Басты ақпарат

Балалардың демалысы қолжетімді ме?

2022 жыл Мемлекет басшысының пәрменімен Балалар жылы болып жария­ланды. Демек, балалар үшін жасалатын жақсылықтың еселене түсетіні сөзсіз. Айт­қандайын, өскелең ұрпақты қуанышқа бөлеген көптеген игі шаралар да өтіп жатыр. Мектеп оқушылары болса, бүгінгі таңда  жазғы демалыста жүр. Ал қысқа мерзімге оқудан қол үзген елордалық балалар қандай қызыққа кенеліп жүр? Төрт тоқсан бойы біліммен сусындаған балалар оқу аяқтала салысымен демалуға асығады. Біреуі қалаға, екіншісі ауылға жол тартады. Енді біреулері үш ай бойы көгілдір экранға немесе смартфонға телмірсе, кейбірі даланың шаңын шығаруға әлек. Балалар жылында баланың демалысы қызықты өтуге тиіс. Бірақ көңілді демалысты кей ата-аналардың қалтасы көтере бермейді.

[smartslider3 slider=3502]

Жаз десе бала демалып қана қоймай, денесін шынықтырып, мектепте алған білімін арттыру керектігін ұмытпаған жөн. Келесі оқу жылына тың күш жинап, бір серігіп қалатын әрі балалардың өздері асыға күтетін кезең де – жаз мезгілі. Демек, үш айлық демалысты көңілді әрі қолжетімді етіп өткізу – ­ата-анаға да, балаға да қуаныш. Ал оқушылардың негізгі баратын жерлері – жазғы лагерь, ойын-сауық орталықтары, бассейн, кинотеатр, мұражай мен қала маңындағы демалыс орындарын ескерсек, әрқайсысының қызығы да, құны да бөлек екенін көреміз.

Демалыс қалай ұйымдастырылған?

Балалардың демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру – Білім басқармасының негізгі міндеті. Осы тұста бұрынғы Білім және ғылым министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын бірыңғай бағытта ұйымдастыру мақсатында «Қазақстан балалары – жазды қуанышқа толтырайық!» тұжырымдамасын әзірледі. Аталмыш тұжырымдаманың аясында балалардың сауықтыру демалысы мен бос уақытын тиімді өткізіп, жұмыспен қамтылуы негізінде «Мың жаса!» ерікті балалар қозғалысының жұмысын үйлестіру көзделген.

Ресми мәліметке сүйенсек, биыл елімізде 236 қала сыртындағы, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы, 930-дан астам ша­тырлы лагерде балалар демалады. 1,5 миллионға жуық балаға жазғы мектеп ұйымдас­тырылған. Жазғы мектеп жанындағы 4677 лагерь балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етеді. Жазғы демалыста балаларды сауықтыру лагерінде 2,3 млн қазақстандық оқушы демалады. Жалпы республика бойынша биыл 2 млн 564 мыңдай бала 86966 құрылыс отрядына, орман және көгалдандыру жұмысына, аула клубына, дебаттық қосымша білім орталығына тартылады. Ал елордалық оқушылар үшін биыл 2 профильді (әл-Фараби және М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында), 2 қала сыртындағы (Ақмола облысындағы Ақкөл ауданында орналасқан «Арман» және «Боровичок») және 2 шатырлы («Батыр» және «Тұлпар») лагерь жұмыс істейді. Бұл 176 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр. Сондай-ақ 2022 жылдан бастап сауықтыру орталықтары туралы ақпарат қолжетімді болуы үшін bala-demalys.kz сайты іске қосылды.

Лагерге барлығы бара бермейді

Жаңа ортамен танысып, табиғат аясында, таза ауада ойын ойнап, көңіл көтеруде жазғы лагерь бар. Иә, демалыстың бұл түрі әркімге де қызық-ақ. Бірақ оған барлығы бірдей бара бермейтінін ескерген жөн. Жазғы демалыс лагеріне, атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасы балалары, атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, жетім балалар, төтенше жағдай нәтижесінде шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балалар мен мектепішілік есепте тұрған балалар ғана бара алады. Ал жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын балалар үшін лагерге бару қиын-ақ. Мәселен, Щучинск-Бурабай ұлттық паркіндегі орман алқабында орналасқан Discovery Borovoe лагері 6 мен 12 жас аралығындағы балалардың үш күндік демалысы үшін 62900 теңге сұраса, «Звездный континент» жазғы лагеріндегі екі апталық демалысқа 95000 теңге төлеуіңіз қажет болады.

