, Байсын, Қызырық, Құмқорған, Денау, Шурчы, Қашқадария уәлаятының  Шахрисәбз, Китоб, Қамаши, Чирокчы, Ғузор, Дехқонобод түмендерін (аудандарын) қамтиды. Өзбекстанда мұнан басқа, Бұлыңғыр (Самарқанд), Қорған (Бұхара) және Хорезм дастаншылық мектептері бар деп есептеледі. Олардың әрқайсысы өз ерекшеліктерімен мәлім.

– Өзбекстандағы бах­шылық өнердің даму жағ­дайына баға бере кетсеңіз…

– Өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдары солақай саясаттың салқынынан бахшылық өнер ошақтары сөне жаздаған. Мысалы, «Алпамыс» дастаны теперішке ұшыраған кезеңдер болды. Бахшылардың санын саусақпен санарлықтай хәлге жеттік. Бірақ халықтың жүрек түкпірінде жатқан нәрсе оңайлықпен жойылып кетпейді екен. Тәуелсіздік тұсында бахшылық қайта жанданды. Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиеев осы ұлттық өнеріміздің әрі қарай дамуына тікелей бастамашылық жасап, 2019 жылы Термез қаласында әлемнің 74 елінен 160-тан астам өнерпаз қатысқан Халықаралық бірінші бахшылар фестивалі өтті. Онда қазақстандық Ұлжан Байбосынова топ жарып, Бас жүлдені жеңіп алды. Мұндай шара әр екі жыл сайын өтіп тұратын боп шешілді. Екіншісі 2021 жылы Нөкісте өтсе, үшіншісі биыл сәуірдің аяғында Сырдария уәлаятының орталығы – Гүлс­тан қаласында болады деп жоспарланып отыр. Қамқорлықтың нақты бір көрінісі сол, қаламызда бахшылық өнерге мамандандырылған республикалық мектеп-интернат ашылды. Жатақхана салынып, іске қосылды. Президенттің өзі арнайы келіп, жағдайымызбен танысты. Мен осы білім ордасында ұстазбын. Қазір еліміздің әр түкпірінен талап қылып, шығармашылық іріктеуден өткен отызға жуық ұл-қызды бахшылық өнерге баулып жатырмыз. Сондай-ақ тағы да осы Термезде Республикалық бахшылық өнер орталығы құрылды. Бұл Сұрхандария өңірінің бахшыларына көрсетілген құрмет әрі оларға жүктелген жауапкершілік деп түсінеміз.

– Жыл басы – Наурызды Қазақстан астанасында қарсы алғалы отырсыз. Қазақ ағайындарыңызға бір ауыз лебізіңізді жеткізсеңіз.

– Термез – Өзбекстанның оңтүстік шаһары, ең ыстық нүктесі. Ерте көктем болғанына қарамастан, жейдешең жүрген жайымыз бар. Астаналықтарға бахшылар өлкесінің шуақты көңілін, жылы сезімін сахна төрінен домбырамның әуезі арқылы жеткізсем деймін. Жыл тек жақсылықтарға толы болып, әр әулетке бақ пен береке әкелсін. Екі ел арасында шығармашылық барыс-келіс көбейсін.

Әңгімелескен

Амантай ШӘРІП, ­арнайы «Астана ақшамы» үшін – Термезден

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button