Басты ақпаратМәселе

Балалар Наурызға неге қызықпайды?

Ұлыстың ұлы күнін жаңаша тойлау, балалар қызығатындай етіп өткізу туралы әр түрлі ой-пікір айтып, жазып жүргенімізге бірнеше жылдың жүзі болды. Бір өкініштісі, осындай ой-пікірлер, ұтымды ұсыныстар баспасөз бетінде, айтылған жерде қалып қояды. Мәдениет және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, я болмаса Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы мәселеге жауапты болып, арнайы бағдарлама жасап, іске асырса құба-құп болар еді. Бірақ… биыл да Ұлыстың ұлы күні сол «әйтеуір өткізу керек» деген немқұрайды ниетпен, ескі сарынмен өтетінге ұқсайды. Осы жерде Наурызды балалар асыға күтетін ұлттық мейрамға айналдыруымыз үшін не істеу керек деген сауалға өзімнің ой-тұжырымымды, ұсынысымды айтайын.

Байғазы беру бауырмалдықты арттырады

Наурыз – ұлттық әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді дәріптейтін төл мейрамымыз. Демек, ұлттық сана-сезіміміздің көк­жиегін кеңейтеміз десек, ұлттық әдет-ғұрпымызды жаңғыртуға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Наурыз күні қуанышқа кенеліп, масайраған ел-жұрт аппақ көйлегі мен жаңа киімін киіп, далаға шығады. Үй-үйді аралайды. Міне, осы жерде назар аударатын бір нәрсе бар. Ол – әр баланың көңілін көтеру, қуаныш сыйлау. Ол үшін не істеу керек? Әлбетте, сый-сияпат, тарту-таралғы беруге болады. Яғни жаңа киім киіп шыққан әр балаға байғазы беруді әдетке айналдырсақ, несі бар? Бұл жерде үлкендер де балаларға байғазы берсін, я болмаса балалар өздері бір-біріне көрімдік берсін. Ол әр баланың бір-біріне деген бауырмалдығын, қадірін арттырады. Татулық пен бірлікке үндейді. Бір рет сыйлық алған бала келер жолы бұл мейрамды тағатсыздана күтеді.

Жаңа жылды балалар неге асыға күтеді? Себебі жаңа жылдық шыршаға киініп барып, Аяз атадан сыйлық алады. Баланы өзіне қарату үшін сыйлық берген Аяз ата санасында ізгіліктің символы болып қалып қояды. Жаңа жылдың балаларға жақын, мейірімді мереке болып кеткені осыдан. Демек, Ұлыстың ұлы күнін тойлағанда ең алдымен балаларды қуантудың жолын ойластыруымыз қажет. Мысалы, әрбір балабақшада, мектепте ең әдемі мерекелік костюмдердің байқауын өткізіп, барлық жаңа киім киіп шыққан балаларға тарту-таралғы жасайық. Жалпы, Ұлыс күні таза, жаңа киім киіп шыққан балалардың бәріне әке-шешесі, туған-туысы байғазы берсін.

Баланың тілін тәттімен табайық

Расында да, әр баланың қа­лауын, тілін табамыз десек, мерекеде тәттілерді аямайық. 14 наурыздағы Көрісу күнінен бастап 22 наурыздағы Ұлыс күніне дейін балаларға жаппай тәттілер, мерекелік сыйлықтар үлестірейік. Бұл жұмысты жер-жердегі білім беру басқармалары, жоғары оқу орындары бір жүйеге келтіріп, бақылап, іске асыруы керек.

Тәттілерді, дәмді тағамдарды, жеңіл сусындарды жақсы көрмейтін бала кемде-кем. Қағазына ұлттық ойындар, салт-дәстүрлеріміз бейнеленген кәмпиттер, 0,5 бөтелкеге құйылған қымыз, шұбат шығарып, 9 күн бойы мейрам өтетін жерлердің бәрінде балаларға таратып берейік. Ол үшін ұлттық кәмпиттерді, өнімдерді шығаратын кәсіпкерлерге Үкіметтен алдын ала қаражат бөлінсін. Мысалы, Қызылордада шығатын Қазалының кәмпиттері қандай керемет! Осындай кәмпиттерді Түркістан да, Шымкент те, Қарағанды да шығара алады. Тек өндірісін дұрыс жолға қойсақ. Ұлтын сүйетін кәсіпкерлер, қазақтың байлары мұндайда қарап қалмайды деп ойлаймын.

Ұлыс күнінде ұлттық нақыш­пен, бояумен жасалған ашық хаттардың да әсері ерекше болады. Әр балабақшада, мектепте балаларға ашық хат жазғызып, үйдегі үлкендерге сыйлау дәстүрін жандандырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Әр балаға ашық хаттың мәтінін қаламмен жаздырған жөн. Бүгінгідей бала атаулы смартфонға телмірген цифрлы заманда әр баланың жазу, ойлау қабілетін шыңдауға бұл таптырмас тәсіл. Киберманияға қарсы тұрудың бірден-бір жолы – осы. Мені кез келген ата-ана қолдайды деп сенемін.

