Мәдениет

Бас жүлде алған жыр

Қозғалды қауым жазира даланы тастап,
Жазира дала жасыды жамалы асқақ.
Шырылдап көкте титтей құс қанаты талып,
Қаралы жұртты барады Тәшкенге бастап.

 

Сол құсты басқа ел көрді ме, көрмеді білем
Ұғымға сыймас өмірдің өрнегін өрген.
Абылай қалды келені қайырып жалғыз,
Түсіне еніп тағдырдың кермегі кілең.

 

Шанақта боздап қозғайды көне күй нені,
Жүргенде кеше есікте, елемей елі.
Құлдық пен жаудан құтқарып бауырына басып,
Ұшпаққа осы жеткізген Төле би еді.

 

Судан да сұйық би сөзі назы жоқ болса,
Кіреді шырай айдынға қазы кеп қонса.
«Төле би өлген күн емес, бүгінгі күнің,
Әділет өлген күн» депті Қазыбек сонда.

 

Аспанға оқып жырымды жалғанға наза,
Қобыздай сарнап жүрекке толғанда аза.
Қарлығаш бастап барыпты Тәшкенге елді,
Төле би бабам дем бітіп болғанда қаза.

 

Сол құсты басқа ел көрді ме, көрмеді білем,
Ұғымға сыймас өмірдің өрнегін өрген.
Айналып кетті Төле би қарлығаш құсқа,
Төрелігімен алашты тербеген терең.

 

Жаныңды сенің жаралы сеземін, елім,
Заманның мынау тарылған кезеңін көрдің.
Басына еркін бара алмай бабамның бүгін,
Өртеніп ішім, өксиді өзегім менің.

 

Сөзімді менің неғылсын тобасы төмен,
Тарихын жазған түркілер обасыменен.
Өлсе де біздің бабалар болашақ үшін
Белгілеп кеткен мекенін моласыменен.

 

Ақын ек асау о бастан теңеуі өктем,
Ақиқат жылап тұр әне кенеуі кеткен.
Қарлығаш құстан сұрасаң айтады бәрін…
Қазақтың жері, дариға-ай, кең еді неткен!

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button