Киноны тегін тамашалау мүмкіндігі

Ендігі бір демалыс орны – кинотеатр. Отандық туындыларды айтпағанда, балалардың көпшілігі баратын шетелдің комедияларын көруге адам басына 700 ден 1400-ге дейінгі бағада ақша шығару керек. Оған қарағанда, елордалық оқушылар үшін ерекше бір мүмкіндік туып отыр.

Жаз мезгілі басталысымен, Роза Бағланова атындағы «Қазақ­концерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Жазғы кино» жобасын жүзеге асырып келеді. Балалар жылы аясындағы жоба барлық балаларға «Қазақстан» орталық концерт залында жаз бойы өтетін кинокөрсетілімдерді тегін тамашалауға мүмкіндік береді. Аталмыш жобаның негізгі мақсаты – балаларға өнердің үздік туындыларын қолжетімді ету, олардың бойына мәдени құндылықтарды сіңіру, адамгершілік һәм рухани тұрғыда дамуына оң ықпалын тигізу. Соның ішінде әсіресе көпбалалы, әлеу­меттік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан, ерекше көмекке мұқтаж балалар мен жасөспірімдер, жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне барынша өнер мерекесін сыйлауды мұрат тұтып отыр. Маусым айының басынан бері 4000-нан астам бала отандық үздік мультфильмдер («Күлтегін», «Мұзбалақ», «Ер Төстік және айдаһар», «Кенже қыз») мен көркем фильмдерді («Паралимпиец», «Ұлы дала таңы», «Нартай», «Каникулы офф­лайн») көріп үлгерді.

Осы тұста «Нартай» кинофильміндегі музыкалық шығармалардың композиторы Родион Тен балаларға арналған жоба жайлы пікірімен бөлісті. «Жазғы кино жобасының ерекшелігі неде? Біріншіден, аталмыш жоба аясында ұлттық кинотуындыларды көпшілікке насихаттау идеясы жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ киноны тамашалауға келген балалар көп. Ал бұл, өз кезегінде, болашақ ұрпақ. Менің ойымша, отандық туындылар жас өркенді патриоттық сезімге тәрбиелейді» дейді ол.

«Паралимпиец» фильмінің актері Жалғас Жанғазиннің де пікірінше, отандық фильмдерді көпшілікке, әсіресе балалар арасында насихаттау аса маңызды. «Кез келген өнер туындысы – ол тәрбие құралы. Балалар қазақ фильмдерін көру арқылы рухани әлемін байытады, ой-танымын кеңейтеді. Сондықтан елімізде осындай жобаның қолға алынғаны қуантады».

Жәдігерлер мекені балаларға не ұсынады?

Оқушыларға эстетикалық тәрбие беруші бірден-бір мәдениет ошағы – мұражай. Үлкендерді айтпағанда, балалар аяқ баса бермейтін рухани-мәдени орынды қайта жаңғырту мәселесі алда тұр. Осы орайда балалар үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Балалар жылы аясында ұйымдастырылған «Музейдегі жазғы демалыс» жобасы өз жұмысын бастады. Жоба аясында балалардың білімін кеңейту, тынықтыру және қызықтыру мақсатында «Қазақ халқының ұлы тұлғалары», «Лагерь аруы» дефилесі, «Ұлттық, спорттық, танымдық ойындар», «Музыкалық мейманжай», «Әнім сенсің, туған жер!» атты түрлі тақырыпта сабақтар өткізіліп келеді. Яғни оқушылар интерактивті, танымдық экскурсия, ойын түріндегі іс-шара арқылы өткенге саяхат жасап, халқымыздың тарихи-мәдени мұрасымен танысады. Мұражайға, жазғы мектеп оқушыларынан бөлек, арнайы өтінім бойынша тегін кіруге болады.