Ұлттық сыйлық тарту етейік

Наурыз тойының кішкентай балалардың жүрегінен орын алмауының бір себебі – жасандылық көп. Қазір балабақшаларда, мектептерде Наурыз күні келін түсіру, қыз ұзату, тұсаукесер салтынан шағын көрініс қояды. Меніңше, мұндай жасанды көріністен гөрі асық атудан, күрестен, арқан тартудан, бағанаға өрмелеуден, аударыспақтан, жаяу жарыстан, викторина сұрақтарынан сайыс өткізсе, шынайы болады.

Жұмбақ айтысын, жыр-термелер жарысын өткізсін. 100 метр, 300 метр, 500 метр, 1 шақырым қашықтыққа жаяу жарыс өткізсе, балалардың бәрі қатысады. Озғандарға спорт киімдері, ұлттық нақышы бар нағыз қажетті сыйлықтар берілгені дұрыс. Бағанаға өрмелеу – өте қызық ойын. Биіктігі 10 метр бөрененің басына бір қымбат бұйым ілінеді. Кімде-кім өрмелеп басына шықса, сол бұйымды сыйлыққа алады.

14-22 наурыз аралығында еліміздегі барлық мектеп асық ойнаудан, күрестен, жаяу жарыстан, тай жарыстан қалалық, облыстық чемпионат ұйымдастырып, өткізсе қандай керемет болар еді! Жарыстардың жүлде қоры да қомақты болуы керек. Жарыс жеңімпаздарын әр балаға қажетті сыйлықтармен марапаттайық. Сыйлық болған жерде бала да жүреді. Орта және жоғары буын сыныптарда оқитын балалар бір-біріне ұлттық сыйлықтар тарту етсін. Ұл балалар қыздарға шашбау, айна, тарақ, ұлттық әшекейлер сыйласа, қыз балалар ұлдарға қамшы, асық тарту етсін. Бір ғана асық атумен балаларды қатты қызықтыруға болады.

«Қызыр түні» қызықтырады

Балалардың ғажайыпқа құмар, таңғаларлық нәрселерге қызығатынын бәріміз білеміз. Ұлыс тойында осыған «Қызыр түнін» пайдалануға болады. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыздың түнінде даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып кейіпкер. Жақсылықтың жаршысы – Қызыр ата даланы аралап жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, ерітіп жібереді екен. Міне, балаларды осы «Қызыр түнін» қарсы алуға қызықтырайық. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен балалармен бірге үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңын сүртіп, тазалайық. «Жыл бойы ақ мол болсын, береке-тоқшылық болсын» деп балалар үйдегі ыдыс атаулыны аққа (сүт, айран, шұбат, уыз және т. б.) толтырып шықсын. Бұл «халық серуені» деген жасандылықтан гөрі әр отбасында Ұлыс күнін ұлықтаудың бір жолы деп білемін. Осындай нәрселер ұлттық мейрамның бұқаралық сипат алуына жол ашады.

Ұлттық өнердің тойына айналсын

Наурыздың бар сән-салтанаты балдырғандар болсын десек, еліміздегі балалар қатысатын білім беру, ғылым, өнер, спорт және т. б. алуан түрлі сайыстың ақтық жарысын Ұлыстың ұлы күнінде өткізу керек. «Наурыз аруы», «Наурыз сұлтаны», «Наурыз палуаны», «Жыл оқушысы», «Жылдың үздік әнші баласы», «Жыл авторы» деген ұлттық байқаулардың жеңімпаздарын Ұлыс күнінде марапаттау жаңарған мейрамның қадір-қасиетін арттыра түседі. Мысалы, елімізде балалар әдебиетіндегі жылдың ең үздік жазушысы деген байқау өткізіп, жеңімпаздарын Наурызда марапаттаса қандай керемет!

Әр үйден Наурыздың иісі аңқып тұрсын

Балалар Наурызға қызықсын десек, бұрынғы Наурызға қайтып оралуымыз керек. 80-жылдардың аяғында ауыл, аудандарда дүркіреп өтетін Наурыз тойында ешқандай жасандылық, даңғазалық, көз­бояушылық болмайтын. Барлық балалар ұлттық мейрамды асыға күтетін-ді. Неге? Өйткені сол мейрамның берер тағылымы керемет еді. Ауылдың ақ дастарқанындағы ұлттық тағамдар, қауқылдасқан қариялардың үй-үйді аралауы, айтқан әңгімелері, ауылдың шетінде өтетін ұлттық ойындар кішкентай балалардың делебесін қоздырып, санасына сіңді. Әр үйден Наурыздың иісі аңқып тұрушы еді. Ұлыс тойын халық жұмылып, бірге тойлайтын. Ұлттық мәдениеттің, өнердің, спорттың тойы ретінде елдің есінде қалатын-ды. Бізге керегі де осы.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button