«Happylon» ойын алаңының қызығы

Кез келген баланың тілегі – қызықты ойын ойнау. Бұрынғының баласы асық атып, тығылмақ, санамақ ойнаса, қазіргі балалар ­аттракциондарға отыруға асығады. Елордалық балалардың басым бөлігі «Mega Silk Way» ­ойын-сауық орталығында уақыт өткізеді. Себебі мұнда бірнеше ойын алаңы бар. Солардың ішіндегі ең ірісі – «Happylon» ойын алаңы. Жабық ғимаратта орналасқандықтан, бұл жер ата-анаға да тиімді, бала да мәз. Бірақ қымбатшылық жайлаған заманда келушілердің қарасы сирек. Оған дәлел ретінде бірнеше аттракциондардың бағасын айтуға болады. Мысалы, өзіңді альпинист ретінде сезініп, құзға шығудың құны 1000 теңгені, ойыншық атқа отырып, әткеншек тебу 900 теңгені және көлік жүргізудің бағасы 1000 теңгені құрайды. Онымен қоса, бір аттракцион­ның қызығы небәрі 3-3,5 минутқа созылады екен. Иә, бес-алты аттракционға балаңызды отырғызғаннан кейін қалтаңыздың қалай жұқарып қалғанына таңғалмаңыз.

Қала тұрғыны Күнайым ­Қадырғалиеваның пікірінше, ойын алаңының бағасы бұрынғыдан қымбаттай түскен. «Біз отбасымызбен мұнда сирек келеміз. Себебі қымбаттау. Мен алты аттракционның бағасын төледім. Бірақ ол балам үшін аз, яғни ұнайтын аттракциондардың барлығына жете бермейді».

Ал Рима Сапарова есімді қала тұрғыны мұнда жиі келетінін айтады. «Демалыста немерелермен келіп тұрамын. Өзімізге ұнайды. Түрлі ойындар бар. Барлығы да қызық. Бағасы да қолжетімді деп ойлаймын» дейді қала тұрғыны.

Шомылу орындары қауіпсіз бе?

Шілденің шіліңгір ыстығында тұрғындар өзен-көлді жағалайтыны белгілі. Шомылу маусымында елордалықтар қаладағы көпшілікке белгілі «Астана» саябағындағы жағажайда демалады. Кіру құны да арзан. 16 жасқа дейінгі балалар үшін – 200 теңге. Дегенмен Есіл суының ластығы тұрғындарды қашыратыны жасырын емес. Сонымен қатар қалада Sky Beach Club, Ailand және «Оазис» жағажай клубы сияқты жекеменшік иеліктегі демалыс орындары, бассейн, жағажай жетіп артылады. Мысалы, Ailand аквапаркі – жабық ғимаратта орналасқан бірден-бір океанариум. Үлкенге де, кішіге де ұнайтын бұл жерге келушілердің қатары қалың. 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға кіру құны – 3000 теңге. Ал 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге кіру тегін. Келушілерге шезлонг, матрас, сүлгі және үрлемелі дөңгелек тегін ұсынылады. Одан бөлек, балалар үшін «Алатау», «Астана» секілді спорт кешенінде орналасқан бассейндер белгілі. Мәселен, «Алатау» кешенінде балаларға арналған екі бассейн бар. Оның біріншісі кішкентай бүлдіршіндерге арналған, тереңдігі – 50 см. Ал үлкен балаларға арналған екінші бассейннің тереңдігі – 1,2 метр. Кіру құны балалар үшін 1000 теңге болса, «Астанадағы» баға 500 теңгені құрайды.

Сондай-ақ қала іргесіндегі «Чистые пруды», «Алтын қыр­ғауыл» («Золотой фазан»), «Бейбарыс», «Балқарағай» сияқты және басқа да шипажайға, демалыс орнына баратындардың қатары аз емес. Әлбетте, бұл орындардың барлығында да жанға жайлы жағдай жасалған. Бірақ оның бәрі ақылы болғандықтан, оны біреудің қалтасы көтерер, ал айлығы шайлығына жетпей жүрген ортанқол отбасының оған шамасы келе бермейді. Сондықтан олар шомылуға арналған тегін жерді қарастырады.

Бала – болашақ ұрпақ. Сондықтан олардың дұрыс демалуына, сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасау – басты міндетіміз.

Индира БЕРЖАНОВА,

Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық ­университетінің студент

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button